452.91 509.43 5.53
A+ A A-

ШҚО-да донор болғысы келетіндер нені ескеруі қажет?

ШҚО-да донор болғысы келетіндер нені ескеруі қажет? [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Кейде адам өмірін сақтап қалу үшін үлкен ерлік жасаудың қажеті жоқ. Оған бір тамшы қанның өзі жеткілікті болуы мүмкін. Қан донорлығы – біреуге өмір сыйлауға, қиын сәтте қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ізгі іс. Донор болған адам өз қанын мұқтаж жанға беріп қана қоймай, оның сауығып кетуіне де үлес қосады. Осы бойынша тұщымды ақпарат ұсыну үшін Шығыс Қазақстан облыстық Қан орталығы директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Татьяна Войнованы әңгімеге тартқан болатынбыз. Ол донорлықтың қыр-сырын, қан тапсыру тәртібі мен маңызы туралы айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Қан донорлығы деген не?

– Қан донорлығы дегеніміз – қан тапсыруды өтеусіз жүзеге асыру. Бір рет қан тапсырғанда 450 мл қан алынады. Ер адамдар жылына алты рет, әйелдер төрт рет қан тапсыра алады. Донациялар арасындағы үзіліс – екі ай. 18 жастан асқан кез келген дені сау адам донор бола алады. Қан тапсырушының салмағы кемінде 50 келі, ал бойы 150 сантиметр болуы керек. Донордың ауыр созылмалы аурулары болмауы қажет. Сондай-ақ жұқпалы аурулар, оның ішінде қан арқылы берілетін инфекциялар (АИТВ-инфекциясы, В және С гепатиттері) болмауы тиіс. Егер адам түнгі ауысымнан кейін шаршап келсе, оған қан тапсыру ұсынылмайды. Сондай-ақ жедел вирустық инфекциялар, тұмау, ЖРВИ және кейбір дәрілік препаратты қабылдау уақытша қарсы көрсетілім ретінде саналады. Айта кету керек, жүкті және бала емізетін әйелдерге қан тапсыруға болмайды. Мүгедектігі бар адамдарға қатысты мәселе жеке шешіледі. Ал егер адамға ота жасалса, ол 12 айдан кейін ғана донор бола алады.  

 

– Қай қан тобына сұраныс жоғары?

– Белгілі бір қан тобына сұраныс жоғары немесе төмен деген көрсеткіш жоқ. Барлығы медициналық ұйымдардан келіп түсетін өтінімдерге байланысты. Қан орталығында барлық қан тобы мен компоненттерінің азайтылмайтын қоры жасақталған. Шұғыл жағдайларға арналған қор үнемі сақталады. Ауруханалардың өтінімдеріне қарай қажетті қан тобының қоры толықтырылып отырады. Біз тек қаланы емес, Шығыс Қазақстандағы барлық аурухананы қан компоненттерімен қамтамасыз етеміз. Қалалық және аудандық ауруханалардың өз қорлары бар. Олар орталықтағыдай көп болмаса да, шұғыл жағдайларға қажетті компоненттер қарастырылған. Қор жеткіліксіз болса, медициналық ұйымдар бізден қажетті компоненттерді алып, қорларын толықтырады. Теріс резус-факторлы қан топтары сирек кездеседі. Статистикаға сенсек, әлем халқының шамамен 15 пайызында ғана теріс резус-фактор бар, ал 85 пайызында оң. Сондықтан теріс резус-факторлы қан тобы бар науқас ауруханаға түскенде, біз қажетті донорларды іздеуге тырысамыз. Мұндай донорлар саны аз, оның үстіне барлығы бірдей қан тапсыра алмайды. Сол себепті оларды көбірек тартуға тура келеді.

– Донация қалай жүзеге асырылады?

– Алдымен донор орталықтың бірінші қабатындағы анықтама бюросына жүгінеді. Одан кейін тіркеу бөліміне жіберіледі. Тіркеуден бастап қан алынатын донация залына дейінгі әр кезеңде адамның жеке басын сәйкестендіру маңызды. Ол үшін жеке куәліктің түпнұсқасын немесе цифрлық құжатты көрсетуге болады. Донор сауалнама толтырғанда оның мәліметтері қан орталығының ақпараттық базасы бойынша тексеріледі. Егер қарсы көрсетілімдер анықталмаса, тіркеуші «Инфодонор» жүйесінде электрондық медициналық карта рәсімдейді. Бұл жүйе ұлттық ақпараттық жүйелермен интеграцияланған. Егер сауалнама немесе деректер базасын тексеру нәтижесінде қарсы көрсетілімдер анықталса, адам терапевтке жіберіледі. Дәрігер қан тапсыруға болмайтын себебін түсіндіреді. Қарсы көрсетілімдер тұрақты немесе уақытша болуы мүмкін. Донор туралы барлық мәлімет тіркеу кезеңінде құпия сақталады. Егер бәрі қалыпты болса, донор бастапқы тексеру зертханасына жіберіледі. Жалпы, донацияның бірнеше түрі бар: тұтас қан немесе оның компоненттерін тапсыруға болады. Қан эритроциттерден, лейкоциттерден, тромбоциттерден және плазмадан тұрады. Қан орталығында тұтас қан, тромбоциттер мен плазма қабылданады. Қан компоненттерін тапсырған кезде гемоглобин мен АЛТ-дан бөлек қосымша көрсеткіштер де тексеріледі. Тромбоцит тапсырғанда олардың деңгейі, ал плазма тапсырғанда жалпы ақуыз мөлшері анықталады. Екі жағдайда да қанның ұю уақыты тексеріледі. Егер гемоглобин деңгейі төмендесе немесе лейкоциттер саны артса, донорға емделуге кеңес беріледі. Осылайша, ол кейін қан тапсыруды жалғастыра алады. Зертханалық тексеруден соң донор терапевтке жіберіледі. Дәрігер сауалнама мен зерттеу нәтижелерін талдап, медициналық тексеру жүргізеді. Қарсы көрсетілімдер болмаса, қан тапсыруға рұқсат береді және ақпараттық жүйеде тиісті белгі жасайды. Содан кейін донор асханаға барып, міндетті түрде тәтті шай ішіп, құрамында қанты бар кондитерлік өнімдерді жеуі керек. Бұл донацияның жеңіл өтуіне көмектеседі. Одан соң донор донация бөліміне барады. Мұнда екі зал бар: біреуі тұтас қан тапсыруға, екіншісі қан компоненттерін тапсыруға арналған. Залда эксфузионист мамандар, медицина мейіргерлері мен дәрігер жұмыс істейді. Донордың көзінше қан алуға арналған гемакондар деп аталатын бір реттік пластик қаптардан тұратын жиынтық ашылады. Ақпараттық жүйеден донордың тегі мен донация коды көрсетілген жапсырмалар басып шығарылады. Қан алу алдында адамның жеке басы қайта сәйкестендіріледі. Тұтас қан тапсыру орта есеппен 10-12 минутқа созылады, ең ұзақ дегенде 15 минут. Плазма тапсыру аппаратта шамамен 40 минут уақыт алады, ал тромбоциттерді дайындау кейде бір сағат жиырма минутқа дейін созылады. Бұл адамның қанындағы тромбоциттер деңгейіне байланысты. Аппарат қанды арнайы түтікшелер арқылы алып, центрифуганың көмегімен компоненттерге бөледі. Бізге қажетті компонент алынғаннан кейін қалғандары донордың ағзасына қайта қайтарылады. Мысалы, тромбоциттер алынғанда эритроциттер мен плазма, ал плазма алынғанда қан жасушалары қайта құйылады. Яғни, тұтас қан түгел алынбайды, тек қажетті компоненттер ғана алынады. Ал тұтас қан тапсырған кезде донорды жүйеге қосып, 10 минут ішінде 450 мл қан алады. Донациядан кейін донор біраз уақыт медицина қызметкерлерінің бақылауында болады. Егер жағдайы дұрысталса, төменге түсіп, демалыс күндеріне арналған анықтамасын алады.


– Донациядан кейін қанды не істейді?

– Қазіргі медицинада тұтас қан құйылмайды, оның жеке компоненттері қолданылады. Егер тромбоциттер немесе плазма дайындалса, олар арнайы дозаларға бөлініп, науқастарға беріледі. Ал тұтас қан центрифугадан өткізіліп, эритроциттер мен плазмаға бөлінеді. Сонымен қатар тромбоциттер де дайындалуы мүмкін. Лейкоциттер мен тромбоциттер қабаты бөлініп алынып, жасушалар біріктіріледі. Нәтижесінде біріктірілген тромбоциттер алынады. Осылайша, бір донор бірден үш адамның өмірін сақтап қалуға үлес қоса алады. Бұдан кейін қан компоненттері инфекциялық-иммунологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша өңдеуден өтеді. Плазмаға қатысты карантиндеу әдісі қолданылады. Яғни донордан алынған плазма медициналық ұйымға бірден берілмей, төрт ай бойы арнайы жағдайда сақталады. Осы мерзім өткен соң донор қайта шақырылып, инфекциялық талдаулар тапсырады. Егер нәтижелері теріс болса, плазма пайдалануға жіберіледі. Бұл әдіс инфекциялардың инкубациялық кезеңін ескеруге мүмкіндік береді. Өйткені кейбір вирус пен бактериялар ағзаға енгенімен, бастапқы кезеңде зертханалық талдаулар арқылы анықталмауы мүмкін. Егер төрт айдан кейінгі тексеру нәтижесінде инфекция анықталса, плазма кәдеге жаратылады. Ал барлық көрсеткіш қалыпты болса, ол карантинделген плазма ретінде медициналық мақсатта қолданылады. Келесі кезеңде қан компоненттерінің құюға жарамдылығы тексеріледі. Егер инфекциялық көрсеткіштер қалыпты болып, қан тобының сәйкестігі расталса, компоненттер пайдалануға жарамды деп танылып, өнімдерді беру тобына жіберіледі. Ал қандай да бір сәйкессіздік немесе инфекция анықталса, қан компоненттері жарамсыз деп танылады. Мұндай өнімдер медициналық ұйымдарға берілмейді және тиісті акт бойынша есептен шығарылады. Жарамды қан компоненттері арнайы сақтау орындарына орналастырылады. Эритроциттер +4 пен +6 градус аралығындағы температурада, плазма -30 градус және одан төмен температурада сақталады. Ал тромбоциттер +22 мен +24 градус аралығында арнайы тромбомиксерлерде ұсталады. Осылайша, қанның әр компоненті өзіне қажетті температуралық режимде медициналық ұйымдардан өтінім түскенге дейін сақталады. Өтінім келіп түскенде медициналық ұйым қызметкері термоконтейнермен келіп, қажетті қан компоненттерін алады. Олар дәрігердің тағайындауына сәйкес қажетті қан тобы мен көлемі бойынша науқасқа жеткізіледі.


– Қан тапсырған донор өтемақы ала алады ма?

– Қазақстан Республикасының нормативтік құжаттарына сәйкес өтеусіз қан тапсырған кезде ағзаның энергия шығындарын өтеуге арналған ақшалай өтемақы 0,25 АЕК құрайды. Қазір бұл шамамен 1000 теңге. Бұдан бөлек, 2026 жылы «Шығыс Қазақстан облысында қан және оның компоненттерін донорлыққа тапсыру арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру» атты әлеуметтік тапсырыс жүзеге асырылуда. Ол ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы арқылы іске асырылады, облыс әкімдігінің қолдауына ие және қаржыландырылған. Әлеуметтік тапсырыс аясында қан тапсырған донорларға қосымша қайырымдылық көмек көрсетіледі. Жалпы, қан доноры 3100 теңге, ал тромбоцит доноры 5000 теңге алады. Сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес өтеусіз қан тапсырған адамға бір күн демалыс беріледі. Егер ол донация жасалған күні бірден жұмысқа кіріссе, бұл демалыс күнін кейінірек алып, еңбек демалысына қосуына немесе жұмыс берушімен келісу арқылы басқа күні пайдалануына болады. Егер донор қанды өтеусіз тапсырса, оған қосымша тағы бір демалыс күні беріледі. Осылайша, донорға екі күн беріледі: біріншісі – донация жасалған күні немесе кейінірек пайдаланылатын демалыс күні, екіншісі – қосымша демалыс күні. Екі күнді де еңбек демалысына қосуға, басқа уақытта пайдалануға немесе бірден алуға болады. Ол үшін донор жұмыс берушісіне хабарлап, қан тапсырғаны туралы анықтаманы ұсынуы керек.


– Донорлар санын арттыру үшін қандай шаралар қолға алынуда?

– Бүгінде облыста 30-50 жас аралығындағы азаматтар ерекше белсенділік танытып жатыр. Дегенмен өскелең ұрпақ арасында донорлықты кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Орталық өкілдері мектептер мен оқу орындарында дәрістер өткізіп, көшпелі донорлық акциялар ұйымдастырады. Автобус сол жерге барып, жастардан қан алады. Біз донорлар базасын үнемі толықтырып отыруымыз қажет. Жыл сайын орта есеппен 10 мыңнан астам адам қан тапсыруға өтініш беріп, 8 мыңға жуық донация жасалады. 

 

– Донор болғысы келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен, қорықпауға кеңес беремін. Қан тапсырудан шошудың қажеті жоқ. Ең бастысы – орталыққа жақсы көңіл күймен келіп, алдын ала дайындалу. Міндетті түрде жеңіл таңғы ас ішу керек, аш қарынға қан тапсыруға болмайды. Сондай-ақ донацияға дейін 48 сағат бойы алкоголь ішпеу және екі сағат бұрын темекі шекпеу қажет. Қан тапсыру арқылы кем дегенде екі адамның өмірін сақтап қалуға болады. Ал тромбоцит тапсырсаңыз, үш адамның өміріне араша түсуіңіз мүмкін. Ойлап қараңызшы, қан орталығында өткізген бір немесе бір жарым сағатыңыз біреудің өмірін сақтап қалуы ықтимал. Сіздің бір реттік көмегіңіз бір балаға тағы бір таңды қарсы алуға, анасына баласының амандығына қуануға, ал ересек адамға жақындарымен бақытты сәттерді өткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан донор болу – біреуге өмір сыйлаумен тең.


Қымбат МУХАМАДИЕВА 

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив