ШҚО тұрғыны құсбегілік арқылы туризмді дәріптеп жүр
[xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]
Ұлан ауданында құсбегілікті бекзат өнер ретінде ғана емес, өңірдің туристік әлеуетін танытудың бір тетігі ретінде қарайтын отбасы тұрады. Бақытбек Манайұлы жұбайы Ардақ Жомартқызымен бірге құсын қолына алып, түрлі фестивальде туристер ықыласына бөленіп жүр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Сізді соңғы уақытта туристер назарына жиі түсіп жүрген тұрғындардың бірі десек артық айтпағанымыз. Бүркітті қандай іс-шараларға алып шығасыз?
– Соңғы жылдары облыс аумағында ауқымды фестиваль, жиын, спорттық сайыстар жиі болып жүр. Солардың қайсысына барсақ та, қолына құсын көтеріп жүрген адамға көзқарас бөлек. Меймандар облыстың әр түкпірінен, республика мен шет елдерден атізін салған іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Жұбайым да әркез жанымда. Іс-шараға бармас бұрын қарапайым жүріс-тұрысымызды, бүркітпен серуендеу алаңын шамалап, бекітіп аламыз.
– Сізді бұған дейін қателеспесек, Ұлан ауданы аумағындағы Қызылтас тауына шығу кезінде көрдік. Содан бері екі жыл өтті. Біреулер жүгіріп, біреулер асықпай жүріп шыға алмаған тауға сіз құсыңызбен бірден көтерілдіңіз. Сол кезден құспен суретке түсуді туризмді дамытудың бір амалы деп ойладыңыз ба?
– Иә. Бұл бір жағынан нәпақа табудың жолы. Онымен қоса, алыс-жақыннан келген қонақтар қызықтап, бүркітті сипап, суретке түскісі келіп жатады. Шығыс Қазақстанда құс ұшыратын адамдар көп екен деген түсінік қалыптастыру арқылы қонақтардың туған өлкемізге деген махаббатын туғызғым келді.
– Биыл Катонқарағай ауданына әнші Димаш Құдайбергенұлы келгенде де сізді жұбайыңызбен бірге көптің арасынан көрдім. Жан-жақтан қаумалап, суретке түсу үшін кезекке түсіп жатты. Сол туралы айтып берсеңіз.
– Қасым Қайсенов кентінен жұбайым Ардақпен арнайы бардық. Қонақ ретінде шақырылған едік. Әрине, құс ұшырып, аң аулау мақсатында емес, фотоаймақ ұйымдастырдым. Қазір бәрі техникамен ақпарат кеңістігін жаулап жатыр ғой. Біз ұлттық құндылықты биікке шығарғымыз келді. Катонқарағайдағы дүбірлі думан тамаша өтті. Бекзат өнеріміз де дәріптелді, демалып та қайттық.
– Қашаннан бері құс баптап келесіз?
– Жалпы, өзім 2019 жылдан бері қыран баптап келемін. Бүркіт бір жылқының соғым етін жеп қояды. Бірақ оның да өз тәртібі бар. Сойылған мал етін мұздатқышқа салып қатырып, кейін біртіндеп жібітіп беріп отырамыз.
– Құстың қыстағы күтімі қалай?
– Аңшылық маусым ашылып, рұқсат алған соң қыран құсын ұшырамыз. Ал қыс кезінде алған аңның еті беріледі. Қысқасы, қыс пен жазғы күтім екі түрлі. Қазір асырап отырған қос қыраным – «Қыран» және «Мұзбалақ». Катонқарағай ауданы Ұланнан біршама алыс. Бірақ апару кезінде бәлендей қиындық сезілмеді. Көліктің артқы салонынан орын дайындап, екеуін аман-есен жеткіздік.
– Түрлі іс-шараға барғанда ең алдымен кімдер қызығушылық танытып, суретке түсуге асығады?
– Бізге әсіресе туристер көп назар аударады. «Еее, қолында құсы бар екен» деп тоқтай қалып суретке түсіп, таң-тамаша болып жатады. Табиғаттың сұлулығы мен бүркіттің сұлулығы қатарласып, тамаша көріністің куәсі болғандарын айтып кетеді. Біз де қуанамыз. Жалпы, қыран деген сөз аңды қырып алған құс дегенмен астасады. Кезінде бір ауылды асырған құс қой, шіркін.
– Құс баптауды көбі аңшылық мақсатта қолға алған. Сіздер туризмді де насихаттап жүрсіздер. Осы бойынша тағы қандай ерекше жобалар, жоспар бекітіп жатырсыз?
– Бүркітпен тойға шығып тұрамыз. Көп болмады. Отбасыммен бірге, тазы ертіп, екі бүркітімді қолға аламын. Көпшілікке ұнайтын секілді. Үйленетін жігітті алып шығамын, сосын тұсаукесерге де шақырып тұрады. Дәстүрді насихаттап, ата-баба мұрасын басқа да бағыттарда көрсетуге болады.
– Енді-енді қолға алып жатсаңыз, әлеуметтік желі арқылы жұмысыңызды да көрсету керек қой?
– Иә, ол міндетті түрде керек. Өз алдына жұмыс. Оны да қолға алдық. Желі арқылы өзіңді таныстырмасаң, көпшіліктің бірден қызыға қоюы екіталай.
– Соңғы сұрақ, бірі бүркіт, бірі қыран деп жатады. Екеуінің айырмашылығы бар ма?
– Екеуі бір ғой негізі. Бірақ айтылғанда әркімнің қалауы, жеткізуі түрліше. «Мұзбалақ» деп асқар шыңдарда жабайы аңға тырнақ салған епті құсқа әспеттеп атау берген. Алғыр, айлалы құс. Жұбайым екеуіміз осы істі барынша дөңгелетуге тырысамыз.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет. Ісіңіз ілгерілей берсін!
– Сіздерге де рахмет!
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз
Пікірлер