Қазақстанда учаскелік дәрігерлерге, медбикелерге, фельдшерлерге, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге қосымша ақы төлеу ұсынылды. Үстемеақы мөлшері маманның еңбек өтілі мен атқаратын қызметіне байланысты болады. Жаңа төлемдерді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік ұйымдар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізуді көздейтін Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.
Жобаға сәйкес, алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) саласындағы медицина қызметкерлеріне осы салада үздіксіз жұмыс істегені үшін үстемеақы төлеу ұсынылып отыр.
Бұл өзгеріс учаскелік терапевтер мен педиатрларға, жалпы практика дәрігерлері мен медбикелеріне, учаскелік медбикелерге, фельдшерлерге, акушерлерге, патронаждық және мектеп медбикелеріне қатысты.
Үстемеақы лауазымдық айлықақыға қарай есептеледі:
· еңбек өтілі 2 жылдан асса – 20%;
· 3 жылдан асса – 30%;
· 5 жылдан асса – 50%.
Сондай-ақ МСАК ұйымдарында халыққа тікелей көмек көрсететін медициналық емес қызметкерлерге де қосымша ақы төлеу көзделген. Атап айтқанда, психологтарға базалық лауазымдық айлықақысының 300%-ы, ал әлеуметтік қызметкерлерге 200%-ы мөлшерінде үстемеақы төлеу ұсынылып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, бұл шаралар халықпен тікелей жұмыс істейтін мамандардың осы салада тұрақтап қалуына бағытталған. Қосымша төлемдер кадрлардың жиі ауысуын азайтуға, маман тапшылығын қысқартуға және пациенттерді үздіксіз медициналық бақылаумен қамтамасыз етуге ықпал етеді деп күтіледі.
Пікірлер