
Қоңырау соғылса, қорқатын болдық: ШҚО-да цифрлық алаяқтықтың қандай түрі жиі кездеседі?
Өңірде цифрлық алаяқтық түрлері жылдан жылға өзгеріп, айшылық алыс жерде отырып-ақ жұртқа қауіп төндіретіндер қаптады. Киберқылмыскерлер көбіне өздерін мемлекеттік орган, банк немесе қызмет көрсету мекемелерінің өкілі ретінде таныстырады. Олар адамдардың сеніміне кіру үшін ресми әрі сенімді сөйлесіп, психологиялық қысым әдістерін жиі қолданады. ШҚО Полиция департаменті Киберқылмыспен күрес басқармасының аға жедел уәкілі Нұрай Арыстанбек мұндай тәсілдердің кең таралғанын атап өтті. Сондықтан мамандар кез келген күмәнді қоңырауға сақтықпен қарап, жеке деректерді ешкімге бермеуге шақырады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сескенбей сөйлеп, сенімге кіргісі келеді
Кәсіпкер Асылбек Мұратов (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген) кезекті тоқсандық есепті қалай тапсыруды ойлап отырғанда телефон шырылдады.
– Қайырлы күн! Салық комитетінен хабарласып тұрмын. Сізде міндетті төлемдер бойынша бұзушылықтар анықталды, – деді телефонның ар жағындағы адам.
Ол сенімді, жылдам әрі мүдірмей сөйлесті. БИН-ді, тіркеу мекенжайын атап, қызмет түрін нақтылады. Кейін мәселені қашықтан шешуге болатынын, әйтпесе материалдар «тексеруге» жіберілетінін айтты. Он минуттан кейін Асылбек СМС-кодты айтып, телефонға «қызметтік қосымша» орнатты. Тағы бір сағаттан соң шотынан ақшаның жоғалғанын байқады.
Схема: Алаяқтар өздерін салық органдарының қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіні қарыз екенін айтып, тіпті, қылмыстық жауапкершілікпен қорқытады. «Тексеру» немесе құжаттарды қайта рәсімдеу сылтауымен олар СМС-код пен карта деректерін алып, банк қосымшаларына бақылау орнатады.
– Негізінде бұл схеманың мәні мен алдау тәсілдері өзгермейді, тек сылтау өзгереді. Егер адамнан телефон арқылы қандай да бір ақпарат, әсіресе СМС-код сұралса – бұл алаяқтар. Ресми органдар адамды жеке кездесуге шақырады, – деді Нұрай Арыстанбек.
Жәбірленушілер: Жеке кәсіпкерлер, есепшілер, ЖШС басшылары, салық тақырыбынан хабары аз адамдар. Сонда алданбау үшін не істеу керек?
СМС-кодты ешкімге айтпау;
Салық органдарына ресми нөмірлер арқылы өз бетімен қайта қоңырау шалу;
Бөгде адамдар өтінішімен бағдарламалар орнатпау;
Мемлекеттік органдар мессенджерлер арқылы қаржылық мәселелерді шешпейтінін есте сақтау.
«Сізге медициналық тексеруден өту қажет»
Зейнет жасындағы Сымбат Қойшығұлқызы бұл туралы естіген де таңданып та, қуанып та қалды. Телефонның арғы жағындағы алаяқ кейуанаға тексеруден өту кезегінің келгенін, жазбаны растау үшін кодты айту керегін айтты. Бірнеше минуттан соң ештеңеден хабары жоқ әйелдің WhatsApp қосымшасы ашылмай қалды, кейін банк қосымшасына кіру әрекеттері туралы хабарламалар келе бастады. Кейін зейнеткердің ұлы банкке хабарласып, шотты бұғаттауға тырысты.
Схема: Аурухана немесе медициналық орталықтан хабарласып, тексеруге жазу, скрининг немесе қабылдау ұсынылады. «Жазбаны растау» үшін СМС-код сұрайды. Сол арқылы алаяқтар жеке деректер мен қосымшаларға қол жеткізеді.
Жәбірленушілер: зейнеткерлер, созылмалы ауруы бар адамдар, жас балалы ата-аналар, поликлиникаға жиі баратын азаматтар. Алданбау үшін не істеу керек?
Ешкімге де СМС-кодты айтпау;
Тексерулерге тек ресми сервистер арқылы жазылу;
Күмән туындаса, ауруханаға өз бетімен қоңырау шалу;
Мессенджерлерде жіберілген сілтемелерге өтпеу.
Нұрай Арыстанбектің сөзінше, медициналық мекемелердің де, коммуналдық қызметтердің де, құқық қорғау органдарының да телефон арқылы жеке ақпарат сұрауға құқығы жоқ. Қала ғана емес, ауылда қарбалас тірлік қамымен жүрген жандарды да жиі мазалайтыны бар.
«Арнайы операция жүріп жатыр»
Алпысты алқымдаған Зейін Айтуаровқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінен хабарласып, арнайы операция жүргізіліп жатқанын, оның азаматтық көмекші ретінде қажет екенін айтты. Қоңырау шалған кісі ер адамға қызметтік куәлігінің көшірмесін жіберіп, туыстарына айтуға тыйым салды. Үнемі байланыста болуды бұйырып, бар қаражатын «қауіпсіз шотқа» жедел аударуды тапсырды. Қылмыскерлер ұсталған соң барлық ақша қайтарылады деп уәде берді.
«Қауіпсіз шот» деген сөз күмәнді естілсе де, телефонның арғы жағындағы адам сенімді сөйледі. Осылайша, Зейін Айтуаров барлық жинағын өз қолымен алаяқтарға аударып жіберді.
Схема: Алаяқтар өздерін полиция, прокуратура, ҰҚК немесе киберполиция қызметкері ретінде таныстырады. Олар азаматтарды құпия операцияға қатысып жатыр деп сендіріп, ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аудартқызады.
Жәбірленушілер: зейнеткерлер, банк жүйесін нашар түсінетін азаматтар, билікке тез бағынатын адамдар. Алданбау үшін не істеу керек?
«Қауіпсіз шоттар» деген ұғым жоқ екенін есте сақтау;
Бірде-бір құқық қорғау органы ақша аударуды сұрамайды;
Мұндай қоңырауларда бірден сөйлесуді тоқтату.
Полиция мәліметінше, барлық жағдайда алаяқтар мақсаты бір – жеке деректерге қол жеткізу немесе адамға психологиялық қысым жасап, оны ақшаны өз еркімен аудартуға мәжбүрлеу.
«Сізге сәлемдеме келді»
Ербол есімді студент онлайн-дүкеннен спорттық сөмкесін екі апта күтіп жүргендіктен, «жеткізу қызметінен» келген қоңыраудан еш секемденбеді. Қоңырау шалған адам жеткізушінің жолға шыққанын, тауарды бүгін алу үшін телефонға келген СМС-кодты айту керектігін жеткізді.
Ербол кодты ойланбастан айтып жіберді. Кейін ұялы телефон қатып, банк қосымшасы істен шықты. Ал жарты сағаттан соң шоттағы ақшаның басқаға аударылғаны туралы хабарлама келді.
Схема: Алаяқтар жеткізу қызметі, пошта немесе маркетплейс атынан хабарласып, СМС-кодты алып, смартфонға немесе қосымшаға қол жеткізеді.
Жәбірленушілер: онлайн-дүкен қолданушылары пен жастар. Алданбау үшін не істеу керек?
Келген кодты телефон арқылы айтпаңыз;
Тапсырыс мәртебесін тек ресми қосымшалардан тексеру;
Күмәнді сілтемелерге өтпеу;
Кейбір жеткізу қызметі СМС-кодты қолданатынын, бірақ олар тек ресми қосымшаларда келетінін және ешқашан телефон арқылы үшінші тұлғаларға айтылмайтынын есте сақтау.
«Есептегішті ауыстырамыз»
Қала тұрғыны Көркем Сымбатқызына «коммуналдық қызмет өкілдері пәтердегі есептегіш құралын жоспарлы ауыстыруға болатынын айтып, қоңырау шалды. Одан соң алаяқтар әйелден СМС-кодты сұрап алып, атынан оп-оңай несие рәсімдеп жіберген.
Схема: алаяқтар коммуналдық қызмет өкілі ретінде танысып, есептегіш, электр немесе жылу жүйесін тексеру сылтауымен жеке деректерге қол жеткізеді.
Жәбірленушілер: зейнеткерлер мен көпқабатты үй тұрғындары. Алданбау үшін не істеу керек?
Телефон арқылы қаржылық ақпаратты талқыламау;
СМС-кодты айтпау;
Коммуналдық қызметтер әдетте ПИК, МИБ және ресми ескертулер арқылы жұмыс істейтінін есте сақтау;
Күмәнді сілтемелерді ашпау.
Атақты адамдарға алданбаңыз
25 жастағы Айжан есімді бойжеткен әлеуметтік желілердің бірінде танымал блогердің видеосын көреді. Ол қарапайым қазақстандықтардың инвестиция арқылы қалай табыс табатынын айтып отырды.
Блогердің сенімді сөйлегені сонша, Айжан сілтемені досына жіберді. Өзі де инвестициялық компанияның ресми сайтына тіркеліп, ЖСН мен жеке куәлік деректерін енгізіп, «жеке кабинет» ашты. Сайт та сенімді көрінді. Онда графиктер, кестелер, нақты уақыттағы табыс өсімі жазылып тұрды.
Алғашында Айжан он мың теңге салып, он бес мың теңге пайда көрді. Сосын «қаржы кеңесшісі» бұдан да қомақты сома салуды ұсынды. Нәтижесінде кеңесші де, ақша да, сайт та «жоғалып кетті».
Схема: Алаяқтар фейк инвестициялық платформалар жасап, танымал адамдардың бейнесін дипфейк арқылы қолданады. Сайтта жалған табыс өсімі көрсетіледі.
Қазір жасанды интеллект арқылы танымал адамдардың дауысын да, бейнесін де көшіріп қолданады. Ал жұрт таныс бейнені көріп, сеніп қалады.
Жәбірленушілер: табысы жоғары адамдар, бастапқы инвесторлар, жастар, әлеуметтік желі қолданушылары, қосымша табыс іздейтін азаматтар.
Алданбас үшін не істеу керек?
Жеке деректерді таратпау;
Инвестициялық компанияларды жан-жақты тексеру;
Жарнамалық сілтемелерге өтпеу;
Оңай ақшаның болмайтынын есте сақтау.
Ақшаны қайтаруға бола ма?
ШҚО Полиция департаменті Киберқылмыспен күрес басқармасының аға жедел уәкілі Нұрай Арыстанбектің сөзінше, қаржыны қайтарып алуға болады. Бірақ уақыт жоғалтпау керек.
– Адам алданып қалған соң есін жинап, туыстарына айтпай немесе өз бетімен шешемін деп жүргенде ақша бірнеше шот арқылы өтіп, криптовалютаға айналып, ел шекарасынан шығып кетуі мүмкін. Сондықтан полицияға неғұрлым тез жүгінсе, ақшаны бұғаттап, қайтару мүмкіндігі соғұрлым жоғары. Бірақ шұғыл әрекет етпесе мұны жасау қиындай түседі. Ол үшін халықаралық сұраулар қажет болуы мүмкін, – деді жедел уәкіл.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер