444.16 487.29 5.4
A+ A A-

ШҚО-дағы қаңғырған ит-мысыққа қатысты жаңа ережелер кейбірін қапаландырып қойды

ШҚО-дағы қаңғырған ит-мысыққа қатысты жаңа ережелер кейбірін қапаландырып қойды [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Күтпеген кезде қапқанда, еркелегендей кейіп танытып, тісін ақсита қалғанда қорықпайтын адам жоқ шығар. Бірақ оларды ату, әлдебір затпен қуалап, күш көрсету заң жүзінде қорғалып отыр. Ал оларды жансыздандыру, уақытша орналастыру тәртібіне өзгерістер енгізу туралы жоба қазір жануарларды қорғаушылар қауымдастығын кәдімгідей алаңдатып отыр. Белсенділер жануарларды аулау жұмыстары ашық жүргізілмейтінін айтып, бюджет қаражатының жұмсалуын тексеруді талап етуде. Ал мемлекеттік органдар өз әрекеттерін қолданыстағы заңнама мен мердігер ұйымның жұмысына сілтей отырып түсіндіреді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Жойып жіберуі мүмкін»

Енді облыстық мәслихаттың жаңа шақырылымындағы депутаттарға «Шығыс Қазақстан облысында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын, жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекіту туралы» 2022 жылғы 22 тамыздағы №18-156-VII шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жобаны қарауға тура келеді. Құжат облыс әкімдігі сайтында биыл 8 қазан күні, ал «Ашық НҚА» порталында 13 қазанда жарияланған. Қоғамдық талқылау 3 қарашада аяқталды. Құжатты әзірлеуші – облыстық Ветеринария басқармасы. Алайда жануарларды қорғаушылар негізгі қарсылықтар мен пікірталастар ресми талқылау алаңынан тыс қалғанын айтады.

Олардың сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістер қаңғыбас иттер мен мысықтарды жаппай жансыздандыруға жол ашуы мүмкін. Белгілі болғандай, мұндай тәжірибе Өскеменде қолданылып келеді. Қаладағы «Досым» оңалту орталығының жетекшісі Елена Скосареваның айтуынша, белсенділердің жоба төңірегіндегі басты қарсылығы сол, жануарларды жансыздандыруға негіз болатын жағдайлар мен осы рәсім тәртібіне байланысты. Атап айтқанда, жоба бойынша, егер бес күнтізбелік күн ішінде жануарды жаңа иесіне беру туралы зооқорғау ұйымдары немесе басқа тұлғалардан өтініш түспесе, қаңғыбас иттерді жансыздандыруға мүмкіндік беретін норма қарастырылған. Сондай-ақ микрочип немесе электрондық дерекқордағы тіркеудің болмауы жануарды қаңғыбас деп тануға негіз болуы мүмкін деген мәселе де өзекті болып отыр. Өйткені жануардың шын мәнінде иесі болуы мүмкін. Даулы нормалар қатарында иттерді үш және одан да көп болып топтасып жүруіне байланысты эвтаназиялауға мүмкіндік беретін жаңа негіздер, сондай-ақ сәйкестендірілген және сәйкестендірілмеген жануарларды уақытша ұстау мерзімдерінің әртүрлі белгіленуі бар.

Елена Скосарева қалада шамамен 30 адамнан тұратын жануарларды қорғау бойынша бастама тобына жетекшілік етеді. Оның пікірінше, ұсынылып отырған нормалар жағдайды жеткілікті дәрежеде тексермей-ақ, қайтымсыз шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

– Жоба иттерді сол жерде-ақ жансыздандыру үшін әзірленген. Ауладағы жануарларға қатысты тұрғыннан шағым түссе болғаны, аулау бригадасы келіп, оларды жойып жіберуі мүмкін, – дейді ол.

Белсенділер мысықтарға да осындай қауіп барын жеткізді. Олар да жануарлардың көшеде бақылаусыз жүруін қолдамайды. Қайта, олардың санын реттеудің балама жолын ұсынатынын атап өтті. Атап айтқанда, жануарларды аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау, уақытша ұстау, бұрынғы немесе жаңа иелерін іздеу. Зооқорғаушылар иттерге бұрынғы иесін іздеп, жаңа иесін тауып беруге мүмкіндік беретін жеткілікті мерзім қарастырылуы қажеттігін айтып отыр.

– Жануарлардың өмірін қиюға қатысты шешімдерді өз бетінше қабылдауға жол бермейтін ашық рәсімдер белгіленуі керек. Жоба Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарын, жануарларға ізгілікпен қарау қағидаттарын және қоғамдық қауіпсіздікті қорғау қажеттілігін ескере отырып, қайта қаралуы тиіс, – дейді Елена Скосарева.


Әкімдік әрекетінен заңсыздық көрді

Айта кету керек, бұл саладағы негізгі нормативтік құқықтық акт – 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №97-VII ҚРЗ «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. Аталған заңның 25-бабында қаңғырған жануарлар санын реттеу кешенді шаралар арқылы жүзеге асырылуы керектігі көрсетілген. Олардың қатарында жануарларды орналастыру, шаралар жүргізу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу бар. Ал жануарларды жансыздандыруға заңда көзделген жағдайларда ғана жол беріледі. Мұндай дау-дамай түзетулер жобасы жарияланбай тұрып-ақ басталған.

Зооқорғаушылар биыл 1 қаңтардан бастап қаңғырған жануарларды аулау бағдарламасын іске асыру ветеринария органдарынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері қарамағына берілгеннен соң, жануарларды аулау жұмыстарының ашықтығы бұрынғыдан да төмендеген. Елена Скосареваның сөзінше, көктемде Өскеменде иттерді атып кеткен. Белсенділер оқ жарақаттары бар жануарлар өлекселерін тауып, оларды ветеринарлық емханаға апарған. Содан өлімнен кейінгі сараптама жасатып, полицияға арызданды. Алайда құқық қорғау органдары мұндай әдістерді қалалық ТҮКШ бөлімі мердігер ұйымдармен бірлесіп, жануарлар санын реттеу мақсатында қолданатынын айтқан. «Досым» оңалту орталығы жетекшісінің айтуынша, аталған әр жағдай бойынша арыз-шағым жолданған. Бір жыл ішінде бастама тобы түрлі мемлекеттік органға, соның ішінде прокуратура мен Бас прокуратураға 100-ден астам өтініш берген. Алайда шағымдардың басым бөлігі өздері арызданған ТҮКШ бөлімі мамандарына қайта жолданыпты. Зооқорғаушылар жануарларды аулап, зарарсыздандыру бойынша есептердің шынайылығына да күмән келтіреді. Мәселен, Елена Скосарева іс жүзінде атқарылған жұмыстар нәтижесі есепте көрсетілген көлеммен қабыспайтынын жеткізді. Бұл айыптаулар уәкілетті органдар тарапынан тексеруді қажет етеді.

Назар аударуды қажет ететін тағы мәселе қалалық ТҮКШ бөлімінің мердігері, осы жылы жануарларды аулау, ұстау, сәйкестендіру және вакцинациялау жұмыстарын ұйымдастыруға мемлекеттік тапсырыс алған «ТОМИРИС» жеке кәсіпкерлігі төңірегінде. ТҮКШ бөлімі ақпаратынша, ауланған иттер Самсоновка ауылындағы Береговая көшесі, 15/1 мекенжайында орналасқан жануарларды уақытша ұстау орнына жеткізілген. Ресми жауапта онда арнайы қоршаулар орнатылғаны, ал ветеринарлық тексеруді мердігермен келісімшарт негізінде жұмыс істейтін маман жүргізгені көрсетілген. Жануарлардың әкелінуі мен одан кейінгі жағдайы арнайы журналдарға тіркеліп отырды. Алайда дәл осы ақпараттың толық, жан-жақты болуы сот талқылауына негіз болды.

Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық инспектор Анна Зарчикова қалалық ТҮКШ бөлімінің әрекетсіздігін заңсыз деп тануды және жануарларды аулау мен ұстау жұмыстарына қатысты толық әрі жан-жақты ақпарат беруді міндеттеуді талап етіп, сотқа жүгінген. 2026 жылғы 14 шілдеде ШҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты медиациялық келісімді бекітті. Соған сәйкес, ТҮКШ бөлімі растайтын құжаттарымен бірге қажетті ақпаратты ұсынуға міндеттелді.

Алайда 27 шілдеде жолданған алғашқы жауапты сот жалпы сипатта әрі жеткіліксіз деп таныды. Онда жануарларды жеке есепке алу тәртібі, клиникалық тексеру, вакцинациялау, зарарсыздандыру және сәйкестендіру рәсімдерін құжатпен рәсімдеу, қолданылатын препараттар, сондай-ақ өлген, жансыздандырылған жануарлармен жұмыс істеу тәртібі туралы мәліметтер ұсынылмаған.


Басқармаға бағытталған өтініш

9 қыркүйек күні сот медиациялық келісім талаптарының толық орындалмағанын анықтап, қалалық ТҮКШ бөліміне 50 АЕК (216 250 теңге) мөлшерінде өндіріп алу шарасын қолданды. Бөлімге міндеттемелерін толық орындау үшін 24 қыркүйекке дейін мерзім берілді. Кейін ТҮКШ бөлімі сотқа 23 қыркүйекте Анна Зарчиковаға қосымша ақпарат жолдағанын, ал 8 қазанда айыппұлды бюджетке аударғанын хабарлаған. Құжаттарда мердігердің жануарларды есепке алу журналдарын, ветеринарлық жазбаларды жүргізетіні және жануарлардың өлекселерін мал қорымымен жасалған келісімшарт негізінде кәдеге жаратуға жіберетіні де көрсетілген.

Сөйтіп, сот актісі медиациялық келісімнің дұрыс әрі уақтылы орындалмағанын растады. Алайда сот жануарларды заңсыз жансыздандыру немесе оларға қатыгездік көрсету фактілерін анықтаған жоқ. Қалалық ТҮКШ бөлімінің ресми мәліметінше, қаңғырған жануарлар санын реттеу шаралары «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң мен қолданыстағы аулау және уақытша ұстау қағидалары аясында жүргізіледі. Анықталғандай, жануарларды есепке алуды мердігер өз бетінше жүргізеді, ал орындалған жұмыстар қабылдау актілері және есептік материалдармен расталады. Ведомство ветеринарлық сүйемелдеу, арнайы аулау құралдары мен қарғыбауларды пайдалану, сондай-ақ Самсоновка ауылында жануарларды уақытша ұстау орнының бар екенін хабарлаған. Алайда Анна Зарчикова медиациялық келісімнің әлі де толық орындалмағанын айтады. Сонымен қатар қоғамдық инспектор Самсоновка ауылындағы жануарларды ұстау орнының нақты жұмыс жағдайын анықтауды жалғастырған. Нысанға барған соң ол иттерді ұстау жағдайларында бірқатар заңбұзушылық бар екенін айтып, полицияға арызданған. Жануарларды қорғаушылардың тағы бір наразылығы облыстық жобаға қатысты қоғамдық талқылаудың өткізілу мерзіміне байланысты болды. 12 қазан күні Президент Жарлығымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, жаңа депутаттарды сайлау 29 қарашаға белгіленген. Ал түзетулер жобасы келесі күні жарияланып, қоғамдық талқылау жаңа сайлауға дейін аяқталған.

Осыған байланысты зооқорғаушылар ветеринария басқармасына өтініш жолдады. Онда жобаны неге дәл осы кезеңде жариялау себебін, азаматтардың ұсыныстары мен ескертулері қалай ескерілетінін түсіндіруді талап еткен.

 

Айсана МЕДЕУБЕК

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив