Облыс орталығында «Қазақ уикипедиясын дамыту: тіл және цифрлық қоғам» атты облыстық оқыту семинары өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ тіліндегі контент көлемін арттыру және қатысушыларға Wikipedia ашық энциклопедиясына мақала орналастырудың әдіс-тәсілдерін үйрету, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Семинарды ШҚО Мәдениет басқармасы мен ШҚ Лингвистика орталығы ұйымдастырды. Оған аудан-қалалардағы тіл саясатына жауапты мамандар мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Жалпы, оқытуға 22 маман жиналды.
ШҚО Мәдениет басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Болат Кенчимбаевтың айтуынша, қазақ тіліндегі интернет-контентті көбейту – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен облыстық семинар ұйымдастырылды.
– Wikipedia-дағы материалдардың басым бөлігі ағылшын тілінде. Қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру қажет. Сондықтан бұл семинарда қатысушыларға Wikipedia туралы түсінік беріп, оған мақала орналастырудың әдіс-тәсілдерін көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Бүгінгі оқытуға облыс аудандары мен қалаларынан 22 маман қатысуда. Алдағы уақытта қатысушыларға арнайы сертификаттар беру жоспарланып отыр, – деді Болат Кенчимбаев.
Пушкин атындағы облыстық кітапхана директорының орынбасары Меруерт Кемешованың сөзінше, кітапхана қызметкерлері қазақ тіліндегі материалдарды цифрлық кеңістікте кеңінен таратуға үлес қосып келеді. Мәселен, кітапхана сайтында жарияланған материалдарды Wikipedia-ға да орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
– Біздің кітапхана сайтында түрлі материалдар тұрақты түрде жарияланып отырады. Сол материалдарды Wikipedia-ға жүктеу арқылы қазақ тіліндегі контентті көбейтуге атсалысып келеміз. Wikipedia – көптеген тілді қамтитын ашық энциклопедия. Сондықтан әр аудан өз тарихы, танымал тұлғалары мен өңірдің ерекшеліктері туралы мақалалар жарияласа, бұл ақпараттар әлемдік деңгейде қолжетімді болады, – деді Меруерт Кемешова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинар барысында қатысушыларға энциклопедиямен жұмыс істеу жолдары түсіндіріліп, мақала дайындау және жариялау тәсілдері көрсетіледі. Бұл бастама өңірлердің тарихы мен мәдениетін танытуға, қазақ тіліндегі ақпараттық ресурстарды дамытуға мүмкіндік береді.
Пікірлер