A+ A A-

talgatzhan 67 Бүгін, 15:10 0

«Басымызды қосса болды»: Тарбағатайда Қарттар күні қалай атап өтіледі?

Бүгін / Тарбағатай

Жасы егде тартқан сайын аталар да, әжелер де көңілшек бола түседі. Немерелеріне, ұлдарына мейірлене қарап, махаббататын төксе де, кейін өздері әлдебір жылылық күтеді. Жуықта ел көлемінде Қарттар күні атап өтілді. Әр аудан бұл күнді әртүрлі атап өтеді. Кейбірі ақ дастархан басында сый-сыяпатын көрсетсе, енді бірі концерт ұйымдастырады. Тарбағатай ауданынан қоңырау шалған оқырмандарымыз осы жөнінде сауалдарын қойған болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Аудандарда қалай атап өтеді?

Кейбір өңірде қазанның алғашқы демалысында қарияларға бірреттік жәрдемақы беріледі екен. Астанада ең төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге 2,5 АЕК немесе 10 812,5 теңге, ал Шымкентте 70 жастан асқан тұрғындарға – 3 АЕК немесе 12 975 теңгеден беріледі екен. Шығыс Қазақстанда ол жағы қарастырылмаған. Бұл туралы анық-қанығын Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы өкілдерінен білдік. Мәлім болғандай, аймақта ұзын-саны 135 мың 517 зейнеткер тұрады.
– Облыс аумағында Қарттар күніне орай азаматтарға біржолғы әлеуметтік төлемдер қарастырылмаған. Сонымен қатар жыл сайын «Мейірімділік акциясы» айлығы ұйымдастырылады. Акция аясында демеушілер қолдауымен жалғызбасты қарттар мен өмірлік жағдайы қиын зейнеткерлерге отын, дәрі-дәрмек, азық-түлік себеттері, тұрғын-үй жөндеу және басқа да қажетті көмек көрсетіледі, – деді аталған басқарма басшысы Альмира Мусинова.
Зайсан ауданы әкімдігі Қарттар күні өтетін іс-шараларға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан еңбек ардагерлері шақырылатынын жеткізді. Одан бөлек, қоғамдық өмірге белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқандары да ескерусіз қалмайды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі ақпаратынша, Зайсанда 5619 зейнеткер тұрып жатыр.
– Биыл 85 жастан асқар қарияларға аудан әкімі мен мәслихат төрағасы атынан арнайы құттықтау ашықхаттары әзірленді. Қарттарды мерекемен үйлеріне барып құттықтап, аудан әкімінің ашықхаттарын жеткізу дербес бөлімдер мен тиісті мекемелерге тапсырылады. Жыл сайын мереке қарсаңында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінен зейнет жасындағы қариялар тізімі алынады, – делінген ақпаратта.
Тарбағатай ауданынан қоңырау шалған тұрақты оқырманымыз Күлзада Ахметова соңғы жылдары зейнеткерлер елеусіз қалып жатқанын айтты. Мәселе біржолғы төлемде емес, жалпы көңіл бөлінбей кеткен сыңайлы.
– 8-наурыз күні шақырып тұрады. Өзімді осыдан 10-15 жыл бұрын, ол кезде Ақсуат аудан орталығы болып тұрған кезде қонақтар тізіміне қосқан еді. Құттықтап, дәмханаға апарып, құрметін көрсетті. Алдыңғы жылы қайта шақырды. Оған мін тақпаймын. Халықаралық әйелдер күнінде назардан тыс қалмаймыз. Бірақ Қарттар күнінде өзімді ешбір шараға шақырғандарын байқамадым, – деді ол.

Сарыбелде көрсетілген сый-сыяпат

Бұл ғана емес, 70-тің ары жақ, бері жағындағы тарбағатайлықтардың кейбірі соңғы жылдары күзде атап өтілетін атаулы күні көп нәрседен қалып жатқандарын жеткізді. Өзге қалалардағы төлемақыны мысал етсе де, мәселе ақшада емес, зейнеткерлердің басы қосылуын маңызды санады.
– Біріміз көпбалалы ана, біріміз денсаулығы сыр берген қартпыз. Қоғамдағы өзгерістер мен жаңалықтардан көріп, біліп отырған ақпараттарға елең етеміз. Көмек сұрамаймыз. Тек Қарттар күні төңірек тыныш, жым-жырт қалатынына қынжыламыз, – деді Тұғыл ауылының тұрғындары.
Әр жақта әртүрлі атап өтілетіні белгілі. Мәселен, Самар ауданында биыл бұған көп-көрім көңіл бөлінген көрінеді. Тұрғындар Құлынжон ауылындағы дәмханада бас қосып, арқа-жарқа болып қайтқандарын айтты. Округ басшылығы іс-шара ойдағыдай өткенше тыпыршып, қариялар разы болып қайта ма, жоқ па деп аз-кем уайымға басқан көрінеді. Ресми мәліметке сенсек, аудан аумағында 2318 зейнеткер тұрады. Қарттар саны Бастаушы ауылдық округінде басым екен.
– Ауылдық округтерде егде жастағы тұрғындарға құрмет көрсету, сыйлықтар табыстау және мерекелік дастархан дайындау жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, Палатцы ауылдық округінде үш зейнеткерге, Сарыбел ауылдық округінде 13 қартқа сый-сыяпат көрсетілді. Құлынжон ауылдық округіндегі үйінен шыға алмайтын ата-әжелерге сыйлықтар таратылады, – деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шырай Болаева.
Осы аудандағы Аққала ауылдық округі 20 қазан күні қайырымдылық дастарханын жайған. Оған шаруа қожалықтары мен «Сәтпаев кен байыту кәсіпорны» ЖШС демеушілік көрсетіп, 200 мың теңге жұмсалыпты.
Ал Ұлан ауданында қарттардың басын қосу кезінде Ардагерлер кеңесі мүшелері мен әкімдік өкілдері бірлесіп әрекет етеді екен. Округ әкімдіктеріне сұраухат жолданып, былтыр елеусіз қалған қарттар тізімін дайындап, соларды шақырады. Сый-құрмет, концерттік нөмірлер жүлгесімен жалғаса береді. Бұл жақта 6000-нан астам зейнеткер бар.

Реніш төңірегіндегі ресми жауап

Тұғыл жұртының ренішін жеткізген едік, енді осы бойынша аудан әкімдігінің ресми жауабын ұсынайық. Ішкі саясат бөлімі ақпаратынша, ауданда ұзын-ырғасы 2627 зейнеткер бар. Қарттар күніне орай ұйымдастырылатын іс-шараларға қонақ шақыру жұмыстары алдын ала жоспарланатыны жазылды.
– Іс-шараларға аудан ардагерлері, әр ауылдық округтен марапаттауға ұсынылған азаматтар, ардагерлер ұйымының төрағасы мен мүшелері, ақсақалдар алқасының төрағасы, әжелер кеңесі өкілдері және Қарттар үйінің қариялары шақырылады. Сонымен қатар, мерекелік концерт туралы хабарландырулар ауданның әлеуметтік желілерінде жарияланып, аудан әкімдігінің ресми Facebook парақшасына да орналастырылды. Хабарландырулар әлеуметтік желілерде ашық түрде таратылғандықтан, мерекелік шараға қатысуға ниет білдірген кез келген аудан тұрғынына қатысуға мүмкіндік бар, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Баженбаев.
Тарбағатай ауданында Қарттар күні жыл сайын 1 қазанда атап өтілетін көрінеді. Осы күнге орай аудан әкімдігі, ауылдық округтер мен ұжымдардың ұйымдастыруымен әртүрлі мерекелік іс-шара өткізіледі. Мәлім болғандай, ауданда жекелеген санаттағы азаматтарға мерекелік және атаулы күндерге орай төлемдер қарастырылған. Атап айтқанда, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналарға, сондай-ақ 9 мамыр –  Жеңіс күніне орай тыл ардагерлеріне белгіленген тәртіпке сәйкес төлемдер жүзеге асырылады. Бірақ Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бөліскендей, біржолғы төлем ауданда қарастырылмаған. Нұржан Бақтиярұлының сөзінше, Тарбағатайдың зейнет жасындағы тұрғындары санаторийлік-курорттық сауықтырудан өту үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш береді.
– Өтініштер белгіленген тәртіппен қаралып, тиісті жолдамалар арқылы азаматтар «Уба» шипажайына сондай-ақ Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының «Мейірім» оңалту орталығы» мекемесіне жіберіледі, – деді ол.
Анығы сол, Қарттар күні қарсаңындағы біржолғы төлем облыс аумағында қарастырылмаған. Ал Тарбағатай ауданынан қоңырау шалған қариялар ренішін әкімдік өкілдері ескеріп, алдағы жылғы тізімді жаңарта түсер деген сенімдеміз. Осыдан екі жыл бұрын Самар ауданынан да осы мәселені қаузап, редакцияға қоңырау шалған еді қарттар. Биыл реттелген секілді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосуреттер автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив