
Аудан жабылғанда Назарбаевқа хат жазған Сейітзада Ластаев туралы не білеміз?
«Аудан жабылған кезде әкем қатты қапаланды. Ол зейнет жасында еді. Кенеттен болған күтпеген өзгерістер жанына батып, ақыры Назарбаевқа хат жазды» деп бастады әңгімесін Әмір Ластаев. Осыдан үш ай бұрын сұрапыл соғыс жылдары Сталинге ақша аударған жерлесіміз Ластай Жамауұлы туралы мақала жазған едік. Осы жолы соның жалғасы ретінде әңгіме барысында ұшқындай тұтанған тағы бір тақырыпқа тоқталуды жөн көрдік. Бірнеше жыл бұрын қайта ашылған аудандардағы қуаныш куәсі болған едік. Енді осыдан 60 жыл бұрынғы оқиғаға қайта шегініс жасаудың сәті түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Журналистикадағы жемісті жылдар
Қазір газет оқуға құлшынысы бар қауым қатары сиреген. «Қайда жұмыс істейсің?», «Газетте, журналиспін» десең, қойылар сұрақ біреу: «Оны оқитын адам бар ма қазір?». Ары қарай жұрт бойына уыттай таралып үлгерген әлеуметтік желінің қуаты, ауыл-аймақтағы ат төбеліндей аз оқырманның адалдығын айтсаң ақталғандай боласың. Бірақ газеттің өз оқырманы бар. Біреуді міндеттеп, «оқырман тауып бер» деп әкімдікке қолқа салғанның өзінде бұрынғыдай күштеп оқыту мүмкін емес. Дегенмен қазіргі жағдайды былай ысырып, ел-жұрт хабар-ошарды хат жазу арқылы жеткізген шаққа оралсақ, мерзімді басылымның қуаты көпшілік ойлағаннан әлдеқайда күшті болды. Біз қамтығалы отырған кейіпкер де баспасөз майданында алғы шепте жүрген азамат еді. Қабырғада кіндік қаны тамып, жұмыс бабымен бірнеше ауданда аялдаған Сейітзада Ластаев журналистік жұмыспен ғана шектелген жоқ. Бұл туралы оның ұлы Әмір Ластаев кеңінен әңгімелеп берді.
Жаз ортасында жарияланған материалда ол туралы еміс-еміс жазылды. Осы жолы оның аудан үшін маңызды мәселелерді қаузаған қайраткерлігі де көрініс бергелі от
– Әкем 1930 жылдың шілдесінде Катонқарағай ауданының Қабырға ауылында өмірге келді. 1941 жылы соғыс басталғанда 4-сынып оқып жүріп еңбекке араласты. Майдандағы қиян-кескі айқас аяқталғанша, төрт жыл жұмыс істеді. Содан үзіліп қалған оқуын қайта жалғады. Төрт жылдың бағдарламасын қуып жетуді мақсат қылған. Күндіз-түні сабақ оқимын деп шашы түгелдей түсіп қалды. Зорығып кеткен болуы керек, – деді Әмір Сейітзадаұлы.
Осы туралы газеттің өткен нөмірлерінде жазған болатынбыз. Көбі соғыс жылдарындағы фрагмент. «Бәрі майдан үшін», «Бәрі жеңіс үшін» деген ұран төңірегіндегі тірлік. Елдегі еркек кіндікті – қаралы, әйелдер – үрейлі, бала жүрегі жаралы жылдар еді. Содан тұтас оқиға тосыннан қылаң бермес үшін әңгіме әлқиссасында қысқаша ой жүгіртуді жөн көрдік. Мектепті сәтті аяқтап, журналист боламын деп Алматыға аяқ басқанда сәтсіздік торына түсіп, емтиханнан жоғары балл жинаса да, дегені болмады. Ол кезде соғыстан қайтқан солдаттарға жеңілдіктер болған, сосын «Алтын медаль» иегерлеріне жол ашылды. Сағы сынып, көңіліне қаяу түскенде тағдырдың жазуымен қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түсті. Төрт жыл білім алып, аяқтаған соң оқытушылардан сонда мұғалім болып жұмыс істеуге ұсыныс та түскен екен. Дегенмен анасынан «балам, ауылға қайт» деген хабар жеткен соң «Қайдасың, туған жер?» деп көп аялдамай жолға шығып кетті.
– Бірақ ол мектепке бармай, бірден редакцияға жол тартты. Бұл 1955 жылдар. Алғашында жауапты хатшы, екі жылдан соң «Арай – Луч» газетінің редакторы болып тағайындалды. 1961 жылға дейін жұмысын алаңсыз жалғастырып, сол уақытта Катонқарағай ауданы жабылды деген жаңалық тарады. Үлкен Нарын ауданымен қосып тастады. Содан әкем Зайсан ауданындағы «Достық» газетіне барып орнықты. Бір жыл көлеміндегі жұмыс барысында бас редактордың орынбасары болып істеген. Бірақ ол кезде Зайсандағы аптап адам шыдатпайтын еді. Жазда күн ерекше ыситын. Анам да, апам да оған шыдамай 1962 жылы қайтадан бері қайтуға оқталды. Бұл уақытта Үлкен Нарын ауданында орын босап, әкем редакциядағы жұмысын жалғастырды, – деді Әмір Ластаев.
Катонда өткен күндер
Ол ғана емес, анасы Кәмиза Шағиманова да редакция қазанына түскен. Шамамен 1967 жыл болуы керек, Сейітзада Жамауұлын райком партиясына нұсқаушы ретінде жұмысқа шақырды. Арада он жыл өткенде 1971 жылы Катонқарағай аудан болып қайта ашылды. Осы кезде кейіпкерімізді кіндік кескен жеріне райком партиясыа ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі етіп жіберді. Осы бағытта 1980 жылға дейін табан аудармай еңбек етті.
– Бірақ райкомда істеп жүрсе де, газетке азды-кем мақала жазып тұратын. Мемлекеттік қызмет өз алдына, көкейде редакция жұмысына толыққанды қайта оралсам деген жоспары жоқ емес-ті. Содан зейнетке шыққанша газет әралуан бағытта мақала жазумен болды. Бірақ дөңгеленген дүние өз дегеніне басып, 1997 жылы Катонқарағай ауданы қайта жабылды. Әкем зейнет жасында болғанда Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде де қоғамдық жұмыстарға араласты. Аудан жабылған жылдары Назарбаевқа бірнеше рет хат жазды, – деді Әмір Ластаев.
Араға 36 жыл салып, талай тұрғынды тағы бір абдыратқан хабардың ешкімге қуаныш әкелмегені белгілі. «Арай-Луч» – жұрт арасында біршама беделге ие болған іргелі басылым еді. Очерктер де, портреттік мақалалар да қамтылды.
Оралхан Бөкей Фархад Ластаевты (Әмір Ластаевтың ағасы) алдына алып, түскен сурет
Сейітзада Ластаев журналистиканың жілігін шағып тұрған шақта редакцияға қаламы жүйрік біршама азамат барып еңбектенген. Ел арасында «Ақ боз үй» романының шоқтығы биік десек, оның авторы Смағұл Елубайдың кісілігі де, кішілігі де жұрт арасында үнемі айтылып жүреді. Танымал жазушы Мұзтаудың етегін жайлаған ауданда жұмыс істеген десек, көбі біле қоймас. Ол кезде 24-те еді. Бұл туралы болашақ жазушы өзінің «Катонда өткен күндер» естелігінде жазған.
– 1971 жылдың күзі. КазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, жұмысқа «Арай» газетіне келдік. Бізді газет ұжымы құшақ жая қарсы алды. Командировкаларға шыға бастадық. Университетте бізді жазуға үйретсе де, шаруашылық басшыларымен сөйлесуге үйретпеген екен. Журналистік алғаш сапарларымда интервьюлер алуға ұялып қиналдым. Бірақ ауданның қай бұрышына барсам да, қонақжай қамқор жандар кездесіп отырды. Сондай қамқор жандардың бірі – ауданның беделді азаматы Ластаев еді. Алматыдағы Оралхан ағамыз тапсырса керек, бір күні Ластаев атты азамат бейтаныс болсақ та, бізді үйіне шақырып қонақ етті, – деді ол.
Назарбаевқа хат
Бұған ғана емес, Смағұл Елубай Катон топырағында өткізген төрт ай ішінде Алтайдың таңғажайып табиғатына тәнті болып өткенін жазды. Екі үйде пәтер жалдап тұрып, жұмыстан қайтқан соң шет жаққа шығып, серуендеп қайтып жүрген. Еңбек жолын «Арай» газетінен бастап, қолдау танытқан ұжымға алғысын төкті. Ал Сейітзада Ластаев 1997 жылы Катонқарағай ауданы жабылып, көңілі қамыққанда Президентке хат дайындау үшін әралуан құжат жинаудың қамына кіріскен. Ол уақытта Виталий Метте облыс әкімі. Өзгеріс енгізу өңір басшысының құзыретінде емес екенін түйсінген ол, хатты бірден жоғарыға дайындады.
– Ауданның қайта ашылмағаны әкемнің жанына қатты батты. Бір жағынан көп уайымдағаннан ба дейміз, өмірден ерте озды. Қазір ауданда туризм дамып, түрлі бағытта өзгеріс байқалып келе жатыр ғой. Әкем соны кезінде жазып, дәлел мен дәйекті де келтірген еді. Катонқарағай ауданын Үлкен Нарынға неліктен қоспау қажеттігін көрсетті. Ол кезде АН-2 ұшағы қатынайтын. Осындай өзгеріс болған соң әуе көлігі де жолаушы тасымалдаудан қалды. Әуежай Катонның өзінде бар болатын. Ал қазір ашылайын деп жатқаны одан әлдеқайда бері аумақ, – деді Әмір Ластаев.
Тұңғыш Президентке жазылған хат мазмұны қызық еді бізге. Бірақ ол сақталды ма? Әмір Сейітзадаұлына күні бойғы қауырт тірліктен бір сәт қол босап, кешқұрым қоңырау шалғанымызда «қазір» деп келте қайырды жауапты. Арада 10-15 минут өткенде құжатты жіберді. Қолжазба түріндегісі бар екен. Хатқа зер салсақ, Сейітзада Ластаев Нұрсұлтан Әбішұлының Катонда демалатын жері бар екенін, өзі осы жаққа келгенде «Жұмақтың пұшпағы» деп баға беріп кеткенін кіріспе сөзіне кірістіре кетіпті. Нақты статистика келтіріліп, күншығыста Моңғолия, Қытай, солтүстікте Ресеймен шектесетінін, аудандағы төрт түлік саны қанша екенін де жазды. Хаттан үзінді:
– Осыдан бес жыл бұрын, 1997 жылы әкімшілік-территориялық өзгерту шараларын жүзеге асыруға байланысты Катонқарағай мен Үлкен Нарын аудандары қосылып, аудан орталығы Үлкен Нарын ауылына көшірілген болатын. Бұл біріккен екі аудан территориясының ең батыс шеті. Сөйтіп, қазіргі аудан орталығы шығыс және оңтүстік шеттегі ауылдар мен елдімекендерден 200-250 шақырымға алыстап кетті. Бұдан қатынас қиындықтары туындады. Шығыс шеттегі Аршаты, Берел, Өрел, солтүстік шалғайда жатқан Жоғарғы Катон, Ақсу ауылдарынан екінші жақ шеттегі аудан орталығына бір жапырақ құжатты жөндетіп барып, келу үшін апталап үйін әрең табатын балалы-шағалы әйелдердің, кәрі-құртаң адамдардың көз жасын көргенде жаның ашиды, – делінген.
Ол сөз соңында Катонқарағай ауданының әкімшілік аумағын қайта бөліп, бұрынғы қалпына келтіруге негіз болар жайт деп тұрғындар санын мысал етті. Құжатқа көз жүгіртсек, сол уақытта Катон жұртының саны Үлкен Нарын халқынан 1108 адамға көп, жер көлемі де 4,8 мың шаршы шақырымға артық болғанын көрсетті.
– Мен ол кезде Өскеменде тұрып жаттым. Бірақ ауылға ай сайын баруға тырысатынмын. Аудан бөлінген кезде мен еңбек демалысында жүрген болатынмын. Біздің үй дәл әкімдік алдында орналасқан. Барып қарап едім, үлкен жүк көліктері тұрды. Жақсы, өңі кетпеген жиһаз, кілемдерді тиеп жатты. Кейінірек Катонқарағай ауданы тоза бастады. Жұмыс болмаған соң жұрт көшті – деді Әмір Сейітзадаұлы.
Қан қысымы мен уайым – аудан ертеңіне бас ауыртқан азаматын әбден қыспаққа алған болуы керек. Сейітзада Ластаев 2003 жылы өмірден озды. Ғұмыры үзілер алдында жазған соңғы мақаласы – «Менің туған газетім еді» деп аталады. Мерзімді басылымның көтерген жүгін, онда қызмет еткен әріптестерін жылы естелікпен тізбелеп шыққан екен.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосуреттер: Әмір Ластаевтың жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал





Пікірлер