Қаладағы Протозанов көшесі бойындағы жағалауда топырақ отырып, бетон тақтаның орнынан жылжығаны анықталды. Қазір мамандар аумақты тексеріп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Техникалық тексеру жүргізу үшін аталған учаскедегі брусчатка алынып, топырақ қазылған.
– Бүгін аумақты ТҮКШ бөлімі мен ТЖД өкілдері қатысатын комиссия қайта тексереді. Зерттеу қорытындысында топырақтың шөгу себептері анықталып, қалпына келтіру жұмыстарының қажетті шаралары белгіленеді, – деді қала әкімдігіндегілер.
Айта кетейік, бұған дейін Протозанов көшесі тұсындағы Үлбі жағалауында суға түсетін баспалдақтың бұзылып жатқаны туралы айтылған еді. Әңгіме «Шафран» мейрамханасы маңындағы алаң туралы. Онда бетон тақта төмен түсіп, кейбір блок суға құлаған.
Куәгерлер болжамынша, жағалау көктемнен бері бұзыла бастаған. Көктемгі су тасқыны кезінде су бетон тақтаны ұстап тұрған арқауды шайып кетуі мүмкін.
Жуырда әлеуметтік желіде осы маңдағы жаяу жүргіншілер жолында топырақтың отырғаны туралы да мәселе көтерілді. Қала тұрғынының өтінішіне әкімдік өкілдері жауап беріп, 3 қарашада мердігер ұйым тротуар плиталарын демонтаждауға кіріскен еді.
Пікірлер