Бүгін Қазақстан-Американдық еркін университетінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы асында «Таза Қазақстан – жастар таңдауы» атты Meet Up форматындағы кездесу өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараны ШҚО Ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Жиынға эко-белсенділер, жастар ұйымдарының өкілдері мен қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Президент жанындағы жастар саясаты кеңесінің мүшесі, Өскемен қалалық маслихатының VIII шақырылым депутаты, «Ұлағат» ЖҚБ төрағасы Бақытжан Ерболқызының сөзінше, кездесудің негізгі мақсаты - экологиялық бастамаларды қолдау және студенттердің азаматтық белсенділігін дамыту.
- «Таза Қазақстан» бұл - тек тазалық акциясы ғана емес, ең алдымен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған игі бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Отанға деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылыңнан және өз қалаңнан басталады. Сондықтан туған жерімізді таза ұстау, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау - әр адамның міндеті, - деді Бақытжан Ерболқызы.
Қатысушылар ашық диалог форматында экологиялық мәселелерді талқылап, өзекті сұрақтар бойынша пікір алмасып, қоршаған ортаны қорғау бойынша тәжірибесімен бөлісті.
Бұдан бөлек, тазалықты сақтау, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау, экологиялық проблемаларды шешудегі жастардың рөлі мен қоғамдық бастамалардың маңызы туралы сөз қозғалды. Ұйымдастырушылар жастарды табиғатты қорғауға бағытталған іс-шараларға белсене қатысуға шақырды.
Пікірлер