A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 15:40 0

ONAY картасының қиындығы әлі сезіледі: Жол жүру карталарына қатысты өскемендіктер сұрағына жауап

Бүгін / Өскемен / Пайдалы

ONAY! жүйесі төңірегіндегі сауал әлі бітпепті. Қоғамдық көлікке кірген сайын басқа қалада рәсімделген ONAY! картасын пайдалануға бола ма, неліктен 18 жасқа толғаннан кейін мектеп картасы істен шығады, карта жоғалса, қайда жүгіну керек, 70 және 80 жастан асқан зейнеткерлерге қандай жеңілдіктер қарастырылған деген сауалдар әлі толастаған жоқ. Осы және өзге де сұрақтарға жауапты төмендегі материалдан таба аласыздар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Зейнеткерлерге, оқушыларға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған жеңілдетілген жолақы мәселесі әлі жиі көтеріледі. Ал ресми жауап «Алматы көлік холдингі» ЖШС ШҚО бойынша филиалы мамандары тарапынан ұсынылды.

 

– Жасым 84-те, менің жасымдағы азаматтар үшін трамвайда жол жүру тегін. Алайда жуырда мынадай мәселеге тап болдым. Көлік картасын валидаторға тигізген кезде теңгерімнен 50 теңге алынды. Ал картаны тигізбесем, бақылаушылар наразылық білдіреді. Яғни, мен ескі көлік картамды валидаторға міндетті түрде тигізуім керек пе? Одан төлем алына ма, әлде бұл бір реттік қателік пе? Мұндай жағдай қайталанбас үшін картаны жаңасына ауыстыруға бола ма?

– 2025 жылғы 26 тамыздағы Өскемен қаласы әкімдігінің №2647 бірлескен қаулысы мен Өскемен қалалық мәслихатының №37/10-VIII шешіміне сәйкес 80 жастан асқандарға трамвайда тегін жол жүру жеңілдігі белгіленді. Аталған нормативтік-құқықтық акт қабылданғанша бұл санаттағы тұрғындар қоғамдық көлікте тариф құнының 55%-ы мөлшерінде жеңілдікпен жүрді (50 теңге).

Өзгерістерге байланысты 80 жастан асқан тұрғындар трамвайда тегін жүру үшін қолданыстағы «ЗЕЙНЕТКЕР» көлік картасын жаңа «80 ЖАСТАН АСҚАН ЗЕЙНЕТКЕР» картасына ауыстыруы қажет болды. Бұл ақпарат әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет жарияланған.

Осы жеңілдік карталарын валидаторға тигізген кезде жолақы алынбайды.

– 80 жасқа толған зейнеткерлерге трамвайдағы жолақы алынбауы үшін қолданыстағы картаны міндетті түрде жаңа жеңілдік картасына ауыстыру қажет пе?

– Егер зейнеткер трамваймен жүретін болса, «80 ЖАСТАН АСҚАН ЗЕЙНЕТКЕР» картасын алуы қажет. Сол арқылы қоғамдық көлікте жол жүру тегін болады. Ал егер трамваймен жүрмесе, картаны ауыстыру міндетті емес.

 

– Зейнеткерлерге арналған жеңілдік шарттары қандай? 80 жастан асқан адамдар тек трамвайда ғана тегін жүре ме? Ал 70 жастан асқандарға қандай жеңілдік бар?

– Қоғамдық көлікте жолақы төлеу бойынша мынадай жеңілдіктер қарастырылған:

70 жастан асқан азаматтарға Өскемендегі қоғамдық көліктің барлық түрінде (таксиден басқа) тариф құнының 55%-ы мөлшерінде жеңілдік беріледі. Яғни, 70 жастан асқан зейнеткерлер автобус, шағын автобус және трамвайда 50 теңгеге жүре алады;

80 жастан асқандарға трамвайда тегін жол жүру қарастырылған, ал автобус пен шағын автобуста тарифтің 55%-ы мөлшерінде жеңілдік сақталады.

– Өскеменде жеңілдік көлік карталарын қай жерде ауыстыруға болады? Зейнеткерлер өзімен қандай құжаттар алып келуі керек?

– Халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында ONAY! жеңілдік дербестендірілген карталарын алу бойынша қалада екі кеңсе жұмыс істейді:
Шәкәрім даңғылы, 171;

Жібек жолы көшесі, 3.

Зейнеткерлерге карта рәсімдеу үшін қажет құжаттар:

жеке куәлік;

ҚР зейнеткер куәлігі;

3×4 фото (электронды форматта да болады);

Өскемен қаласында тіркеуде болуы қажет.

 

– Егер жасөспірім жеңілдік көлік картасын пайдаланса, 18 жасқа толғаннан кейін карта белсенділігін тоқтата ма?

– 7-18 жас аралығындағы балалар тегін жол жүреді. Ал 18 жасқа толғаннан кейін жол жүру жеңілдігі тоқтатылып, карта бұғатталады.

 

– Егер оқушы көлік картасын жоғалтып алса, қайда және қандай құжаттармен жүгінуі керек?

– Бала картасын жоғалтып алса, оның заңды өкілі ONAY! қызмет көрсету орталықтарының біріне жүгініп, мына құжаттарды ұсынуы қажет:

заңды өкіл мен баланың жеке басын куәландыратын құжат;

3×4 фото (электронды форматта да болады).

 

– Ал егер мен қарапайым ONAY! картасын жоғалтып алсам, не істеуім керек? Онда шамамен 5000 теңге болған еді.

– Мұндай жағдайда жаңа карта сатып алу қажет. Қаражаттың сақталуы үшін жоғалған картаны бұғаттау керек. Мұны ONAY! мобильді қосымшасы арқылы немесе call-орталыққа +7 777 397 01 91 нөмірі бойынша хабарласу арқылы жасауға болады.

Егер жоғалған карта ONAY! мобильді қосымшасында тіркелсе, жаңа картаны алғаннан кейін қосымша арқылы ауыстыруға болады. Бұл жағдайда жоғалған картадағы барлық қаражат 24 сағат ішінде жаңа картаға автоматты түрде аударылады.

Жаңа картаны мына мекенжайлардан сатып алуға болады:

Шәкәрім даңғылы, 171, ONAY! қызмет көрсету орталығы;

Жібек жолы көшесі, 3, ONAY! қызмет көрсету орталығы;

Назарбаев даңғылы, 83/1;

Мызы көшесіндегі теміржол вокзалы;

Қабанбай батыр көшесі, 142, «Әлем» сауда үйі, 2-қабат;

Максим Горький көшесі, 71, «ЦУМ» сауда орталығы, 1-қабат;

Қазақстан көшесі, 62, «ADK River» сауда үйі, 1-қабат;

Әуезов даңғылы, 11/1, «Эмилия» сауда үйі.

 

– Мүгедектігі бар адамдарға жеңілдік қарастырылған ба? Егер болса, толығырақ айтып өтсеңіз.дер. Сондай-ақ үшінші топ мүгедегіне жеңілдік бар ма?

– «Алматы көлік холдингі» ЖШС ШҚО бойынша филиалы мамандарының айтуынша, бүгінде Өскемендегі қоғамдық көліктерде (автобус, шағын автобус, трамвай) тегін жол жүру құқығына төмендегі азаматтар ие:

бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

көру қабілеті бойынша екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар.
Азаматтарға жеңілдік тек дербестендірілген ONAY! карталары арқылы ұсынылады. Оны рәсімдеуге қажетті құжаттар:

жеке куәлік;

ҚР мүгедектік туралы анықтамасы;

3×4 фото (электронды форматта да болады);

Өскеменде тіркеуде болуы қажет (көру қабілеті бойынша екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін).

Ал үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға қоғамдық көлікте жол жүру бойынша жеңілдіктер қарастырылмаған.

 

– ONAY! көлік карталары бойынша басқа да сұрақтар туындаса, қайда хабарласуға болады?

– call-орталық: +7 777 397 01 91;

email: info.ukg@onay.kz;

сайт: oskemen.onay.kz;

Instagram: onay_oskem.en

 

– Басқа қалада сатып алынған ONAY! картасымен жолақыны төлеуге бола ма?

– Иә, болады. oskemen.onay.kz сайтында көрсетілгендей, Өскеменде жолақы төлемі қолданыстағы тарифтер бойынша жүзеге асырылады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив