443.62 492.24 5.36
A+ A A-

Глубокое ауданында жол-көлік оқиғалары 15 пайызға төмендеді

Глубокое ауданында жол-көлік оқиғалары 15 пайызға төмендеді [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Қыс мезгілі жақындаған сайын әр аймақта, әр ауданда жүргізушілердің жауапкершілігі артып, жол ережелерін қатаң сақтау қажеттілігі туындайды. Аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, құқық бұзушылықтарды анықтау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Осы және өзге де сұраққа Глубокое аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Ақтілек Сейілқанов жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Қазір аудандағы жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты ахуал қандай?

– Ауданда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі басты назарда. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау бойынша тұрақты жұмыстар атқарылуда.

– Жыл басталғалы қанша жол-көлік оқиғасы тіркелді? Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш қалай өзгерді?

– Қаңтар айынан бері ауданда 57 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 15 пайызға төмендеген. Дегенмен жолдағы қауіпсіздік мәселесі әрдайым жіті бақылауды қажет етеді.

– Адам өліміне әкелген және жарақат алғандармен байланысты қанша оқиға болды?

– Өлім-жітім және адамдардың жарақат алуына байланысты барлығы төрт жағдай тіркелді. Сондықтан әрбір жүргізуші жол қозғалысы ережелеріне жауапкершілікпен қарап, өз өмірімен қатар, өзгелердің де қауіпсіздігін ойлауы қажет.

– Жол апаттары жиі болатын қауіпті учаскелер бар ма?

– Иә, ауданда жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелер бар. Мұндай жерлерде жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту, жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтауын бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары жүргізілуде.

– Жыл басталғалы жол қозғалысы ережелерін бұзудың қанша дерегі анықталды?

– Ондай 1285 дерек тіркелді. Оның ішінде көлік құралын мас күйінде басқару фактілері де бар. Атап айтқанда, алкогольдік масаң күйде көлік басқарған 28 жүргізуші анықталды. Мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.

– Жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған азаматтарға қандай шаралар қолданылады?

– Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабына сәйкес, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, жүргізуші куәлігі бола тұра, оны өзімен бірге алып жүрмеген жағдайда ескерту немесе 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал мүлде жүргізуші куәлігі жоқ адам көлік басқарса, 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Жүргізуші куәлігінен айырылған адамның көлік басқаруы үшін 50 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ көзделген. Сондай-ақ құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталаған жағдайда 30 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылады. Ал жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік басқаруға берген көлік иесі де 50 АЕК көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін.

– Қысқы дөңгелек орнатпаған жүргізушілерге қандай жауапкершілік қарастырылған?

– Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, 1 желтоқсаннан бастап 1 наурызға дейін автокөліктер қысқы шиналармен жабдықталуы тиіс. Бұл талапты орындамаған жүргізушілерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 5-бөлігіне сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. 2026 жылы бұл 21 625 теңгені құрайды. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 20 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Сондықтан жүргізушілерге қысқы маусым басталмай тұрып көліктерін техникалық тұрғыдан дайындауға кеңес береміз.

– Аудандық және ауылішілік жолдардың жағдайы қалай бақыланады?

– Ол аумақтар жергілікті атқарушы органдар мен жолға қызмет көрсететін мекемелер тарапынан тұрақты бақылауда болады. Әсіресе қысқы кезеңде жолдарды қардан тазарту, көктайғаққа қарсы құм-тұз қоспаларын себу және жолдардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар жолдардың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданады.

– Ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жабылған жағдайда жүргізушілер ақпаратты қайдан біле алады?

– Жол қозғалысына шектеу қойылған немесе жол жабылған жағдайда жүргізушілер ақпаратты бірнеше ресми дереккөзден ала алады. Атап айтқанда, «ҚазАвтоЖол» бірыңғай байланыс орталығының 1403 нөміріне хабарласуға, «Darmen» мобильді қосымшасын пайдалануға, сондай-ақ 112 төтенше жағдайлар қызметінен мәлімет алуға болады. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен аудан әкімдігінің ресми ақпараттық парақшаларында да тиісті хабарламалар жарияланады. Алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамын және жолдардың ашық-жабық екенін алдын ала тексеру қажет.

– Жүргізушілерге айтар кеңесіңіз қандай?

– Ең алдымен, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Жылдамдықты асырмау, қауіпсіздік белдігін тағу, көлікті мас күйінде басқармау және ауа райының қолайсыздығын ескеру – әрбір жүргізушінің міндеті. Қыс мезгілінде жолдағы жағдай күрделене түсетіндіктен, көліктің техникалық жағдайына да ерекше назар аудару керек. Жолдағы қауіпсіздік әр адамның жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпаған жөн. Жол ережесін сақтау – тек айыппұлдан сақтану емес, ең алдымен адам өмірін қорғау. Сондықтан рөлге отырған әрбір азамат жауапкершілікті сезініп, жол қозғалысының өзге қатысушыларына құрметпен қарауы тиіс.

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив