Кейбірі 40-50 жылдан бері пайдаланылып келеді. Уақыт өткен сайын әбден тозған жабдықтар жиі бұзылып, жөндеуге кететін шығын көбейген. Соған қарамастан, қаладағы жедел сатыны жаңарту жұмыстары әлі жүзеге асырылмай отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Inbusiness.kz мәліметінше, Өскеменде барлығы 900-ге жуық лифт бар. Мамандандырылған ұйым өкілдері соның шамамен 200-і апатты жағдайда екенін алға тартқан. Кейбір ескі үлгіге қажетті қосалқы бөлшектерді табу да қиындапты. Ал тұрғындар лифт кабиналары жиі істен шығып, оларды жөндеуге қомақты қаражат жұмсауға мәжбүр екендеріне шағымданады.
– Мұндай лифтілер қазір шығарылмайды. Жиі бұзылады. Сондықтан ақша жинап, жөндеуге мәжбүрміз. Қозғалтқышты қайта орнату қажет болса, кемі 100 мың теңге кетеді. Ал басқа бөлшектерді қажет қосылса, кейде 200 мың теңгеге дейін жинаймыз. Лифтілер ауыстырылса жөн еді. Мемлекеттік органдарға да бірнеше рет жүгінген болатынбыз, – деді «Қазақстан 70» мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Галина Ефремова.
Оның айтуынша, кейбір үйдегі лифтілерді ауыстыру мәселесі 2014 жылы-ақ көтерілген. Ефремованың сөзінше, ол тұратын үйдегі он лифт 2018 жылдан бері коммуналдық меншікте. Қала бойынша мұндай лифтілердің саны шамамен 80-ге жетеді.
– Тұрғын үй қатынастары бөлімі арнайы жобасын әзірлеген сияқты. Бірақ біз оларды өз қаражатымызға ауыстыра алмаймыз. Өйткені лифтілер коммуналдық меншікте. Сондықтан қала бюджетіне лифтілерді ауыстыруға қаражат бөлінгенін күтіп отырмыз. Содан кейін ғана оларды меншігімізге береді, – деді ол.
Қазақстанда көпқабатты үйлердегі ескі лифтілерді ауыстырып, күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлу тетігі әзірленді. Алайда әзірге бұл жұмысты қолға алатын арнайы оператор табылмады. Тұрғын үй қатынастары бөлімі мәліметінше, тиісті қағидалар жобасы 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында әзірленген.
Жобаға сәйкес, лифтілерді жаңартуға қажетті қаражат жергілікті бюджеттен қайтарымды негізде бөлінеді. Кейін пәтер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері жұмсалған шығынды арнайы оператор арқылы кезең-кезеңімен өтеуі тиіс. Мәселені күрделендіретін тағы бір жайт бар. 2027 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда сейсмикалық әсер жағдайында пайдалануға арналған лифтілерге қосымша талаптар күшіне енеді. Жаңа стандарт жаңадан орнатылатын лифтілерге қатысты. Ал қолданыстағы жабдықтарға бұл талаптар қолданылмайды.
Лифт ауыстырылғанда сейсмикалық датчиктер орнатылып, стандартта көзделген өзге де талаптар орындалуы керек. «Лифтэк» ЖШС басшысы Асхат Нурушевтің айтуынша, датчиктердің өзі жабдықтың жалпы құнына айтарлықтай әсер етпейді. Облыс үшін негізгі мәселе – өңірдің сейсмикалық ерекшелігіне байланысты лифт шахталарын күшейту қажеттілігі. Мамандар сөзінше, дәл осы қосымша құрылыс жұмыстары жоба құнын едәуір арттыруы мүмкін. Асхат Нурушевтің айтуынша, шахталарды сейсмикалық тұрғыдан күшейту лифт ауыстыру шығынын кемінде 50 пайызға өсіреді. Мәселен, бастапқы құны 15-16 миллион теңге болатын лифтіні орнату қосымша талаптардан кейін 22-24 миллион теңгеге дейін қымбаттауы ықтимал.
Өз тілшіміз
Фотосурет: ашық дереккөзден
Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
Тіркелу
[xfgiven_foto]
Пікірлер