Елімізде тұмауға қарсы екпе салу жоспары 93,9 пайызға орындалған. Вакцинация 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Комитет төрағасының айтуынша, биыл «Гриппол плюс» вакцинасының 2,2 миллионнан астам дозасы сатып алынған. Бүгінге дейін 2 065 649 адам екпе алған.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың кемінде 10 пайызына екпе салуды ұсынады. Қазақстанда халықтың 11 пайыздан астамын қамтуға жететін көлемде вакцина сатып алынады, – деді С. Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Комитет төрағасы қауіп тобына жататын, әлі екпе алмаған азаматтарды тіркелген емханасына баруға шақырды.
– Вакцинация 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Сондықтан әлі екпе алмаған азаматтарды, әсіресе қауіп тобына жататын адамдарды учаскелік дәрігерге жүгініп, екпе алуға шақырамын, – деді Сархат Бейсенова.
Брифингте вакцина сатып алуға бөлінген қаражаттың нақты көлемі айтылмады. Комитет төрағасының түсіндіруінше, вакцина сатып алумен «СК-Фармация» және өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары айналысады.
Пікірлер