A+ A A-

talgatzhan 42 Бүгін, 17:35 0

Өскеменде мемлекеттік қызметшілер марапатталып, спартакиада қорытындысы жарияланды

Бүгін / Басты / Өскемен

Бүгін қалада Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, өңірдің мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген мамандары марапатталды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Іс-шараға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов, мемлекеттік орган басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Облыс әкімі құттықтау сөзінде мемлекеттік қызметтің қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары сала екенін атап өтті.
– Мемлекеттік қызмет – бұл жай жұмыс немесе қызметтік міндеттерді орындау емес. Бұл – халық сеніміне, терең жауапкершілік сезіміне және елге деген шексіз адалдыққа негізделген ерекше миссия. Бүгінде біз Әділетті, күшті, озық әрі Таза Қазақстанды құру жолында табанды еңбек етіп келеміз. Мемлекеттік қызметшілер осы қағидаттар мен құндылықтарды алдымен өз бойына сіңіріп, қоғамға үлгі болуы қажет. Еңбектеріңіз әрдайым лайықты құрметке ие болып, мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілік сезімі қызметтеріңіздегі басты бағдар болып қала берсін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Шара барысында облыс әкімі бірқатар мемлекеттік қызметшіге арнайы төсбелгілер мен марапаттар табыстады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ержан Медетханұлы мемлекеттік қызмет жүйесіндегі өзгерістер мен жаңашылдықтарға тоқталды.
– 2013 жылғы Президент Жарлығымен 23 маусым Мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілді. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік аппаратта азаматтардың сұраныстары мен қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа мәдениет қалыптасты. 2024 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Сонымен қатар биыл жаңартылған «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданды, – деді ол.
Марапатталғандар қатарында облыс әкімі аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметіндегі бас инспекторы Гафура Мағауянова да болды.
– Мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келемін. Еңбек жолымды Ұлан аудандық ішкі саясат бөлімінде бастадым. Кейін облыстық ішкі саясат басқармасында қызмет атқардым. Қазір облыс әкімі аппаратында бас инспектор болып жұмыс істеймін. Еңбегіміздің бағаланып, марапатқа ие болғаны біз үшін үлкен қуаныш. Мемлекеттік қызметті адалдықпен әрі жауапкершілікпен атқару – үлкен абырой, – деді ол.
Мерекелік жиын аясында мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық спартакиада жеңімпаздары да марапатталды. Салтанатты рәсімді ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Байжігітұлы өткізді.
Облыстық басқармалар мен департаменттер арасындағы спартакиада қорытындысы бойынша үшінші орынды ШҚО Тексеру комиссиясы, екінші орынды ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті иеленсе, бірінші орын ШҚО Қазынашылық департаментіне бұйырды.
Ал қала және аудан әкімдіктері арасындағы жарыста үшінші орынды Күршім ауданы, екінші орынды Глубокое ауданы иеленді. Спартакиаданың бас жүлдесін Өскемен қаласының командасы жеңіп алды.
Шара соңында мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері мен үздік мамандарына құрмет көрсетіліп, олардың өңірдің дамуына қосқан үлесі ерекше аталып өтті.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив