Үш жыл ішінде орталықта 200-ден астам стартап жоба жүзеге асырылып, жыл басталғалы 98 ауқымды іс-шара өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Нәтижесінде, 1500-ға жуық қатысушы білімін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттырды. Жалпы, Oskemen Hub орталығы 2023 жылы облыс әкімдігі, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ және Astana Hub арасындағы меморандум аясында ашылды. Басты мақсаты – өңірде IT мамандарын даярлау, жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру және стартап жобаларды дамыту.
– Oskemen Hub базасында көптеген іс-шара өткіземіз. Біздің басты ерекшелігіміздің бірі – барлық шара жастар үшін тегін. Сонымен қатар стартап жобаларын жүзеге асыруға көмектесеміз. Ол үшін орталық трекерлері мен менторларын тартып, үш-төрт айға арналған бағдарламалар ұйымдастырамыз. Мұнда өтетін іс-шаралар республикалық деңгеймен шектелмейді. Әлемдік деңгейдегі тәжірибелі IT мамандарын шақырып, жастардың білім алмасуына мүмкіндік жасаймыз, – деді «Astana Hub» корпоративтік қоры Өскемен қаласындағы филиалының директоры Дидар Мұратұлы.
Орталықта ауқымды конференциялар мен форумдардан бөлек, хакатондар да өткізіледі. Мұндай шаралардың мақсаты – өңірдегі компаниялардың өзекті мәселелерін жастардың көмегімен шешу.
– Хакатондардың ерекшелігі – компаниялар өздеріндегі нақты мәселелерді ұсынып, жастар солардың шешімін табуға тырысады. Үш жыл ішінде орталықта үш мыңға жуық қабілетті жас білім алып, түрлі бастамаға қатысты. Олардың әлеуетін өңір кәсіпорындары мәселелерін шешуге бағыттауға мүмкіндік бар, – деді Дидар Мұратұлы.
Белгілі болғандай, бұл бастамалар компаниялар жұмысындағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етіп қана қоймай, жастардың тәжірибе жинақтап, болашақта жұмысқа орналасуына да жол ашады. Орталықтың тағы бір маңызды бағыты – қыз балаларды IT саласына тарту. Осы мақсатта жасанды интеллектіні қолдану, мобильді қосымшалар әзірлеу және цифрлық технологияларды меңгеру дағдыларын үйретуге бағытталған «IT Әйел» бастамасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба облыстық әкімдік пен облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының бірлесуімен іске асырылмақ.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер