Қазақстанда соңғы бір жылда ішкі еңбек миграциясы айтарлықтай төмендеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өз елдімекенінен тыс жерде жұмыс істейтін азаматтар саны шамамен 21 пайызға азайып, 401 мың адамды құрады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес Шығыс Қазақстан басқа өңірлерден еңбек мигранттарын ең аз қабылдайтын аймақтардың қатарына енді.
Еңбек ресурстарын көп шығаратын өңірлер көшін Алматы облысы бастап тұр. Бұл жақтан басқа аймақтарға жұмыс істеуге 127 мыңнан астам адам барады. Сонымен қатар Ақмола, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында да көрсеткіш жоғары.
Алматы, Астана және Атырау облысы еңбек нарығы үшін ең тартымды аймақ болып қала береді. Мұнда жалақысы жоғары жұмыс орындарының көп болуы елдің түкпір-түкпірінен мамандарды тартады.
Сарапшылардың пікірінше, ішкі еңбек миграциясының төмендеуіне еңбек нарығындағы өзгерістер әсер еткен. Бір жыл ішінде вахталық әдіспен жұмыс істеуге арналған бос орындар саны шамамен 10 пайызға азайды. Әсіресе мұнай-газ, металлургия және энергетика салаларында сұраныс төмендеді.
Сонымен қатар қонақүй және мейрамхана ісі, логистика мен өндірістік жабдықтар саласында кадрларға деген сұраныс артып келеді.
Мамандардың айтуынша, бұл үрдіс еңбек нарығының біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді.
Пікірлер