Қазақстанда 2026-2027 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімі, сондай-ақ оқушылардың каникул кестесі мен қорытынды аттестаттау күндері бекітілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Жаңа оқу жылы еліміздегі барлық орта білім беру ұйымында меншік нысанына қарамастан 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Оқу тоқсандарының ұзақтығы мынадай:
* I тоқсан – 8 оқу аптасы;
* II тоқсан – 8 оқу аптасы;
* III тоқсан – 10 оқу аптасы;
* IV тоқсан – 8 оқу аптасы.
Оқушылар қашан демалады?
2026-2027 оқу жылындағы каникул мерзімі де белгіленді.
Күзгі каникул – 2026 жылғы 26 қазан мен 1 қараша аралығы. Оқушылар 7 күн демалады.
Қысқы каникул – 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін. Демалыс ұзақтығы – 14 күн.
Көктемгі каникул – 2027 жылғы 22–28 наурыз аралығы, барлығы 7 күн.
Ал бірінші сынып оқушыларына қосымша демалыс қарастырылған. Олар 2027 жылғы 8-14 ақпан аралығында бір апта демалады.
Бітіруші сыныптардың емтиханы қашан өтеді?
9 (10)-сынып оқушыларының қорытынды аттестаттауы 2027 жылғы 31 мамырдан 11 маусымға дейін өтеді.
Емтихан күндері:
* 31 мамыр – математика (алгебра);
* 3 маусым – таңдау пәні;
* 7 маусым – оқыту тілі;
* 11 маусым – қазақ тілі мен әдебиеті немесе орыс тілі мен әдебиеті.
Ал 11 (12)-сынып түлектерінің мемлекеттік емтихандары 2027 жылғы 1-17 маусым аралығына жоспарланған.
Осылайша, келесі оқу жылында оқушылар төрт тоқсан білім алып, күзде – 7 күн, қыста – 14 күн, көктемде – 7 күн демалады. Бірінші сынып оқушыларына бұдан бөлек ақпан айында қосымша бір апталық каникул беріледі.
Пікірлер