Өскеменге Туризм және спорт вице-министрі келді: жиында не айтылды?
[xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]
Қалаға атізін салған Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев облыс әкімдігінде өткен басқосуда өңір спортының дамуына серпіліс берер құрылыстарға тоқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, қазір өңірдегі бес елдімекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Болашақта Өскемен қаласында да бірнеше нысан салынатын көрінеді.
– Алдағы жылдары Өскеменде жабық стадион мен ірі ипподром салу, сондай-ақ республикалық теннис академиясын ашу жоспарланған. Бүгінде облыс аумағында 1658 спорт нысаны бар. Олардың мыңнан астамы ауылдарда орналасқан, – деді Мирас Төлебаев.
Кездесу барысында өңірдегі спорт инфрақұрылымының жай-күйі, балалар спортын қаржыландыру, кәсіби командаларды қолдау және болашақ спортшылар резервін қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды. Қазір спорт нысандарын көбейту жұмыстары ауылдық аумақтарда да қарқын алған.
– Айнабұлақ пен Жарсу ауылдарында модульдік спорт кешендері ашылып, тұрғындар игілігіне берілді. Ал Катонқарағай, Үлкен Нарын, Бозанбай, Марқакөл және Күршім елдімекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеріп жатыр. Мұндай бастамалар ауыл балаларының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп, олардың қабілетін ерте жастан дамытуға жағдай жасайды. Сонымен қатар спорт секцияларына қатысушылар санын арттырып, болашақ кәсіби спортшыларды жергілікті жерлерде даярлауға негіз болады, – деді вице-министр.
Вице-министр спорт саласының өркендеуі үшін инфрақұрылымның қолжетімділігі мен сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.
– Әсіресе ауыл балаларының спортпен шұғылдануына жағдай жасау қажет. Жаңа нысандар салу және қолданыстағы кешендерді жаңғырту жұмыстары тұрақты түрде жалғасуы тиіс, – деді ол.
Жиын барысында кәсіби спорттың дамуы да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, «Алтай Өскемен» футбол клубын коммерцияландыру жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды. Бұл бастама клубтың қаржылық дербестігін арттырып, жеке инвестиция тартуға және команданың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған. Сонымен бірге спорт резервін қалыптастыру мен балалар спортына бөлінетін қаражат көлемін арттыру мәселелері қарастырылды.
– 2025 жылғы наурызда қабылданған «Балалар спортын дамыту туралы» заңға сәйкес, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі және мемлекеттік спорттық тапсырыс тетігі енгізілді. Нәтижесінде бір спортшыға бөлінетін жылдық қаржы көлемі 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ біліктілігін арттырған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушыларына жалақыны 30 пайызға көтеру қарастырылған. Бұл шаралар спорт саласындағы мамандардың кәсіби әлеуетін арттырып, балалармен жүргізілетін жаттығу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Мирас Төлебаев.
Алдағы жылдары балалар мен жасөспірімдердің спортқа қатысу көрсеткішін одан әрі арттыру жоспарланып отыр.
Әдемі АМАНГЕЛДІ (Фото: zhaikpress.kz)
Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз
Пікірлер