Тұрғынның ерсі әрекетіне қатысты жиналған дәлелдер негізінде сот істі қарап, заң талаптарына сәйкес тиісті шешім шығарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәлім болғандай, отбасылық жанжал кезінде Юрий (есімі өзгертілген) өзіне ең жақын жанға ауыр дене жарақатын келтірген. Бір қарағанда қарапайым тұрмыстық кикілжің болып көрінген жағдай ақыры қылмыстық жауапкершілікке ұласты. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеліп, қажетті сараптамалар тағайындалды. Жиналған дәлелдер негізінде сот істі қарап, заң талаптарына сәйкес тиісті шешім шығарды.
Алайда бұл оқиғадан ешкім ұтқан жоқ. Әйелінің денсаулығына нұқсан келсе, күйеуі бас бостандығынан айырылды. Ең өкініштісі сол, болған жағдайдың зардабын олардың жақындары мен балалары да тартуда.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Сол жағалау аудандық пробация қызметі бөлімінің аға лейтенанты Каим Ожикановтың айтуынша, тұрмыстық сипаттағы құқық бұзушылықтар мен ауыр қылмыстардың алдын алуда азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор.
– Тұрмыстық жанжал кезінде ойланбай жасалған іс әрекеттер ауыр зардаптарға әкеліп, адам тағдырына ғана емес, отбасының берекесі мен қоғамдағы тұрақтылыққа да кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға, туындаған даулы мәселелерді бейбіт әрі өркениетті жолмен шешуге, қандай жағдайда болмасын сабырлылық танытуға шақырамыз. Құқық бұзушылықтың алдын алу – барша қоғамның ортақ міндеті, – деді аға лейтенант Каим Ожиканов.
Пробация қызметі өкілдері бір сәттік ашу – орны толмас өкінішке бастайтын жол екенін айтуда.
Пікірлер