444.16 487.29 5.4
A+ A A-

ШҚО-да тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуына бақылау күшейтіледі

ШҚО-да тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуына бақылау күшейтіледі [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Жақында Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешені аумағында болған оқиғаға байланысты Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен кеңес өтті. Оған құқық қорғау органдарының өкілдері, қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Алдымен Зайсан ауданындағы көне қорғандардың бүлінуі мүмкін деген жағдай қаралды. Аудан әкімінің мәліметінше, 13 қарашада оқиға орнына полиция қызметкерлері барған. Археологиялық кешен аумағында «SRS» ЖШС-не тиесілі техниканы пайдаланып, бұған дейін қазылған шұңқырларды топырақпен көму жұмыстары жүргізілгені анықталды. Оқиға орнындағы азаматтардың кім екені анықталып, тиісті материалдар полицияда тіркелген.

Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау саласының мамандары, археолог, аудан әкімдігі мен полиция өкілдері аумақты тексерді. Жер қазу жұмыстарының іздері фото және видеоға түсіріліп, тиісті акт жасалған. Алайда қар жамылғысына байланысты қорғандардың қазіргі жай-күйін толық бағалап, келтірілген залалдың көлемін анықтау әзірге мүмкін болмай отыр. Қосымша зерттеу жұмыстары 2027 жылдың көктеміне жоспарланған. Қажет болған жағдайда шұғыл археологиялық-құтқару жұмыстары ұйымдастырылады.

Археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 295-бабы 2-бөлігі 1 және 3-тармақтары негізінде қылмыстық іс қозғалған. Аталған бапта адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, сондай-ақ арнайы техникалық құралдар мен жер қазу машиналарын пайдаланып, археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізгені үшін жауапкершілік көзделген. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Кеңесте өңірдегі тағы бір маңызды тарихи нысан - Катонқарағай ауданындағы «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының жағдайы мен қауіпсіздік шаралары да талқыланды. Оның аумағында сақ және түркі дәуірлеріне тиесілі 100-ден астам қорған бар. Соның 60-тан астамы археологтардың зерттеуінен өткен. Қорғандар орналасқан аумақтың жалпы көлемі - 174 гектар.

Қазіргі уақытта музей-қорықтың бүкіл аумағы металл қоршаумен қоршалған. Нысанды «DAO-Security» ЖШС күзетеді. Сонымен қатар штатта күн сайын аумақты аралап, тексеретін инспектор қарастырылған.

Қауіпсіздікті күшейту мақсатында музей ғимараттары мен аумағына 23 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар жол бойы мен Катонқарағай ауданының елді мекендерінде тағы 102 камера жұмыс істейді. Олар аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығына қосылған. Нысан шекаралық аймақта орналасқандықтан, оның аумағын шекара қызметінің бөлімшелері де бақылауда ұстайды.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қоршаулар мен бейнебақылау камераларының болуы тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне формалды қарауға негіз болмауы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай нысандарға тұрақты бақылау орнатып, кез келген заңбұзушылықты дер кезінде анықтап, қауіп-қатерге жедел әрекет ету қажет.

Осыған байланысты жауапты органдарға ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, тарихи-мәдени мұра нысандарының жай-күйін бақылауды арттыру және заңсыз археологиялық жұмыстардың алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылдау міндеті қойылды.

Шығыс Қазақстанның бірегей тарихи мұрасын сақтау - ортақ жауапкершілік. Бұл бағытта формалды есеппен шектелмей, бейінді мекемелер мен құқық қорғау органдарының бірлескен жүйелі жұмысын қамтамасыз ету маңызды.

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив