
Қоғамда тауарды шетелден арзан бағамен алдыртып, көпшілікке қымбатқа сатып жүргендер бар. Мұндайда көбі Қытайдың «Pinduodo» сайтына жүгінеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Pinduodo» – Қытайдың әлеуметтік интернет-сауда қосымшасы. Ресми ақпараттарда интернет тарихындағы ең жылдам дамып келе жатқан қосымшалардың бірі деп жазылып жүр. Бірақ мінсіз платформа емес. Өскемен тұрғыны Айдос Нұрылла (аты-жөнін өзгертіп беруді өтінді) сауда-саттықпен төрт жылдан бері айналысып келеді. Ол да осы «Pinduodo» қолданысқа ыңғайлы дейтін. Алайда жуықта бір келеңсіз жайт болғанын жеткізді.
– Самар ауданында волейбол жарысы болады деп, жігіттер киетін форма қажет екенін айтты. Негізі өздері-ақ тапсырыс бере алатын еді. Қолдары тимеді ме екен, әлде бір жерден қателесеміз бе деп қорықты ма екен – маған қолқа салды. Содан тапсырыс беріп, ол екі апта дегенде жетті. Бірақ сапасы өте нашар екен, матаны ұстаған бойда өзіме ренішті көзбен қарады. Иә, шынымен де тез иістеніп, тез тозатын материал екен, – деді ол.
Десе де, қымбатқа бағаны еңсере алмайтын көпшілік әлі қолданып келеді. Түрлі дереккөзде қосымшаның негізін қалаушы Хуан Чженгтің бұрынғы Google қызметкері болғаны жазылған. 2017 жылдың желтоқсанында қосымша барлық e-commerce қосымшалары арасында екінші орынға табан тіреді.
Аталған қолданба сатып алушыларды тауар сілтемелерімен бөлісуге және топтық сатып алу үшін достарын тартуға белсенді түрде ынталандырады. Әр тауардың екі бағасы бар: негізгі (толық құны) және топтық. Өңірде осының игілігін көріп отырғандар да бар.
– Топтық баға негізгіден аз, сондықтан сатып алушылар туыстарымен немесе достарымен бірге сатып алудан әлдеқайда көп пайда көреді. Адамдар неғұрлым көп болса, тауардың құны соғұрлым төмен болады. Ресейде бұл «көтерме арзан» деп аталады. Қосымшаның тек Қытай аумағында жұмыс атқаратынын ескере кеткен жөн. Мысалы, Ресейде бұл қосымшаны пайдалану мүмкін емес. Себебі, интернет-дүкенде жеткізу қызметі жоқ, – деді жан-жаққа жиі шығатын Оксана Подлесных.
Мәлім болғандай, соңғы бес жыл ішінде Қазақстан бұл қосымшамен қарқынды түрде жұмыс істей бастады. Қытайдан тікелей Қазақстанға «Қазпошта» арқылы тауарлар жеткізу іске қосылды. Әсіресе, үйде бос отырған декреттік демалыстағы аналар бұл қосымшаға өте қатты қызығушылық білдіре бастады. Тіпті, қосымшаның жілігін шағып, майын ішкен «майталмандар» басқаларға да үйретіп, өз аттарынан курс жасап, сата бастады.
– Мұны да кезекті бір кәсіп түрі десем, қателескенім емес.
Бұл қосымшаны пайдаланудағы басты мақсат – ақшаны үнемдеу. Еліміздің базарларындағы немесе сауда орындарындағы небір қымбат тауарларды алғанша, осы қосымшаны үйреніп, неғұрлым ақшамызды үнемдеген абзал, – бала күтімінде отырған Назгүл есімді тұрғын.
Қазір Pinduodo ел арасында жайылған вирус секілді. Жас дейсің бе, кәрі дейсің бе, барлығы дерлік айналысып жатыр. Бұл жалғаса берсе, алдағы 10-15 жылда базарлар жабылып қала ма деген ой туындайды.
Балауса ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер