Қалада «Жас құтқарушы» үйірмесіне қатысатын оқушылар арасында дәстүрлі жыл сайынғы турнир өтті. Жарысты ұйымдастырушылар – «№29 қосымша білім беру мектебі-орталығы» КММ-нің «Жас құтқарушы» орталығы мен Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Байқауда 100-ден астам жас құтқарушы бақ сынап, командаларға бірігіп, өздерінің күш-қуатын, ептілігін, жылдамдығы мен білімін сынады. Қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, өрт сөндіру эстафетасынан өтіп, альпинистік дайындықтарын көрсетті. Алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын дәлелдеді.
Әр кезеңде жылдамдық пен төзімділік қана емес, дәлдік, командалық үйлесімділік және тапсырмаларды дұрыс орындау да маңызды болды. Жас құтқарушылар барлық сынақтан сүрінбей өтіп, білімі мен дайындық деңгейлерін көрсетті.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. С. Нұрмағамбетова атындағы №4 орта мектеп командасы 1-орын иеленді. №29 қосымша білім беру мектебі-орталығы командасы бірінші орынға ие болды. Екінші орынды №19 және №37 мектептердің командалары бөлісті. Ал үшінші орын №42 мектеп командасына бұйырды.
– Жоғары спорттық нәтижелердің артында жүйелі дайындық пен қажырлы еңбек жатыр. Бұл ретте «Жас құтқарушы» орталығындағы сабақтармен қатар, ШҚО ТЖД кәсіби құтқарушылары өткізетін практикалық шеберлік сабақтарының да маңызы зор, – делінген ақпаратта.
Мұндай кездесулер оқушыларға пайдалы білім алып, тәжірибелік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін көрінеді. Сонымен қатар жауапкершілік, өзара көмек, тәртіп және өзгелерге қол ұшын созуға дайын болу сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастырады.
– Бүгінгі жас құтқарушы – ертеңгі күні қиын сәтте абдырамай, өзін қорғай білетін және өзгелерге көмек көрсетуге дайын азамат. Ал мұндай жарыстар сол мақсатқа бастайтын маңызды қадамның бірі, – дейді ұйымдастырушылар.
Фото: ШҚО ТЖД
Пікірлер