Бүгін Шығыс Қазақстан Лингвистикалық орталығы ұйымдастыруымен «Академиялық жазылымды оқытудың интеграциялық моделі: зерттеу нәтижелері мен әдістемелік ұсыныстар» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға білім беру ұйымдарының педагогтері, тіл мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары және академиялық жазылым мәселесіне қызығушылық танытқан мамандар қатысты. Семинарды ШҚ Лингвистикалық орталығының директоры Әсемгүл Абзалова ашып, қатысушыларға құттықтауын жеткізді. Ол академиялық жазылым дағдыларын дамыту қазіргі білім беру жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Семинардың негізгі баяндамасын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторы, аға оқытушысы Үміт Анесова жасады. Баяндамашы «Академиялық жазылымды оқытудың интеграциялық моделі: зерттеу нәтижелері мен әдістемелік ұсыныстар» тақырыбында зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, академиялық мәтін құрастырудың тиімді жолдары мен оқыту әдістеріне тоқталды.
– Академиялық жазылым қазір өте маңызды. Ол эссе жазғанда, ғылыми жұмыс барысында қажет. Бұл жерде ұстанатын бірнеше қағида мен ережелер де бар. Автордың өзі үшін жазып жатқан сияқты тұсы да болады. Өзі оқыса түсінеді, бірақ өзге адам түсінбейді. Ондай кемшілік бәрімізде де болды деп ойлаймын. Ол күрделі мәтін жазудан қашу деген сөз емес, дегенмен аудиторияның қызығушылығын ескеру керек, – деді ол.
Аға оқытушы Түркия және Қытай елдеріндегі тәжірибемен де бөлісті. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ассистент-профессоры, PhD докторы Құралай Кенжеқанова академиялық жазылымды оқыту тәжірибесі бойынша баяндама жасап, педагогтерге практикалық ұсыныстар айтты.
Семинар барысында магистр, аға оқытушы Рауана Төреханова «Академиялық жазылымды оқытудағы заманауи әдістер» тақырыбында сөз сөйлеп, білім алушылардың жазылым құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған заманауи тәсілдермен таныстырды.
Іс-шара соңында қатысушылар арасында сұрақ-жауап, пікір алмасу ұйымдастырылып, академиялық жазылымды оқыту сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Семинар қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер