458.57 501.54 5.57
A+ A A-

Қыста балалар арасында қандай аурулар жиі тарайды, ата-ана нені білуі керек - педиатрмен сұхбат

Қыста балалар арасында қандай аурулар жиі тарайды, ата-ана нені білуі керек - педиатрмен сұхбат [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Қыс мезгілі жақындаған сайын балалар арасында тыныс жолдарының жұқпалы ауруларының таралу қаупі артады. Әсіресе балабақша мен мектепке баратын бүлдіршіндер мен оқушылар түрлі вирустарды тез жұқтыруы мүмкін. Кейде ата-аналар аурудың алғашқы белгілерін елемей, баланы үйде өз бетінше емдеуге тырысады. Ал кейбірі дене қызуы сәл көтерілсе де, бірден дәрі-дәрмек беруге асығады. Қылышын сүйреткен қаһарлы қыста балалардың денсаулығын қалай күту керек? Қандай белгілер қауіпті? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін педиатр Назым Кенжебаеваны әңгімеге тартып көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Қыс мезгілінде балалар арасында қандай аурулар жиі кездеседі?

– Балалар арасында жіті респираторлық вирустық инфекция, тұмау, риновирустық және респираторлық-синцитиалды вирустық инфекциялар жиі кездеседі. Кейбір балаларда ауру асқынып, бронхит, бронхиолит немесе пневмонияға ұласуы мүмкін.

Қыста инфекциялардың таралуына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, балалар көп уақытын жабық ғимараттарда өткізеді. Екіншіден, мектеп пен балабақшада балалар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болады. Үшіншіден, бөлмелердің жиі желдетілмеуі және ауа ылғалдылығының төмен болуы тыныс жолдарының шырышты қабығына кері әсер етуі мүмкін.

 

– Әсіресе балабақша мен мектеп жасындағы балалар қандай инфекцияларға жиі шалдығады?

– Балабақша жасындағы балаларда ЖРВИ жиі кездеседі. Себебі олардың иммундық жүйесі әлі қалыптасу үстінде және көптеген вирустармен алғаш рет кездеседі. Мектеп оқушылары да тұмау, аденовирус, риновирус секілді инфекцияларды жиі жұқтырады. Бір нәрсені ескерген жөн, балаға жылына бірнеше рет суық тиюі мүмкін. Бұл әрдайым иммунитеті нашар дегенді білдірмейді. Алайда аурулар өте жиі қайталанса, ұзаққа созылса немесе ауыр өтсе, дәрігерге қаралған дұрыс.

 

– Суық ауа райының өзі бала денсаулығына қаншалықты әсер етеді?

– Суықтың өзі вирустық инфекция тудырмайды. Аурудың негізгі себебі – вирустар мен бактериялар. Дегенмен суық мезгілде адамдардың жабық бөлмелерде көбірек болуы инфекцияның таралуына қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан баланы жылы киіндіру маңызды болғанымен, оны үнемі үйде ұстап отыру дұрыс емес. Ауа райына сай киіндіріп, таза ауада серуендету қажет.

 

– Балаларды аурулардан қорғау үшін ата-аналар қандай сақтық шараларын ұстануы керек?

Ең алдымен, қарапайым гигиена талаптарын сақтау қажет. Балаларға қолды сабындап жууды, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз-мұрнын шынтақтың ішкі жағымен жабуды үйреткен жөн. Сонымен қатар үй-жайды күніне бірнеше рет желдетіп, баланың жасына сай дұрыс әрі құнарлы тамақтануын қамтамасыз етіп, ұйқы режимін сақтаңыздар. Бөлменің ауасын шамадан тыс құрғатпай, науқас адамдармен жақын қарым-қатынасты шектеу керек.

 

– Баланың дұрыс тамақтануы мен ұйқы режимі иммундық жүйеге қаншалықты әсер етеді?

– Әсері өте көп. Баланың ағзасы қалыпты жұмыс істеуі үшін ақуыз, пайдалы майлар, дәрумендер мен минералдар жеткілікті болуы керек. Күнделікті ас мәзірінде көкөніс, жеміс-жидек, ет, балық, сүт өнімдері болғаны дұрыс. Ұйқы да маңызды. Ұйқысы қанбаған баланың ағзасы шаршап, инфекцияларға қарсы тұру қабілеті төмендеуі мүмкін. Бірақ иммунитетті бір ғана тағаммен немесе дәруменмен күшейту мүмкін емес. Дәрумендерді, әсіресе жоғары мөлшерде, дәрігердің кеңесінсіз беруге болмайды.

 

– Қыста баланы далада серуендетуге бола ма?

– Әрине. Егер баланың денсаулығы жақсы болса, ауа райына сәйкес киіндіріп, таза ауада серуендеткен пайдалы. Бірақ қатты аяз, боран, көктайғақ немесе ауа сапасының нашарлауы кезінде серуен уақытын шектеген жөн. Баланы тым қалың киіндіріп, терлетіп жіберу де дұрыс емес. Ал дене қызуы көтеріліп, жалпы жағдайы нашарлаған кезде баланы серуендетпей, үйде тынықтырған дұрыс.

 

– Бала ауыра қалса, ата-аналар көбіне қандай қателіктер жібереді?

– Ең жиі кездесетін қателіктің бірі – баланы өз бетінше емдеу. Ата-аналар кейде өткен жолы көмектескен дәріні қайта береді. Бірақ әр аурудың себебі әртүрлі болуы мүмкін. Тағы бір қателік – антибиотикті дәрігердің тағайындауынсыз қолдану. Сондай-ақ баланы терлету үшін тым қалың орау, дене қызуы көтерілгенде спиртпен немесе сірке суымен сүрту де дұрыс емес. Бала ауырған кезде оның жалпы жағдайына, тыныс алуына, сұйықтық ішуіне және зәр шығаруына назар аудару керек.

 

– Дәрігердің кеңесінсіз антибиотик немесе вирусқа қарсы препарат беру қаншалықты қауіпті?

– Антибиотиктер бактериялық инфекцияларға қарсы қолданылады. Ал ЖРВИ мен тұмау вирустардан туындайтындықтан, антибиотик оларды емдемейді. Орынсыз антибиотик қолдану ішек микрофлорасының бұзылуына, аллергиялық реакцияларға және антибиотикке төзімді бактериялардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Вирусқа қарсы препараттардың да барлығын бірдей кез келген жағдайда қолдануға болмайды. Мысалы, тұмауға қарсы арнайы вирусқа қарсы дәрілер кейбір науқастарға қажет болуы мүмкін, бірақ оны дәрігер анықтайды.

 

– Баланың дене қызуы көтерілгенде бірден түсіруге тырысу дұрыс па?

– Дене қызуы – ағзаның инфекцияға қарсы табиғи реакцияларының бірі. Сондықтан термометрдегі көрсеткішке ғана емес, баланың жалпы жағдайына да қарау қажет. Егер бала өзін жақсы сезінсе, сұйықтық ішіп, белсенді болса, дене қызуын міндетті түрде бірден түсіру қажет емес. Ал бала мазасызданып, басы немесе денесі ауырып, жағдайы нашарласа, жасына және салмағына сәйкес парацетамол немесе ибупрофен қолдануға болады. Дозасын дәрігердің нұсқаулығына сәйкес анықтау керек. Аспиринді балаларға беруге болмайды. Сондай-ақ парацетамол мен ибупрофенді дәрігердің кеңесінсіз кезектестіріп қолданбаған жөн.

 

– Қандай белгілер байқалғанда ата-ана баланы міндетті түрде дәрігерге көрсетуі керек?

– Егер баланың дене қызуы бірнеше күн бойы түспесе, жөтелі күшейсе, тыныс алуы жиілесе, тамақтан және судан бас тартса немесе жалпы жағдайы нашарласа, дәрігерге қаралу қажет. Әсіресе үш айға толмаған нәрестенің дене қызуы 38°C немесе одан жоғары болса, шұғыл медициналық тексеру керек. Баланың жағдайы жақсарғаннан кейін қайтадан қызуы көтеріліп, жөтелі күшейсе де, асқыну мүмкіндігін ескеру қажет.

 

– Жөтел мен мұрын бітелуінің ұзаққа созылуы қандай аурулардың белгісі болуы мүмкін?

– Жөтелдің ұзаққа созылуы әртүрлі себептерге байланысты болуы мүмкін. Ол вирустық инфекциядан кейін де бірнеше апта сақталуы ықтимал. Сонымен қатар аллергиялық ринит, бронх демікпесі, көкжөтел және басқа да аурулардың белгісі болуы мүмкін. Егер жөтел ұзаққа созылса, түнде күшейсе, ентігу немесе сырылмен қатар жүрсе, міндетті түрде дәрігердің тексеруі қажет.

 

– Аурудан кейін баланы мектепке немесе балабақшаға қашан жіберуге болады?

– Бала өзін жақсы сезініп, дене қызуы кемінде 24 сағат бойы қызу түсіретін дәрісіз қалыпты болғанда және күнделікті белсенділікке шамасы жеткенде ұжымға оралуы мүмкін. Алайда кейбір инфекциялық ауруларға қатысты оқшаулау мерзімі бөлек белгіленеді. Сондықтан нақты ауруға байланысты дәрігердің кеңесін басшылыққа алған жөн.

 

– Бір үйде бірнеше бала болса, біреуі ауырған жағдайда қалғандарын қалай қорғауға болады?

– Ауырған баланың жеке ыдысын, сүлгісін қолданған дұрыс. Бөлмені жиі желдетіп, қолды үнемі жуу керек. Мүмкіндігінше сау балалармен жақын қарым-қатынасты азайтып, науқас баланы бөлек жатқызған жөн. Үйдегі ересектер де гигиена талаптарын сақтауы тиіс. Өйткені инфекция тек балалар арасында ғана емес, отбасы мүшелері арасында да таралуы мүмкін.

 

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ

Фотосурет: автордікі

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив