
Сайт арқылы да сауап жинауға болады: ШҚО Бас имамы Құрбан айтқа қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді
Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін ең ұлық мерекелердің бірі. Бұл күн құрбандық шалып, дастархан жаюмен ғана шектелмейді. Оның астарында терең рухани мән, қайырымдылық пен бауырмалдыққа үндейтін үлкен тағылым жатыр. Шығыс Қазақстанда да бұл мерекені ұлттық дәстүрмен сабақтастырып, кең көлемде атап өту үшін дайындық жүргізілді. Мерекеге орай Құрбан айттың мәні мен маңызы жайлы облыстың Бас имамы Думан Сайфулламен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Діни мерекенің діңгегі қағылған сәт
Оның айтуынша, «құрбандық» сөзі «жақындау», «құрбы болу» ұғымымен байланысты. Яғни, адам Алла ризашылығы үшін өзінің ең жақсы, күйлі малын шалып, оны мұқтаж жандарға тарату арқылы ізгілік жасап, рухани тұрғыдан Жаратушыға жақындай түседі. Сондықтан Құрбан айттың басты мәні – ниет тазалығы мен қайырымдылықта.
– Тарихына үңілсек, құрбандық шалу дәстүрі Ибраһим пайғамбар заманынан бастау алады. Оның терең рухани мәні қасиетті Құран аяттарында баяндалған. Онда Ибраһим пайғамбар мен ұлы Исмайыл арасындағы оқиға суреттеледі. Ибраһим пайғамбар түсінде ұлын құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Мұны Алладан келген аян деп қабылдап, бұйрықты орындауға бел буады. Алайда дәл сол сәтте Алла Тағала бұл жағдайдың сынақ екенін білдіріп, көктен қошқар түсіреді. Осы оқиға мұсылман қауымы үшін құрбандық шалудың негізіне айналған. Құрбандық шалудың мәні тек діни ғибадатпен шектелмейді. Оның астарында қайырымдылық пен жанашырлық жатыр. Себебі кейбір адамның ет сатып алуға мүмкіндігі болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда құрбандық еті мұқтаж жандарға таратылып, қоғамдағы мейірімділік пен өзара қамқорлықты арттырады. Сондықтан құрбандық шалу адамдар арасындағы бауырмалдықты күшейтіп, ізгілікке үндейтін маңызды амал болып саналады, – деді бас имам.
Дін өкілдерінің айтуынша, қазір кей адамдар мерекенің сыртқы рәсіміне ғана көбірек назар аударып жатады. Алайда Құрбан айттың шынайы мағынасы – адамдарды мейірімділікке, жанашырлыққа, өзара сыйластыққа тәрбиелеу. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға құрбандық етін тарату мерекенің басты сауапты амалдарының бірі ретінде белгілі. Шығыс Қазақстан өңірінде Құрбан айттың өзіндік ерекшелігі де бар екен.
– Күн шығыстан ерте шығатындықтан, айт намазы да еліміздің өзге аймақтарына қарағанда ертерек оқылады. Өскемен қаласында айт намазы таңғы сағат 6:00-де өтеді. Сонымен қатар мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық ойындар, қазақ күресі, айтыс, терме және жыр кештері өткізіледі. Арнайы киіз үйлер тігіліп, халықтық мереке ретінде кең көлемде аталып өтеді, – деді Думан Нәдірұлы.
Құрбандыққа қандай мал шалған дұрыс?
Биыл да облыс бойынша құрбандық шалуға арналған арнайы орындар белгіленбек. Бұл жұмыстар жергілікті билік пен мешіт қызметкерлерінің бірлесуімен жүзеге асады. Өскеменде жыл сайын «Атығай асуында» құрбандық шалу ұйымдастырылады. Бас имамның сөзінше, онда санитарлық талаптарды қадағалайтын санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаменті мамандары мен полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Ал арнайы имамдар құрбандықтың шариғат талаптарына сай орындалуын бақыламақ.
– Құрбандыққа шалынатын малға да нақты талаптар қойылады. Қой кемінде бір жасқа толуы керек, алты айдан асқан, семіз әрі ірі қозыны да шалуға рұқсат етіледі. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы қажет. Сонымен қатар мал ауру емес, дені сау болуы шарт. Бұл талаптар қасиетті Құрандағы «жақсы көретін дүниені Алла жолында беру» қағидасымен үндеседі. Ал құрбандық шалуға жағдайы келмейтін адамдар үшін сауапты амалдар жеткілікті. Олар туыстарын аралап, мұқтаж жандарға көмектесіп, қайырымдылық жасап, айт мерекесінің қуанышын бөлісе алады. Исламда адамның шамасына қарай міндет жүктелетіні айтылып, құрбандық тек нисап мөлшеріне жеткен жандарға ғана уәжіп етілген. Нисап мөлшері дегеніміз бай-бақуатты адамдар, – деді Думан Сайфулла.
Соңғы жылдары онлайн құрбандық шалу тәжірибесі де кең тарала бастады. Бұл жүйе пандемия кезінде пайда болып, қазір де жалғасып келеді. Арнайы сайт арқылы шетелде немесе басқа қалада жүрген азаматтар өз атынан құрбандық шалуға тапсырыс бере алады. Мамандар малды сатып алып, құрбандық рәсімін орындап, иесіне бейнеесеп жолдайды.
– Құрбан айт кезінде қайырымдылық шаралары да ерекше назарда болады. Мешіттер мұқтаж отбасылар тізімін жасап, құрбандық етін арнайы сол отбасыларға таратады. Кей азаматтар өз еркімен етін таратуға өтініш білдіріп, сауапты іске үлес қосады, – деді бас имам.
Думан Нәдірұлының айтуынша, қазіргі жастардың дінге қызығушылығы артып келеді. Әлеуметтік желі арқылы ақпарат алып, діни сауатын жетілдіруге тырысатын жастар көп. Дегенмен мамандар жалған ақпаратқа ермеу үшін тек ресми діни басқармалар мен мешіттердің парақшаларынан мәлімет алуға кеңес береді.
Исламда ысырапқа жол бермеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінетінін білеміз. Ал Құрбан айтта бұл қағида қалай сақталатыны туралы бас имам айтып берді.
– Құрбан айтта малдың пайдаға асатын барлық жерін пайдалану керек. Құрбандық шалып оның басын лақтыра салуға, терісін, жүнін тастай салуға болмайды. Оны арнайы қабылдайтын адамдар бар. Бізде соған қатысты жиналыс өткізіп, арнайы мамандарға айтып, нені қалай істеу керектігі жөнінде тапсырмалар берілді. Өйткені, расымен дінде Алла Тағала ысырап еткендерді жақсы көрмейтіні айтылған. Мұсылман адам бірнәрсе істегенде оны кемеліне жеткізіп орындауы тиіс. Жай ғана құрбандық шала салмай, оның бөліктерінің ысырап болуына жол бермеу керек, – деді Думан Сайфулла.
Қарыз алып, құрбандық шалуға бола ма?
Құрбан айт мұсылман қауымы үшін үлкен рухани мереке екенін айттық. Бұл күні жағдайы жеткен адам Алла разылығы үшін құрбандық шалып, мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Алайда көпшілікті толғандыратын сұрақтардың бірі – қарыз алып, құрбандық шалуға бола ма деген мәселе.
– Дінімізде жағдайы жоқ адамға құрбандық шалу міндеттелмейді. Яғни қаржылай мүмкіндігі жетпейтін кісі бұл үшін күнәға батпайды. Ал егер адамның ақшасы қолма-қол болмаса, бірақ банкте немесе басқа жерде болып, оны кейін қайтара алатынына сенімді болса, қарыз алып құрбандық шалуға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда ең бастысы – алынған қарызды уақытында қайтару міндеті сақталады, – деді Думан Сайфулла.
Бас имамның айтуынша, Құрбан айт қарсаңында халықтан ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі де осы тақырыпқа қатысты. Сонымен қатар адамдар құрбандықты қалай шалу, етін қалай тарату керектігі жөнінде де көп сұрайды.
– Жыл сайын қайталанатын тағы бір сұрақ – «Құрбан айтта ауыз бекітеміз бе?» деген мәселе. Көпшілік бұл жерде оразамен шатастырып жатады. Негізінде Құрбан айт күні арнайы ауыз бекіту шарт емес. Дегенмен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айт намазына дейін ештеңе жемей барып, кейін құрбандыққа шалынған мал етімен ауыз ашқан. Бұл сүннет амалдардың бірі. Алайда оны ораза ұстаумен шатастыруға болмайды, – деді Думан Нәдірұлы.
Сұхбатымыздың соңында Думан Нәдірұлынан шығысқазақстандықтарға деген тілегің сұрадық.
– Мұсылман халқы болғандықтан, бұл ең ұлық мереке. Құрбан айт баршамызға құтты болсын! Береке-бірлігіміздің артуына, қайырымдылық, сауапты істер жасауға Алла себепші болсын. Құрбандық шаламын, мұқтаж жандарға таратамын деген жандардың ниетін қабыл етсін. Алла Тағала халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық беріп, айттан айтқа, мерекеден мерекеге амандықта, жақсылықта жете берейік, – деді ол.
Құрбан айт – адамдарды жақындастыратын, мейірім мен бауырмалдықты арттыратын ерекше мереке. Бұл күндері адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, ізгі амал жасауға ұмтылады. Сондықтан Құрбан айттың негізгі мәні – құрбандық шалуда ғана емес, адам жүрегіндегі мейірім мен жанашырлықта.
Айта кету керек, облыста құрбандық шалуға арналған 13 орын бекітілді.
Өскемен – Атығай асуы (Алматы–Өскемен тасжолы);
Риддер – Д.Қонаев атындағы Риддер қалалық мешіті;
Алтай ауданы – «Тенар» қожалығы;
Глубокое ауданы – «Тастанбеков Ж.Т.» ЖК;
Зайсан ауданы – «Шығыс-А» мал сою пункті;
Күршім ауданы – «Мойнақ» шаруа қожалығы;
Тарбағатай ауданы – Ақжар ауылы;
Ұлан ауданы – Атығай асуы;
Үлкен Нарын ауданы – Горный көшесі, 8/1;
Шемонаиха ауданы – Вокзальная көшесі, 236;
Катонқарағай ауданы – Катонқарағай ауылы, Абай көшесі, 82;
Марқакөл ауданы – Қалжыр ауылы;
Самар ауданы – Аққала ауылы, «Самар-Вет» мал сою алаңы.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер