Нью-Делиде семсерлесу бойынша өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы алтын медаль иеленіп, тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлттық құрама сапында Шығыс Қазақстан облыстық жазғы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі Вадим Шарлаимов, сондай-ақ Қажымұқан атындағы Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Кирилл Проходов өнер көрсетті.
Семсершілеріміз жартылай финалда Оңтүстік Корея құрамасын 45:33 есебімен сенімді түрде тізе бүктірді. Ал тартысты өткен финалдық бәсекеде Токио Олимпиадасының чемпиондары әрі Париж Олимпиадасының күміс жүлдегерлері саналатын Жапония құрамасынан 45:40 есебімен басым түсті.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мәліметінше, бұл жеңіс – қазақстандық қылыштасу мектебінің жарқын жетістігі және отандық спортшылардың жоғары дайындық деңгейінің айқын дәлелі.
Фото: ШҚО Дене шынықтыру және спорт
басқармасының баспасөз қызметі
Пікірлер