Бүгін облыс орталығындағы “Monotel” қонақүй кешенінде “TUMAR” бизнес-қоғамдастығының қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға білім алып, болашақта мамандық бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасау. Қайырымдылық жобасы аясында үш балаға бір жыл бойы тегін білім беру мүмкіндігі ұсынылды. Олар тоғызқұмалақ, ағылшын тілі және медицина бағыттары бойынша оқи алады.
Ұйымдастырушылардың ақпаратынша, оқыту аяқталған соң балаларға алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға да қолдау көрсетіледі. Кәсіпкер Мақпал Түсіпованың сөзінше, бұл бастама ерекше балалардың аналарының өтініші мен қажеттілігінен туындады. Аналар балалардың білім алып қана қоймай, болашақта өз бетінше еңбек етіп, қоғамнан өз орнын тапқанын қалайды.
– Біз тек коммерциялық жобалармен шектелмей, шығармашылық және қайырымдылық іс-шараларын да ұйымдастырамыз. Мұндай бастамаларды жылына кемінде бір рет өткізуге тырысамыз. Ерекше балалардың аналарымен сөйлескенде олардың балаларына ең алдымен білім қажет екенін түсіндім. Олар балаларының білім алып, кейін жұмысқа орналасқанын қалайды. Жазда аналармен осы мәселені талқылаған кезде бастапқыда бұл бастаманы жүзеге асыру қиын көрінген еді. Алайда кәсіпкерлер қолдау білдіріп, жобаны іске асыруға атсалысты. Үш баланы бір жыл бойы оқытып, кейін жұмысқа орналасуына көмектесеміз. Олардың бірі тоғызқұмалақ, екіншісі ағылшын тілі, үшіншісі медицина бағыты бойынша білім алады. Медицина мамандығын меңгеретін баланы жұмысқа орналастыру мәселесін реабилитациялық орталықпен алдын ала келісіп қойдық. Біз балаларға ешқандай міндет жүктемейміз, тек мүмкіндік ұсынамыз. Ал оны қалай пайдаланатынын өздері шешеді. Қазір «Ақниет» интернатымен келісімге келіп, сол жерден үш баланы іріктеп алдық. Бұл – балалар үшін де, біз үшін де жаңа тәжірибе, – деді Мақпал Түсіпова.
Жобаға атсалысқан кәсіпкерлердің бірі – ағылшын тілі мектебінің негізін қалаушы Дина Әшімжанова. Ол үш баланың біріне ағылшын тілін үйретіп, болашақта осы бағытта кәсіби маман болып қалыптасуына көмектесуді жоспарлап отыр.
– Қайырымдылық – өте жақсы бастама. Мен бұл ұсынысты бірден қолдап, жобаға қатысуға келістім. Айналамызға жақсылық жасау арқылы өзіміз де жақсылыққа кенелеміз. Менің ағылшын тілі мектебім бар. Үш баланың бірін осы бағытта оқытып, дайындап, білікті маман етіп шығаруға күш саламыз. Осындай балаларға қолдау көрсету – маңызды іс. Мұндай игі бастамалар көбейе берсін, – деді Дина Әшімжанова.
Оның ағылшын тілі мектебінің жұмыс істеп келе жатқанына алты жыл толды. Мұнда оқушылар онлайн және офлайн форматта білім ала алады.
Қайырымдылық кеші “TUMAR” бизнес-журналының жаңа шығарылымының тұсаукесерімен жалғасты. Журналдың атауы да ерекше мәнге ие. Кәсіпкер Мақпал Түсіпованың айтуынша, бұл атауды таңдауға әжесінің сыйлаған тұмары себеп болған.
– Бүгін өңірдегі бизнес-журналдың жаңа шығарылымын таныстырып жатырмыз. Журналға атау таңдағанда бала кезімде ата-әжемнің үйіне жиі барғаным есіме түсті. Бірде әжем маған жамандықтан, бәле-жаладан қорғайды деп тұмар сыйлаған еді. Сондықтан журналдың атауын “TUMAR” деп қоюды жөн көрдім. Бұл атау бізге қолдау көрсетіп, жобаларымызға атсалысып жүрген кәсіпкерлерге де қорған болсын, жамандық айналып өтсін деген ниеттен туған, – деді ол.
Кеш аясында кәсіпкерлер қайырымдылық бастамасын қолдап қана қоймай, өңірдегі бизнес саласының дамуына бағытталған жаңа басылымды да таныстырды.
Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз
[xfgiven_foto]
Пікірлер