Астанада аймақ абыройын асырды: күршімдік Мәденовтер отбасы «Мерейлі отбасы» байқауынан жүлдемен оралды
[xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]
Қаланың қарбалас, қым-қуыт, күйкі тірлігінен кейде ауылдың әжік-гүжік әңгімесі, жайдары жұртының алаңсыз шағы әлдеқайда қызық көрінеді. Олардың ел көлемінде жеткен жетістігі де көп болып бірлесе атап өтетін нағыз мереке. Жуықта Күршім ауданындағы Мәденовтер отбасы елордаға барып, олжалы қайтты. Оны естіген жерлестері, жақындары мен жора-жолдастары біркісідей қуанып, сүйінші хабар әп-сәтте жан-жаққа тарады. Шаурахмет Мәденов пен Гүлжанат Мәденова жарты ғасырға жуық ұмырын білім саласына арнаған. Бүгінде бес баланы өсіріп жеткізіп, 16 немеренің қызығын көріп отырған жандар Ақордаға барып келген сапарын асықпай әңгімелеп берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жастық шақтағы жанталас
Мәденовтер отбасының Өскеменде біраз уақыт болатынын естіген соң, мүмкіндік барда сұхбат алып қалуды жөн көрдік. Шаурахмет атамыз сұхбатқа келісім берген соң, алда мәнді де мағыналы әңгіме-дүкен күтіп тұрғаны сезілді. Үйге кіргенде бір бағытта өнімді еңбек еткен ерлі-зайыпты жылы шырай танытып, бірден төрді нұсқады. Отағасы Шаурахмет Мәденов Күршім ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылының тумасы. 78 жастағы қария білім саласында 42 жыл еңбек етіп, басшылық қызметтерді де атқарған. Әңгіме барысында ол өзінің еңбек жолы мен ата-анасынан алған тәрбиесі туралы тебірене баяндады.
– Колхозға еңбегі сіңген отбасында дүниеге келдім. Әкем Мәден азамат соғысына да, Фин соғысына да, Ұлы Отан соғысына да қатысқан. 1945 жылы жараланып, ауылға оралған. 1946 жылы ағам дүниеге келді, одан кейін 1948 жылы мен, ал 1950 жылы інім туды. Шешем егін егу, жер жырту жұмыстарында үш мәрте «стахановшы» атанған адам. Еңбектің қадірін сол кісілерден үйрендік. Әке-шешеміз қартайған шағында біздің қолымызда болды. Олардың берген тәрбиесі мен тәліміне ризамыз. Айтқан ақылдарын өмірлік ұстаным етіп, солардың өнегесімен өстік. Тәрбиесі бізге әрдайым қорған болып, өмірде бағыт-бағдар берді, – деді Шаурахмет Мәденов.
Ақсақал өзінің еңбек жолы қалай басталғанын да әңгімелеп берді.
– Қаратоғай мектебін бітірген соң, үш жыл ауылдық радио торабында монтер болып жұмыс істедім. Өрлеудің, биікке ұмтылудың мәнін сол саладан алдым десем, артық емес. Негізгі мамандығым – биология пәні мұғалімі. Семейдегі қазіргі Шәкәрім атындағы университетте алғашында күндізгі бөлімде оқып, кейін сырттай білім алып, оқуымды аяқтадым. Алғашқы үш жыл қатардағы мұғалім болдым. Одан кейін орта білім ала алмаған еңбек адамдарына арналған кешкі мектеп директоры қызметін атқардым. 1974 жылы Калинин орта мектебіне жіберіліп, еңбек жолым интернат меңгерушісі ретінде жалғасты. Онда 1980 жылға дейін тер төктім. Кейін Жылытау мектебіне ауысып, 25 жыл уақытым сол білім ордасында өтті. 1999 жылы заман өзгеріп, оқушылар саны азайған соң, жолдамамен Күршімдегі №5 мектепке ауыстырылдым, – деді ол.
Бұл мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған жерлесіміз 2011 жылы зейнетке шыққан. Алайда зейнетке шыққаннан кейін де өтініш бойынша тағы үш жыл еңбек етіп, содан соң біржола демалысқа кеткен. Бір байқағанымыз, Шаурахмет Мәденұлы қай кезде болсын адал еңбегін ту етті. «Телміріп алған теңгеден, тер сіңдіріп алған тиын артық» деген Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы. Кейіпкеріміз осыны санасына берік тоқыған екен дестік. Одан кейін әңгімеге атамыздың жары Гүлжанат Мәденова араласты. Ол – Марқакөл ауданына қарасты Шанағатты (Орловка) ауылының тумасы. 70 жастағы апамыз әлі де тың, сөзі ширақ.
– Әке-шешем қойшы болған. Екеуі де еңбек ардагерлері. Әкем соғысқа қатысқан. Біз отбасында он ағайындымыз. Төсқайың ауылындағы (Бобровка) онжылдық мектепті бітірдім. Мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Еңбек жолымды Күршімдегі «Ясель» деп аталатын балабақшадан тәрбиеші болып бастадым. Содан бері бір ғана мамандық тізгінін ұстап келемін, – деді апамыз.
Ескірмеген махаббат естеліктері
Шаурахмет ата мен Гүлжанат апаның шаңырақ көтергеніне биыл 52 жыл толыпты. Өмірдің ыстығы мен суығын, қызығы мен қиындығын бірге өткерген, қол ұстасып талай белесті бағындырған қариялар қалай танысып, қалай отау құрғандарын да еске алды. Естеліктерін тыңдап отырғанда, жүздерінен жылылық, дауыстарынан бір-біріне деген құрмет пен мейірім сезіліп тұрды. Қағытпа қалжыңдары қандай! Атамыз апамызды өзара келісіммен алып қашқан екен. Оның өзі де өзгеше бір хикая.
– 1974 жылдың қыркүйегінде қосылдық. Шынын айтсам, бір көргеннен ғашық болдым. Бұл кісінің ағасымен жолдас едім. Апаларың Төсқайыңнан келіп, тәрбиеші болып жұмыс істеп жүрген. Махаббат деген қойсын ба, көңілім ауып, соңынан жүріп, айналдырып алдым. 28 қыркүйекте екеуміз келісіп, алып қаштым. Ол кезде такси деген жоқ. Түс кезінде қол ұстасып, көшенің басына шықтық. Алдын ала келісілген жеңіл көлік бұзылып қалыпты. Сөйтіп, қазіргі замандасымның Қалғұтыға бара жатқан ГАЗ-51 жүк көлігін тоқтатып, отырдық. Апаларың сөмкесіне жайғасса, мен баллон үстіне отырдым. Ал бізді жеңіл көлікпен келеді деп ойлаған жұрт шашуларын дайындап, күтіп тұр екен. Жүк көлігінен түсіп, дастарқан басына келдік. Міне, бұл да махаббаттың құдіреті, – деп күліп еске алды Шаурахмет ата.
Апамыз да езу тартып, қазақ әйеліне тән биязылықпен атамызға деген ыстық ықыласын аңғартты. Жарты ғасырға жуық бірге ғұмыр кешкен жұптың бес үш ұл, екі қызы бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, балалары да ата-анасының берген тәрбиесін бойларына сіңіріп, өмірден өз орындарын тапқан. Барлығы жоғары білім алған. Бірінің шаруа қожалығы бар, асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Екіншісі бөлім басшысы болса, енді бірі механизатор. Қыздарының бірі инженерлік-инновациялық бағытта білім алса, екіншісі педагог-психолог мамандығын меңгерген. Ал ұл-қыздарынан тараған 16 немересі ата-әжесінің көз қуанышына айналған. Жақында береке-бірлігі жарасқан өнегелі отбасы елордаға барып, «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, өңір абыройын асқақтатып қайтты.
– Былтыр да байқауға қатысу туралы ұсыныс түскен еді, бірақ ол кезде қатыспай қалдық. Биыл тағы ұсыныс айтылған соң, ақылдаса келе бағымызды сынап көрейік деп шештік. 15- шілдеде аудандық кезеңнен өтіп, жеңімпаз атандық. Одан кейін құжаттарымызды облыстық кезеңге жолдадық. «Бұл байқауға қатысуға лайықты жетістіктеріңіз бар» деді. Назарбаевтан екі, Тоқаевтан үш, Парламент пен Сенат төрағаларынан алған екі Алғыс хатымыз бар. Сондай-ақ 2021 жылдан бері Күршім ауданының құрметті азаматымын. Осындай жетістіктерімізді жинақтап, байқауға ұсындық, – деді Шаурахмет Мәденов.
Байқау барысында отбасының жетістіктері мен марапаттары, қоғамдық өмірге қосқан үлесі де ескерілген. Ел көлемінде 3611 адам, облыс бойынша 163 отбасы қатысқан байқауда Мәденовтер әулетінің де еңбегі еленді. Жылдар бойы төккен тердің, ұрпақ тәрбиесіне арнаған ғұмырдың жемісін көру олар үшін үлкен бақыт екенін қарттар жанарынан анық байқалды.
– Қуанышымызда шек жоқ. Бұл – адам баласына бұйыра бермейтін бақыт. Омар Хайямның «Егер Құдай сені бақытты еткісі келсе, ең қиын жолмен жетелейді. Өйткені бақытқа апаратын оңай жол болмайды» деген сөзі бар. Осыны оқи отырып, өз өмірімді де сараладым. Бұл – апаң екеуміздің бір-бірімізге деген сеніміміз бен махаббатымыздың арқасы. Шаңырағымыз шайқалмай, осынша жыл бірге өмір сүріп келеміз. Бақытты бағалай білген адам ғана бақытты бола алады, – деді Шаурахмет Мәденов.
Бақыттың сыры – сыйластыққа байланған
Отбасы құндылығын ту еткен ерлі-зайыптыдан ұзақ жылдар бойы тату-тәтті өмір сүрудің сыры мен бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдарын да сұрадық. Гүлжанат Мәденова келін болып түскенде небәрі 19 жаста болған. Бүгінде бала келіннен дана әжеге айналған апамыз жас отбасыларға айтар ақыл-кеңесін бөлісті.
– «Өзі жақсыға мың жылдық орын табылады» дейді ғой. Өзің жақсы болсаң, саған да жақсы адам жолығады. Ата-анамыздың ренжіскенін, балалардың бір-бірімен шекіскенін байқамадым. Мұның бәрі сыйластыққа байланысты деп ойлаймын. Біздің кезімізде үлкенді құрметтеу мен еңбекқорлыққа ерекше мән берілетін. Жастарға айтарым, үлкенді сыйлап, қажет кезде кішірейе білу керек. Кішіге қамқор болып, тәртіпті болған жөн. Қазір балалар түрлі дүниені көріп, соған еліктейді ғой. Ал біздің кезімізде кітапты көп оқып, мағыналы әңгімелерден ой түйетінбіз. Сол оқығанымыз бен естігеніміз санамызға сіңді. Үлкенді сыйлай білген жерде отбасының берекесі де сақталады. Өзің түскен әулетті жамандауға болмайды. Мен өмірде «Сабыр түбі – сары алтын», «Кең болсаң, кем болмайсың», «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген үш нақылды басшылыққа алдым. Осы қағидаларды берік ұстансаң, жаман болмайсың, – деді Гүлжанат апа.
Отбасының тірегі – әке болса, ұйытқысы – ана. Екеуінің де бала тәрбиесіндегі орны ерекше. Білім саласында ұзақ жыл еңбек етіп, талай шәкірт тәрбиелеген қос ұстаз үйде де балаларына адалдық пен адамгершілікті басты орынға қойған.
– Балаларыма ең алдымен адал болуды үйреттім. Ешқашан өтірік айтпаңдар деп ескертетінмін. Өзім де айтқан сөзімнен тайған емеспін. «Біреудің ала жібін аттамаңдар, ешкімнің ақысын жемеңдер» деп үнемі айтып келемін. Мансап қумаңдар, ең бастысы, өз жұмыстарыңды адал әрі сапалы атқарыңдар дейтінмін. Жақсы жұмыс істеп, өнегелі, тәртіпті болсаңдар, мансап өзінен-өзі келеді. Тіпті киім киюдің өзінде ұқыптылық пен тиянақтылық болуы керек. Сыртқы келбет пен ішкі жан дүниең үйлесімді болғаны жөн, – деді Шаурахмет Мәденов.
Жарты ғасырдан астам уақыт бірге ғұмыр кешкен жұбайлар жарасымды өмір сүрудің өзіндік формуласын да қалыптастырған. Отағасы оны «3С+С» қағидасы деп атайды.
– Біріншісі – сезім. Сезім болмаса, жүректе махаббат та туындамайды. Сезім санада ой болып, жүректе сақталады. Екіншісі – сыйластық. Мен апаларыңды сыйлаймын, өйткені ол – балаларымның анасы. Ал бұл кісі мені сыйлайды, өйткені мен – дүниеге әкелген балаларының әкесімін. Үшіншісі – сенім. Қазіргі жастар арасында бір-біріне сенімсіздік таныту жиі кездеседі. Ерлі-зайыптылар қайда жүрсе де, бір-біріне сенуі керек. Сенімсіздік махаббатты өлтіреді. Ал төртіншісі – сабыр. Сабыр бәрін жеңеді. Сабырдың дұшпаны – асығыстық, ақылдың дұшпаны – ашу. Әр отбасы көреген болуы қажет, – деді Шаурахмет ата.
Мәденовтер әулетінің тағы бір ерекшелігі – мерейтойларын даңғазалы тойға айналдырмай, отбасылық ортада атап өтуі. Күміс тойда да, алтын тойда да үлкен той жасамаған. Балаларымен бір дастарқан басына жиналып, ақ тілектерін айтып, қуанышты қарапайым түрде өткізген. Сұхбат соңында қариялар күршімдіктерге деген ыстық ықыласын білдіріп, туған жерге ақ тілектерін арнады.
– Ең бастысы, халықтың береке-бірлігі болсын. Бірлік бар жерде тыныштық та болады. Ауданымыз өркендеп, өсіп-өне берсін. Әрдайым алдыңғы қатардан көрініп, дами берсін, – деді бізге қарап, жымия тіл қатқан қарт ұстаздар.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз
Пікірлер