A+ A A-

talgatzhan 9 Бүгін, 18:50 0

«Шабуылды голға айналдыру мәселеге айналды» – Вахид Масудов

Бүгін / Спорт / Өскемен

Бір сағат бұрын «Алтай-Өскемен» мен елордалық «Астана» арасында ҚПЛ-дың 12-туры аясындағы матч аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Командалар бір-бір ұпайдан еншіледі
Өскемендегі Восток стадионында айтарлықтай тартысты ойын өтті. Кіру ақылы болса да, келген жанкүйер легі мол. Көгілдір экран ары жағынан тамашалап жүрген Марин Томасов, Бауыржан Исламхан сынды танымал ойыншылар Өскемендегі алаңда доп тепті. Екеуара кездесу – 1:1 есебімен аяқталып, тиісінше, бір-бір ұпайдан еншіледі. Ойыннан кейінгі баспасөз конференциясында елордалық ұжымның бас бапкері Григорий Бабаян БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, мачты қорытындылады.

– Шиеленісті ойын болды. Кездесу басында қорғаушымыз Карло Бартолец жарақат алып, аяғын сылтып басып жүрді. Тағы да қақтығыс кезінде жарақат алғандар бар. «Алтай-Өскемен» жақсы командалық ойын көрсетті, кей жерде мінез танытып, допты тартып алу үшін батыл қимылдады. Үнемі көрсетіп жүрген футболымызды қайталап беру қиынға түсті. Алдағы үзіліске дейінгі соңғы ойынымызды өткіздік. Бірақ ойын жүйесіне өзгеріс енізу қажет, – деді Бабаян.

«Команданы күшейтсе жақсы еді» 

Сәлден соң өскемендік клуб жаттықтырушысы Вахид Масудов сұхбат берді. Айтуынша, тәжірибелі командамен болған ойында қойылған тактика орындалды.

– «Астана» үнемі ашылып, әр тарапты ойын көрсетеді. Олардың осал тұсын іздеп, жақсы дайындық жүргіздік. Қолайлы сәтте гол сала алмай қалғанымыз болмаса, көп нәрсе қолымыздан келді. Бірақ шабуылды голға айналдыру мәселеге айналды. Әр ойында осыдан нәтиже шығаруға тырысып жатырмыз. Жанкүйерлерге көп рахмет. Қолдауы сезіліп тұрды. Алда үзіліс бар. Команданы әлі де күшейтсе жақсы еді. Бірақ бұл жағы қиындау, – деді бапкер.

Айта кетейік, енді өскемендік команда өз алаңында маусымның 20-сы күні «Жетісуді» қабылдайды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосурет: автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив