452.91 509.43 5.53
A+ A A-

Бозанбай ауылының тұрғындары ішкі жолдардың бүлінгеніне наразы

Бозанбай ауылының тұрғындары ішкі жолдардың бүлінгеніне наразы [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Бүркітшілер ауылы аталып кеткен өлкеде туризм бірқалыпты дамып келе жатқанымен, жергілікті жұртты қапаландырған мәселелер де жоқ емес. Бірқатар көше жолы бұзылып, жаңбыр жауса аяқ алып жүргісіз күйге түсетін көрінеді. Одан бөлек, көпшілік Бозанбай мен Баяш Өтепов ауылдары аралығындағы жолға тас төгіліп жатқандығына таңдасын білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Осыған дейін ауылдағы бірқатар түйткілді редакцияға қоңырау шалып айтқан тұрғындар кетеуі кеткен негізгі көше жолдарын тізбеледі. Әкімдік араласуын қажет ететін жерлер Киров, Аманжолов, Солнечный, Советский көшелерін тегістеуге сұранып тұрған көрінеді. Ауылдастар қысқа көшелерді де назарға алуды дұрыс санады.

– Асфальт төсеп, тегістеп тастаса ғой. Бозанбайдың барлық аумағы тозып тұр. Аманжолов көшесінің бірнеше жері ғана тегістелген. Қалаға шығар тұста жұрт арасында Ленин көшесі аталатын жақ та мәз емес. Ал әкімдік өкілдеріне мен неше рет айттым. Бір кішкене сары топырақ сияқты төгіп қойған сияқты, басқа түк жоқ. Жаман. Тасы шығып жатыр. Бұзған соң артынан кейін тегістеуге керек қой, – деді ауыл тұрғыны Амангелді Хасенов.

Айтуынша, жергілікті қираған жерлерді әуелде жөндетіп жүрген көрінеді. Қысқасы, осындай жұмыстың сапасының сұрауы кімнен деген сауал тастады тұрғындар.

– Ал енді Баяш Өтепов ауылы мен Бозанбай аралығындады жол былтыр күрделі жөндеуден өткен болатын. Осыдан бір айдай бұрын үстіне қайта тас төкті. Әуелде жарқырап, әдемі болып тұрған жолға апарып, тас төкті қайтадан. Әкімдіктегілер бәрін көріп, естіп отыр. Бірақ шара қолданылмады. Астан-кестең болған жолдарды енді кім реттейді? Оған ақша бөлінді ғой? – деді тұрғын.

Бозанбайлықтар жол сапасын тексеретін адам мен оны қабылдайтын мекеменің кім екенін сұрады. Министрлік өкілдері ме, департамент мамандары ма, әлде әкімдік қызметкерлері ме – бір сәт жалғасып жатқан жұмысты бақылауды орынды санады. Бұрын «Ұлан жолдары» аталатын мекеме осындай қауырт тірлікпен айналысқан екен, қазір көп айтыла бермейтін сыңайлы. Осыдан шығатын түйін: Бозанбай жұрты ауыл ішіндегі көше жолдарының тегістеліп, асфальтталуын қалайды. Одан бөлек, Баяш Өтепов пен Бозанбай ауылдары аралығында төгілген тастың жиналып, күрделі жөндеуден өткізілген қалпына қайта түсірілуін сұрап отыр. Ал осындай мәселенің шынымен бар-жоғын, ауылдастарға қаншалықты қолайсыздық туғызып отырғанын аудан басшылығынан нақтыладық. Ауылдық округ басшысы Раушан Мұқашеваның сөзінше, бүгінде Бозанбай ауылында 1886 адам тұрып жатыр. Барлығы 25 көше бар. Сәбит Мұқанов, Аманжолов және Тәуелсіздік – негізгі көшелер қатарында.

– Қазір ауыл ішіндегі бірқатар көшенің жолы бүлініп, тұрғындардың қатынауына қолайсыз туғызып отырғаны рас. Оның негізгі себебі – инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізу жұмыстары. Атап айтқанда, 2025-2026 жылдары Бозанбай ауылында орталықтандырылған су құбыры тартылды, – деді Раушан Тұрсынханқызы.

Алдын ала жоспарланып, бірнеше жыл еншісіне қалдырылған жұмыс екені анық. Округ әкімі 2026-2027 жылдары жылу жүйелерін жүргізу де жалғасып жатқанын алға тартты. Осы жұмыстарға байланысты ауылішілік жолдарың кейбір учаскесінде жабыны бұзылып, тегістеуді қажет ететінін жеткізді.

– Инженерлік желілерді жүргізу толық аяқталған соң бүлінген жол учаскелерін қалпына келтіру және жолдарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілмек, – деп қорытты сөзін Раушан Мұқашева.

Жауапты тұлға Баяш Өтепов пен Бозанбай ауылдары аралығындағы жол жағдайына тоқталмады. Ресми сауалға ресми ақпарат берілмеген екен, тұрғындар қойған әралуан сұраққа толық жауап беріп, жолдағы келеңсіздіктер жөнінде тұщымды мәлімет ұсынады деген сенімдеміз.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив