Бүгін мәслихат депутаттарын сайлауды өткізуге дайындық аясында округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шара барысында қатысушыларға сайлау заңнамасының талаптары түсіндіріліп, теориялық және практикалық білім берілді.
Тарбағатай аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Жаннұр Ашмұханованың сөзінше, мұндай семинарлар сайлау науқаны басталарда жүйелі түрде өтеді. Қатысушылар сайлау үдерісінің құқықтық аспектілерін, оны ұйымдастыру тәртібін және түрлі жағдайларды талдау жолдарын меңгереді.
- Жалпы биыл үшінші сайлау науқаны өтіп жатыр. 15 наурызда республикалық референдум, 23 тамызда Құрылтай сайлауы өтті. Енді мәслихат депутаттарын сайлау науқанына дайындалып жатырмыз. Біздің мақсатымыз – сайлаушыларға заң аясында қызмет көрсету. Бүгін алған ақпаратты округтік және учаскелік сайлау комиссияларының басқа да мүшелеріне жеткіземіз, - деді Жаннұр Ашмұханова.
Семинарға қатысушылар іс-шараның пайдалы болғанын атап өтті. Сондай-ақ олар оқу соңында білімдерін тестілеу арқылы тексерді.
Айта кетейік, аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудандарда көшпелі семинарлар ұйымдастырылмақ.
Пікірлер