447.14 499.54 5.46
A+ A A-

Қазақстан өмір сүру және бизнеске қолайлы 50 елдің қатарына енді

Қазақстан өмір сүру және бизнеске қолайлы 50 елдің қатарына енді [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Қазақстан халық пен кәсіпкерлікке арналған мүмкіндіктері бойынша әлемнің үздік 50 елінің қатарына кіріп, Best Countries 2026 халықаралық рейтингінде 44-орынға ие болды. Әсіресе әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жоғары көрсеткіштер тіркелген. Ал жалпы рейтингте Қазақстан 53-сатыға орналасты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап. 

Рейтингті америкалық U.S. News & World Report басылымы Пенсильвания университетінің Уортон бизнес мектебімен бірлесіп әзірлеген. Зерттеу нәтижелері 2026 жылғы 14 мамырда жарияланды. Зерттеу аясында 100 мемлекет сегіз бағыт пен 100 көрсеткіш бойынша бағаланған. 

Биыл рейтингті әзірлеушілер бағалау әдістемесін өзгертті. Бұған дейін елдердің халықаралық деңгейдегі қабылдануы туралы сауалнамаларға басымдық берілсе, биыл халықаралық ұйымдардың статистикалық деректері негізге алынған.

Қазақстан қай бағыттар бойынша жоғары нәтиже көрсетті?
Қазақстан ең жоғары көрсеткішке «Мүмкіндіктер» санаты бойынша қол жеткізді. Бұл бағыт кәсіпкерлікке қолайлы жағдайды, жұмыспен қамтуды, білім беруді, әлеуметтік қорғауды, салық жүктемесін және қаржы ресурстарына қолжетімділікті қамтиды.

Аталған санатта Қазақстан орта есеппен 53,9 балл жинап, 44-орынға орналасты.

Әсіресе әлеуметтік қорғау жүйесінің көрсеткіші жоғары бағаланған. Бұл бағыт бойынша Қазақстан 100 балдың 94,1-ін иеленді. Жеке табысқа салынатын салық көрсеткіші – 80,2 балл, ал халықтың білім деңгейі бойынша көрсеткіш 71,8 балды құрады.

Айта кету керек, бұл сандар рейтинг әдістемесі бойынша берілген бағаларды білдіреді. Мәселен, әлеуметтік қорғау бойынша 94,1 балл жинау мемлекеттік бағдарламалар халықтың дәл 94,1 пайызын қамтиды дегенді білдірмейді.

Қазақстанның білім беру саласына қатысты тағы бір көрсеткіш келтірілген. Елдегі халықтың орташа оқу ұзақтығы 12,5 жылды құрайды.

Денсаулық сақтау мен инфрақұрылым да жоғары бағаланды
Денсаулық сақтау санатында Қазақстан 64,2 балл жинап, 50-орынға ие болды.

Зерттеушілер бұл бағытты бағалау кезінде медициналық көмектің қолжетімділігін, өмір сүру ұзақтығын, дәрігерлермен қамтамасыз етілу деңгейін, вакцинацияны, медициналық инфрақұрылымның жағдайын және басқа да көрсеткіштерді ескерген.

Рейтинг деректеріне сәйкес, Қазақстанда әрбір мың тұрғынға 3,8 дәрігерден келеді. Ал күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 74,4 жыл.

Инфрақұрылым санатында еліміз 64 балл жинап, 54-сатыға орналасты.

Бұл бағытта электр энергиясының қолжетімділігі, көлік желілерінің сапасы, интернет, сумен жабдықтау, санитарлық жағдай және энергетикалық жүйенің тұрақтылығы ескеріледі.

Қазақстанның рейтингтегі профилінде халықтың 97,9 пайызы базалық санитарлық жағдайларға қол жеткізе алатыны көрсетілген. Ал кең жолақты интернеттің орташа жылдамдығы секундына 88,1 мегабитті құрайды.

Қазақстан Орталық Азияда Өзбекстаннан озып тұр
Best Countries 2026 жалпы рейтингінде Қазақстан 100 елдің ішінде 53-орынға жайғасып, 53,8 балл жинады.

Ал Өзбекстан 46,8 балмен 76-орынға орналасты. Осылайша, екі елдің арасында 23 позициялық айырмашылық бар.

Жалпы рейтингте экономикалық даму, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару, инфрақұрылым және қоғамдық әл-ауқат сияқты көптеген көрсеткіштер ескеріледі.

Биылғы рейтинг неге бұрынғы көрсеткіштерден ерекшеленеді?
Best Countries рейтингі 2016 жылдан бері жарияланып келеді. Алайда 2026 жылы оны бағалау әдістемесі айтарлықтай өзгерген.

Зерттеу барысында 30-дан астам ұйым мен дереккөздің статистикалық мәліметтері жинақталған. Олардың қатарында Дүниежүзілік банк, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдары және Халықаралық еңбек ұйымы бар.

Көрсеткіштер сегіз бағытқа бөлініп, әр санаттың маңыздылығы халықаралық сарапшылардың қатысуымен анықталған.

Жаңа әдістемеге байланысты 2026 жылғы нәтижелерді рейтингтің бұған дейінгі жылдардағы көрсеткіштерімен тікелей салыстыру дұрыс емес.

Қазақстан үшін биылғы рейтингтегі ең елеулі нәтиже – мүмкіндіктер санатындағы жоғары позиция. Бұл бағытта еліміз әлемдік тізімнің алғашқы жартысына енді. Сонымен қатар жалпы рейтинг қорытындысы бойынша Орталық Азиядағы тағы бір мемлекет – Өзбекстаннан озып тұр.

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив