Жаңаауыл жұртын жабырқатқан жайт: Марқакөлдегі шағын ауыл жұрты медпункт жоқтығына шағымданды
[xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, аурудың алдын алып, тұрғындар денсаулығын қадағалайтын ақ халатты абзал жандардың қызметі халық үшін аса маңызды. Алайда елдегі кейбір елдімекенде тұрғындар әлі күнге дейін медициналық көмек алу үшін көрші ауылға қатынауға мәжбүр. Соның бірі – Марқакөл ауданына қарасты Жаңаауыл ауылы. Мұнда 142 адам тұрады. Бұрын ауылда медициналық пункт болғанымен, ол жабылып, содан бері бұл мәселе шешімін таппай келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қаржы жоқтығынан құрылыс тоқтады ма?
Жақында әлеуметтік желіде ауыл тұрғындарының медициналық пункт салу туралы өтініші айтылған бейнежазба тарады. Онда ауыл халқы медициналық нысанның жоқтығынан іргедегі Қалжыр ауылына барып ем қабылдауға мәжбүр екенін жеткізген. Үш жыл бұрын оның құрылысына арнап іргетас қаланғанымен, жұмыс сол күйі тоқтап қалған сыңайлы.
– Шекаралық аймақта орналасқан ауылмыз. Президентіміз де өз Жолдауында шекаралық аймақтардағы тұрғындарға қолдау көрсету қажеттігін айтқан еді. Өкінішке қарай, сол көмектің игілігін біз толық көрмедік. Оның бір себебі – медициналық мекеменің жоқтығы. Ауырған адамдар көрші ауылға баруға мәжбүр. Ал жағдайы келмегендер көшіп кетіп жатыр. Үш жылдан бері медициналық пункттің іргетасы ғана тұр, – дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Ауыл халқының басты тілегі – медициналық пункт құрылысын аяқталып, оны тезірек іске қосу. Әсіресе аяғы ауыратын қарт адамдарға екі ауылдың арасында қатынау оңай емес. Ал шұғыл медициналық көмек қажет болғанда әр минуттың маңызды екені айтпаса да түсінікті. Жаңаауылға ең жақын медициналық көмек көрсететін елді мекен – Қалжыр ауылы. Екі ауылдың арасы 4,3 шақырым. Көлікпен шамамен 6-10 минутта жетуге болады. Ал жаяу барған адамның жолға 45-50 минут жұмсауына тура келеді. Тұрғындардың айтуынша, медициналық пункттің жоқтығы ауылда халықтың тұрақтамауына түрткі. Қазірдің өзінде 6-7 отбасы басқа жаққа ойысқан. Осы мәселенің мән-жайын білу үшін ауыл тұрғыны Самал Алпековамен тілдестік.
– Бұрын ауылымызда медициналық пункт бар еді. Ол батпақты жерде орналасқандықтан, су басып, жарамсыз болып қалды. Содан бері он жылға жуық уақыт өтті, бірақ ауылда медициналық нысан жоқ. Ауылымызда Алма Балиқызы есімді медбике жұмыс істеді. Ол ара-тұра келіп, екпе салып, қан қысымымызды өлшеп тұратын. Алайда екі-үш жыл бұрын зейнетке шығып кетті. Содан бері екпе алу үшін де Қалжыр ауылына баруға мәжбүрміз, – деді Самал Алпекова.
Сөзінше, бірнеше жыл бұрын жаңа медициналық пункт іргетасы қаланғанда ауылдастар бөркін аспанға атып, қатты қуанған. «Енді мәселе шешілетін болды» деп ойлағанда, қуаныштары су сепкендей басылған.
– Қаржы төленбегендіктен, құрылыс тоқтап қалғанын естідік. Содан бері жұмыс жалғасқан жоқ. Халық та күте-күте шаршады. Көптеген тұрғын көшті. Жақында тағы бір апамыз бен атамыздың қоныс аударғалы жатқанын естідік. Біздің де бала-шағамыз бар. Тіпті тісіміз ауырса да, басымыз ауырса да, көрші ауылға қатынау қиын. Әкімнің алдына да осы мәселені айтып бірнеше рет бардым. Өзім «Күміс алқа» иегерімін. Бірақ әзірге нәтиже жоқ, – дейді Самал Алпекова.
Әкімдік жауабы
Тұрғынның айтуынша, ауылда қоғамдық көлік те, екі елдімекен арасында қатынайтын такси де жоқ. Темір тұлпары барлар өз көлігімен барса, көлігі жоқтар жаяу кетуге мәжбүр.
– Жаяу барып, жаяу қайтамыз. Қатты ауырып, төсек тартып қалсақ, жедел жәрдем шақырамыз. Ауылға жас маман келген. Ол мектепке келіп, қан қысымымызды өлшеп береді. Ал екпе салдыру немесе жүйе арқылы дәрі алу үшін Қалжырға баруға тура келеді. Әкімге кіргенімізде бюджетте қаражат жоқ екенін айтты. Облысқа да жүгінбек болдық, бірақ одан да нәтиже болмады. Медициналық пункт мәселесі бойынша облыстық Денсаулық сақтау басқармасына жүгіну керектігін айтты. Алайда онда да қаражат жоқ, алдағы екі жылда салынбайды деген жауап естідік. Боран ауылдық округі әкімдігіне де бірнеше рет барып, мәселені көтердік. Алғашында қарастыратынын айтты. Кейін бюджетке байланысты құрылыс салынбайтынын жеткізді, – дейді ол.
Жаңаауыл тұрғындарын толғандырған мәселе бойынша Марқакөл ауданы әкімдігіне ресми сауал жолдадық. Олардың мәліметінше, медициналық пункт ғимараты апатты жағдайда болуына байланысты жұмысы тоқтатылған. Ресми ақпаратта ауылда диспансерлік есепте 43 адамның тұрғаны көрсетілді. Оның ішінде қант диабетімен ауыратын үш адам, бронх демікпесі бар бір адам, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған 10 адам және артериялық гипертензия бойынша «Д» есепте тұрған 30 адам бар.
– Жоспарлы түрде күндізгі стационарда ем қабылдау үшін ауыл тұрғындары Қалжыр дәрігерлік амбулаториясына жүгінеді. Медициналық пункттің болмауына байланысты Жаңаауыл халқына алғашқы медициналық көмекті осы елдімекенге бекітілген медицина қызметкері, медбике Балғын Абайханова көрсетеді, – деді аудан әкімі Рүстембек Кемешев.
Әкімдіктің ресми жауабында медицина қызметкері тұрғындардың шақыртуына бес-он минут ішінде баратыны айтылған. Ал шұғыл медициналық көмек қажет болғанда науқас тиісті медициналық ұйымға жіберіледі немесе 103 нөмірі арқылы жедел жәрдем шақырылады. Сондай-ақ әкімдік Жаңаауыл тұрғындарының медициналық көмек алу мүмкіндігін қамтамасыз ету мәселесі назарда екенін мәлімдеді. Алайда медициналық ұйымдар мен медициналық пункттердің ғимараттары облыстық Денсаулық сақтау басқармасының теңгерімінде болғандықтан, нысанды қалпына келтіріп, оның әрі қарайғы жұмысын ұйымдастыру мәселелері осы басқарма құзыретіне жататынын атап өтті.
Құрылыс қайта жалғаса ма?
Аталған мәселе бойынша Денсаулық сақтау басқармасына да ресми сұраухат жолданды. Жауапты тұлғалардан Жаңаауылдағы медициналық пункт құрылысының неліктен тоқтап қалғанын және жұмысты қайта жалғастыру жоспарда бар-жоғын сұрадық.
Басқарманың ресми жауабына сүйенсек, 2022-2023 жылдары Боран ауылдық әкімдігі мен мердігер ұйым арасында офтейк-келісімшарт негізінде медициналық пункт салу жоспарланған. Алайда құрылыс барысында мердігер ұйымға ұсынылған қаржы көлемі тиімсіз деп танылып, келісімшарт бұзылған. Жалпы ауданы 50,4 шаршы метрді құрайтын медициналық пункттің бұрынғы ғимараты 2019 жылғы су тасқынынан соң облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен жабылған. Кейін Боран ауылдық әкімдігі арқылы жаңа нысан құрылысы басталып, іргетасы қаланды. Бірақ құрылыс жұмыстары аяқсыз қалған.
– Қазір медициналық пункт құрылысын 2028-2029 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр, – делінген ресми жауапта.
Белгілі болғандай, жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенде қажетті медициналық құрал-жабдықтар да қарастырылады.
– Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған соң мердігер ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізіледі. Құрылыс жұмыстарын бастау үшін ең алдымен қажетті жер телімін рәсімдеу қажет, – деді басқарма басшысы Төлеген Жігітаев.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз
Пікірлер