Алғашқы пойыздар елордадан Алматыға 11 қарашада, Семейге 13 қарашада жолға шығады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Жоба Үкімет пен "Самұрық-Қазына" АҚ қолдауымен жүзеге асырылып, еліміздегі теміржол тасымалының қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға, жолаушыларға жайлы жағдай жасауға бағытталған.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның мәліметінше, 5 қарашадан бастап жаңа Stadler вагондарынан жасақталған №3/4 "Нұрлы жол – Алматы-2" және №153/154 "Нұрлы жол – Семей" пойыздарына билет сатылымы басталады.
"Жаңа вагондардан жасақталған пойыздарды іске қосу Мемлекет басшысының жолаушылар вагондары паркін жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін "Жолаушылар тасымалы" АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдап алды. Оларды кезең-кезеңімен пайдалануға беру жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Вагондар паркін жаңарту компания жұмысының негізгі бағыттарының бірі", – деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.
Жаңа вагондар еліміздің климаттық ерекшеліктері мен жолаушылар тасымалына қойылатын заманауи талаптар ескеріле отырып, Stadler Kazakhstan зауытында шығарылады. Купе вагондары 40, ал плацкарт вагондары 56 жолаушыға арналған.
Вагондар ауа температурасын реттеу жүйесімен, әр орынға арналған жарық шамдарымен, 220 В розеткаларымен, USB және USB-C қуаттау ұяшықтарымен, сондай-ақ бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Ерекше қажеттілігі бар жолаушылардың сапарына арнайы жағдайлар қарастырылған.
Пойыздар құрамында ыстық тағамдар, сусындар мен жеңіл тіскебасарлар сатып алуға болатын буфет вагондары бар.
Пойыздардың қозғалыс кестесі
№3/4 "Нұрлы жол – Алматы-2" пойызы күн сайын қатынайды:
Нұрлы жол станциясынан сағат 13:10-да жөнелтіліп, Алматы-2 станциясына келесі күні сағат 08:30-да келеді.
Алматы-2 станциясынан сағат 12:12-де жөнелтіліп, Нұрлы жол станциясына келесі күні сағат 07:03-те келеді.
№153/154 "Нұрлы жол – Семей" айдың тақ күндері қатынайды:
Нұрлы жол станциясынан сағат 16:40-та жөнелтіліп, Семей станциясына келесі күні сағат 06:10-да келеді.
Семей станциясынан сағат 15:00-де жөнелтіліп, Нұрлы жол станциясына келесі күні сағат 05:05-те келеді.
Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан және теміржол вокзалдарының билет кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы алуға болады.
Пікірлер