A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 21:30 0

Өскемен төрінде Роза Рымбаеваның ән кеші өтті

Бүгін / Өскемен / Руханият

Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның «50 жыл сахнада» атты шығармашылық концерті өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Өнер кеші 28 қазан күні ұйымдастырылып, әншінің туған күнімен тұспа-тұс келді. Биыл қазақ эстрадасының көрнекті өкілі 69 жасқа толды.
Жарты ғасырлық шығармашылық жолын қорытындылаған кешке көрермен көп жиналды. Концерт барысында әншінің елге кеңінен танымал туындылары орындалып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Роза Рымбаевамен бірге сахнаға оның ұлдары Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Өскемен қаласының құрметті азаматы Вячеслав Ткач шықты. Әншілерді ШҚО әкімінің симфониялық оркестрі бас дирижер Александр Галсановтың жетекшілігімен сүйемелдеді.
Концерттік бағдарламаға 21 музыкалық нөмір енді. Кеш барысында Роза Рымбаева мен Вячеслав Ткач симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен «Эхо любви» әнін орындады. Сондай-ақ көрерменге әншінің шығармашылығындағы танымал туындылардың бірі — «Әлия» әні ұсынылды.
Кештің ерекше сәттерінің бірі — әншінің ұлдарымен бірге өнер көрсетуі болды. Роза Рымбаева Әли Оқапов және Мәди Рымбаевпен бірге попурри орындады. Кейін ағайынды өнерпаздар дуэт болып, «Мен қазақпын» және «Айналайын» әндерін шырқады. Әли Оқапов фортепианода анасына сүйемелдеу жасап, кештің мазмұнын байыта түсті. Ал концерт «Вечная любовь» әнімен түйінделді. Бұл шығарманы Роза Рымбаева мен Вячеслав Ткач симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындады.
Өнер иесі Шығыс Қазақстанның өзіне ыстық екенін атап өтті. Айтуынша, өңірде оны қолдап, шығармашылығын бағалайтын достары мен тұрақты тыңдармандары көп. Әнші үшін бұл кездесу көрерменмен қайта қауышып, көп жылғы шығармашылық жолына шолу жасаудың ерекше мүмкіндігі болды.
– Мен үшін бұл — ерекше концерт, өзім үшін шығармашылық емтихан іспетті, — деді Роза Рымбаева.
Әншіні туған күнімен құттықтап, өнер кешіне ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысты. Өңір басшысы Роза Рымбаеваға облыс тұрғындарына тарту еткен өнері үшін алғыс айтып, гүл шоқтары мен ұлттық нақыштағы естелік сыйлық табыс етті.
Нұрымбет Сақтағанов әншінің қазақ өнерінің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, оның таланты мен табанды еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленгенін айтты. Роза Рымбаеваның шығармашылығы Қазақстанның мәдениетін халықаралық деңгейде танытып, кейінгі буын өнерпаздарына жол ашты.
Роза Рымбаева 1957 жылғы 28 қазанда сол кездегі Семей облысына қарасты Жаңғызтөбе станциясында дүниеге келген. 1976–1979 жылдары «Гүлдер» ансамблінің солисі болды, кейін «Арай» ансамблінің құрамында өнер көрсетті. 1977 жылы Болгарияда өткен «Алтын Орфей» халықаралық фестивалінде бас жүлдеге ие болды.
Бүгінде Роза Рымбаева — Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері. Оның сахнадағы жарты ғасырлық жолы — қазақ музыка өнерінің тарихымен сабақтас үлкен шығармашылық белес. Өскемендегі концерт әншінің өнеріне деген көрермен ықыласын тағы бір мәрте айқындап, әсем әнге толы әсерлі кеш ретінде есте қалды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив