A+ A A-

talgatzhan 51 Бүгін, 14:55 0

ШҚО-да ара шаруашылығы бойынша республикалық конференция өтті

Бүгін / Басты / ШҚО

23 тамызда өңірге ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жұмыс сапарымен келді. Соның барысында ол агроөнеркәсіптік кешен өкілдерімен кездесіп, ара шаруашылығы бойынша республикалық конференцияға қатысты. Жиынды саладағы өзекті мәселелер көтеріліп, шаруалардың ұсыныстары тыңдалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шаруаларға қолдау

Ауыл шаруашылығын 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында дамыту мәселелеріне арналған кездесуде ауыл шаруашылығы өндірушілеріне ұсынылатын жаңа қаржыландыру тетіктері таныстырылды.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 5 пайыздық мөлшерлемемен 750 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру көзделген. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы сатып алуға 350 млрд теңге қарастырылған.

– Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне үш жаңа несие ұсынылады. Олар – «Игілік», «Береке» және «Жайлау». «Игілік» бағдарламасы асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған және жеті жылға дейін 6 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен беріледі. «Береке» ірі жобаларды қаржыландыруға арналған. Қаржыландырудың ең жоғары сомасы – 5 млрд теңге. Ал «Жайлау» шалғайдағы мал шаруашылығы мен жайылым инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Бағдарламаға 30 млрд теңге бөлінді, – деді Аманғали Бердалин.

Қаржыны тек отандық асыл тұқымды мал сатып алуға ғана емес, инфрақұрылымды дамытуға да пайдалануға болады. Атап айтқанда, мал қоралары мен жайылымдарға арналған қоршаулар салу, су сорғы жабдықтарын сатып алу, фермаларды сумен және интернетпен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базаны нығайтуға мүмкіндік бар.

Үш бағдарлама бойынша да «Даму» қоры арқылы несиеге кепілдік беру қарастырылған. Қаржыландыруға өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар да қатысады.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Соның ішінде жемшөп субсидиясына ерекше көңіл бөлінді.

Аманғали Бердалин жеке жемшөп субсидиясын енгізу әзірге жоспарланбағанын айтты. Оның сөзінше, шаруалар айналым қаражатына жеңілдетілген несие алып, оны жемшөп сатып алуға пайдалана алады.

Сонымен қатар министрлік көпжылдық жемшөп дақылдарының тұқымына берілетін субсидияларды ұлғайту мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады. Шығыста елдегі балдың 57,4 пайызы өнідіріледі

Бұдан соң Глубокое ауданының Опытное поле ауылында орналасқан Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ара шаруашылығына арналған республикалық конференция өтті. Жиынға өңірдің 60-тан астам омарташысы, Республикалық ара шаруашылығы палатасының өкілдері, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қатысты.

Аманғали Бердалиннің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстандағы ара шаруашылығы оң динамика көрсетіп келеді. Соңғы екі жылда елімізде бал өндіру көлемі 5 мың тоннадан асқан.

– Географиялық тұрғыдан алғанда, бал өндірісі Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Абай және Жетісу облыстарында шоғырланған. Шығыс Қазақстан облысының үлесіне жалпы өндіріс көлемінің 57,4 пайызы, яғни 2900 тонна бал тиесілі, – деді вице-министр.

2024 жылдан бері Ауыл шаруашылығы министрлігі ара шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2025-2027 жылдарға арналған ара шаруашылығын дамыту жөніндегі жол картасы әзірленіп, бекітілген.

Бұдан бөлек, табиғи балды қант шәрбаты, жасанды қоспалар және басқа да алмастырғыштар қосылған өнімдерден ажырату үшін заңнамада балға қатысты нақты анықтамалар белгіленді. Жалған өнімді сатқандарға жауапкершілік қарастырылған.

Тағы бір маңызды өзгеріс - омарталарға ветеринариялық паспорт енгізілуі. Құжат омарталарды есепке алу және онда жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар туралы ақпаратты тіркеу үшін қажет. Оны беру тәртібі мен нысаны қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бекітіліп жатыр. Жабдықтарды жаңарту қажет

Конференция барысында отандық зертханалардың мүмкіндігін арттыру мәселесі де сөз болды. Омарташылардың айтуынша, экспортқа шығарылатын өнімге қосымша зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайда жергілікті зертханалардың мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, кейбір кәсіпкерлер шетелдік зертханалардың қызметіне жүгінуге мәжбүр.

– Бұл өте күрделі мәселе. Соңғы зертханалық жабдық 14 жыл бұрын сатып алынған. Оны жаңартуға қаржыландыру өткен жылы басталды. Былтыр жоғары сапалы жабдықтарды пайдалана отырып, дәл зерттеулер жүргізуге 3,8 млрд теңге, ал биыл 5,5 млрд теңге бөлінді, – деді Аманғали Бердалин.

Жиын барысында омарташылар саладағы мәселелер мен ұсыныстарын министрлік және ғылыми қауымдастық өкілдеріне тікелей жеткізді. Талқылау өндіріс көлемін арттырумен қатар, бал сапасын бақылау, мамандар даярлау, зертханалық базаны жаңарту және қажетті инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қамтыды.

Конференция соңында ара шаруашылығын дамытуға үлес қосқан сала өкілдері марапатталды. Оларға «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, «Құрмет» ордені және Ауыл шаруашылығы министрінің алғыс хаты табысталды.

Отбасылық шаруашылық

Сапардың соңғы бекеті – өңірге танымал «Пасека Буньковых» омарта шаруашылығы. 1973 жылы құрылған отбасылық кәсіпті бүгінде үшінші буын жалғастырып келеді. Шаруашылық табиғи бал өндірумен қатар, балауыз, прополис және гүл тозаңын да сатады. Наталья Бунькованың сөзінше, кәсіпті бастапқыда отбасының үлкендері қолға алған.

– Жұбайымның ата-анасы айналысқан кәсіпті бүгінде біздің баламыз Станислав жалғастырып отыр. Алғашында күйеуім екеумізге ата-енеміз 14 ара ұясын берді. Кейін біртіндеп дами бастадық. Жер сатып алып, осы жерде үйімізді салып, омарта шаруашылығын дамыттық. Бұл кәсіппен жеке өзіміз 1993 жылдан бері айналысып келеміз. Қазір мыңнан астам ара ұясымыз бар. Ұлым – шаруашылықтың басшысы. Оның әйелі де, жалпы отбасымыздың барлығы осы кәсіпке атсалысады, – дейді Наталья Бунькова.

Евгений мен Наталья Буньковтар бүгінде зейнетке шыққан. Сондықтан кәсіпті жастарға тапсырып, өздері тәжірибесімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп келеді. Отбасылық шаруашылықтың өнімдері ішкі нарыққа ғана емес, Қытай, Ресей Федерациясы және Сингапурға да экспортталып отыр. 

– Кәсіпті жеңілдету үшін ұлымыз түрлі техника мен жабдықтар сатып алып жатыр. Бұрын барлық жұмысты қолмен істейтінбіз. Қазір денсаулығымызға салмақ түсірмес үшін техниканы пайдаланамыз, – деді Наталья Бунькова.

Осылайша, бір кездері 14 ара ұясынан басталған отбасылық кәсіп бүгінде мыңнан астам ұясы бар шаруашылыққа айналып, үшінші буынға жалғасып отыр.

 

Еркежан ОРАЛҒАЗИНА 

Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив