Қазақстандық ғалымдар тірек-қимыл аппараты аурулары мен жарақаттарын хирургиялық жолмен емдеуге арналған жаңа медициналық импланттарды әзірлеуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жоба аясында жасалған жаңа құрылғылар
Аталған жоба Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы мен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің мамандары бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Бұл бастама дәрігерлер тәжірибесін заманауи инженерлік шешімдермен, компьютерлік модельдеу, материалтану және 3D-басып шығару технологияларымен ұштастырады.
– Жоба шеңберінде қазірдің өзінде бірнеше жаңа медициналық құрылғы жасалды. Олардың қатарында омыртқа ауруларын емдеуге арналған трабекулярлы омыртқааралық кейдж, жамбас сүйегінің күрделі сынықтары бар. Одан бөлек, ауыр дисплазиялық коксартроз кезінде қолданылатын арнайы пластиналар, сондай-ақ бұғана сүйегінің сынуын емдеуге және тобық үсті остеотомиясын жасауға арналған бекіткіштерді айта кетуге болады, – делінген Денсаулық министрлігі бөліскен мәліметте.
Ғалымдар мән берген бағыт
Импланттардың сүйекке берік бекітіліп, сүйек тінінің тез қалпына келуіне мүмкіндік беретін биомеханикалық қасиеттеріне ерекше назар аударылатын көрінеді.
– Жоба зерттеудің барлық кезеңін қамтиды. Яғни құрылғыларды жобалау мен алғашқы үлгілерін жасаудан бастап, сынақтан өткізуге, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулерге дейінгі жұмыстар жүргізіледі. Орталықтың эксперименттік бөлімінде материалдардың қауіпсіздігі мен бактерияға қарсы қасиеттері де тексеріледі, – делінген ақпаратта.
Отандық импланттарды әзірлеу елде жоғары технологиялық медициналық өндірісті дамытуға бағытталған. Сонымен қатар орталықта заманауи цифрлық технологиялар да кеңінен енгізіліп жатыр.
Пікірлер