444.76 495.37 5.37
A+ A A-

Өскеменде пробация қызметіндегі жұмыс күні қалай өтеді?

Өскеменде пробация қызметіндегі жұмыс күні қалай өтеді? [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Қылмыс жасаған адамға сот үкімі шыққан соң оның жазасын өтеу кезеңі басталады. Алайда бас бостандығынан айырмайтын жазаға тартылған азаматтардың да әрбір қадамы бақылауда болады. Олардың бірі электронды білезік тағып жүрсе, енді бірі белгіленген уақытта пробация қызметіне келіп, тіркеуден өтеді.  Осы ретте  обылстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Сол жағалау аудандық пробация қызметінің бір күндік жұмысымен таныстық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Таңертең қызметкерлер жұмыс жоспарын пысықтап, есепте тұрған азаматтардың құжаттарын қарайды. Әрқайсысының жеке ісі, сот жүктеген міндеттері мен белгіленген шектеулері бар. Бірінің тұрғылықты мекенжайы тексерілсе, енді бірімен профилактикалық әңгіме жүргізіледі. Қызметкерлер үшін мұндай жұмыстың ешқайсысы елеусіз қалмауы тиіс.

Электронды білезік – бақылау құралы

Пробация есебінде тұрған азаматтардың бірі электронды бақылау білезігін тағып жүрген. Бұл құрылғы сот белгілеген шектеулердің сақталуын қадағалауға мүмкіндік береді. Азаматтың жүріп-тұруына қойылған талаптарды бұзуы тиісті шаралардың қабылдануына негіз болады.

Дегенмен бақылау шараларына қарамастан, кейбір азаматтар өздеріне жүктелген міндеттерді орындамайды. Мәселен, электронды білезік тағып жүрген есептегі азамат пробация талаптарын екі рет бұзған. Сот оның әрекеттерін қарап, бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырған. Нәтижесінде ол 3 жыл 6 ай мерзімге түрмеге жіберілді. Бұл жағдай пробация қызметінің бақылауы формалды сипатта емес екенін көрсетеді. Сот жүктеген міндеттерді орындамау заңда көзделген жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

 

Басты мақсат – қайта қылмысқа жол бермеу

ШҚО ҚАЖД Сол жағалау аудандық пробация қызметі басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Мұхтарбекқызының айтуынша, қызметкерлердің күнделікті жұмысы тек құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді. Әр азаматтың мінез-құлқын бақылау, әлеуметтік жағдайын зерделеу және қоғамға қайта бейімделуіне көмектесу де маңызды.

– Пробация қызметінің негізгі міндеті – сотталған азаматтардың заң талаптарын сақтауын бақылап қана қоймай, олардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу. Әрқайсысымен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Тұрғылықты жері, жұмыспен қамтылуы, отбасылық жағдайы назарда болады. Егер азамат сот жүктеген міндеттерді орындамаса, заң аясында тиісті шаралар қабылданады. Біздің мақсатымыз – олардың түзелуіне ықпал етіп, қоғамға бейімделуіне жағдай жасау, – дейді Гүлжан Мұхтарбекқызы.

Бір күннің артында – бірнеше тағдыр

Пробация қызметкерлерінің жұмысы бір кабинетпен шектелмейді. Қажет болған жағдайда олар есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайына барып, жағдайымен танысады. Жұмыссыз жүргендерге жұмысқа орналасу мәселесі бойынша бағыт-бағдар беріліп, әлеуметтік қолдауды қажет ететіндер тиісті мекемелерге жолданады.

 

Кейде бір адаммен бірнеше рет сөйлесуге тура келеді. Өйткені сотталған азаматтың қоғамға қайта бейімделуі бір күнде жүзеге аспайды. Бұл – тұрақты бақылауды, түсіндіруді және жеке көзқарасты қажет ететін жұмыс. Бірі өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланып, қалыпты өмірге оралса, енді бірі талаптарды елемей, қайтадан темір тордың ар жағынан бір-ақ шығады.

Сол жағалау аудандық пробация қызметінің бір күндік жұмысынан түйгеніміз – мұнда әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұр. Қызметкерлердің міндеті – заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету ғана емес, қателік жасаған азаматқа түзелуге мүмкіндік беру. Ал сол мүмкіндіктің нәтижесі ең алдымен адамның өз жауапкершілігіне байланысты.

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив