Биылғы байқауға қаланың 50-ден астам мектебінің оқушылары қатысып, іріктеу кезеңінен өткен алты команда финалда бақ сынады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шара қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы аясында жыл сайын ұйымдастырылады. Басты мақсаты – өскелең ұрпаққа адалдық құндылықтарын дәріптеу, оқушыларды парасатты әрі жауапты азамат болуға тәрбиелеу.
Тәуелсіз зерттеу орталығы қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанар Қабидуллақызының айтуынша, биылғы іріктеу кезеңіне 50-ден астам мектеп оқушылары қатысқан. Қатысушылар өз командаларын таныстырып, бейнероликтер мен арнайы плакаттар әзірлеген. 18 қарашада комиссия мүшелері жұмыстарды бағалап, үздік алты команданы финалға жолдама алған.
– Бүгінгі сайыста командалар өзара бақ сынайды. Әр мектепте «Адал ұрпақ» клубтары жұмыс істейді. Қорытынды кезеңде оқушылар арнайы қойылымдарын көрсетеді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар қарастырылған: бірінші орынға – 100 мың теңге, екінші орынға – 80 мың теңге, үшінші орынға 60 мың теңге беріледі, – деді Жанар Қабидуллақызы.
Байқауға қатысушылардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №20 мектептің оқушысы Мөлдір Мұратқызы. Оның айтуынша, мұндай сайыстар оқушылардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, жаңа орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– «Адал ұрпақ» сайысы басқа мектептердің оқушыларымен араласып, олардың білімін көруге, жаңа достар табуға көмектеседі. Биылғы қорытынды кезеңге сыбайлас жемқорлық тақырыбында қойылым дайындап келдік. Көрініске алты оқушы қатысады. Жеңіске жетіп, бірінші орын аламыз деп үміттенеміз, – деді Мөлдір Мұратқызы.
Пікірлер