Кеше ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Дархан Мырзабаев Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сапанов қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соның барысында цифрлық технологияларды геология мен өнеркәсіпке, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына енгізу мәселелері талқыланды. Вице-министр әр бағыттағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталып, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдердің тиімділігін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Атап айтқанда, геологиялық деректерді цифрландыру, кен орындарын жасанды интеллект көмегімен барлау, өндірістік кәсіпорындарға цифрлық егіздер мен роботтандырылған жүйелерді енгізу тақырыптары қозғалды. Құрылыс саласында BIM технологиясын қолдану және мемлекеттік сараптама кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану бағытындағы жұмыстар таныстырылды.
Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Елдегі су, жылу және электр энергиясын есепке алу құралдарын қашықтан дерек беретін жүйеге көшіру, Smart Turmys бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу және су арналарын WaterTech жүйесіне біріктіру жоспарлары айтылды.
- Бұл бастамалар коммуналдық қызметтердің ашықтығын арттыруға, су шығынын азайтуға, апаттарды жедел анықтауға және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, - деді Дархан Мырзабаев.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, салаға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Пікірлер