
Редакциямызға Ұлан ауданына қарасты Жаңа Қанай ауылының тұрғындары хабарласып, бірнеше мәселе шешілмей жатқанын айтты. Жағдайдың анық-қанығын біліп, ақ-қарасын айыру үшін ауылға арнайы барып, жіпке тізілген түйткілдерді өз көзімізбен көріп қайттық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көшербаев пәрменінен соң көшеміз дегендер кеміді
Өскеменнен 47 шақырым жерде орналасқан ауылға бір сағатта жеттік. Расында, Айыртаудан асқан соң кедір-бұдыры көп, шұңқырлы жолмен жүргендіктен, елдімекен топырағына табанымыз тигенше біраз уақытта өтті. Жеткен бойда көркем табиғатына назарымыз ауды. Шешілмей жатқан мәселелері бар ауыл деуге қимайсың. Әуелі Мәдениет үйі деп аталатын шағын ғимаратқа келдік. Ауыл тұрғындары жиналып, күтіп тұр екен. Бізді көрген әрбірінің көзінде үміт оты жанғандай болды. Қоңыр дәптерді қойнымыздан шығарғанда ауыл жанашыры, зейнеткер Гүлбаршын Алтаева сөз алды.
– Осында тұрып жатқаныма 50 жыл болды. Жұмыс істедік, тіршілігімізді түзедік, осы ауылдан зейнетке шықтым. Бұндағы негізгі мәселе – 120 адамға арналған психиатриялық аурухана. Соңғы бес жылда бұл нысанды саламыз деген қаншама мекеме шықты. Бірақ ешқайсысы құрылысты аяқтай алмай жатыр. Бұл медициналық нысанның тарихы өткен ғасырдың ортасынан басталады. Мұнда 70 жыл облыстық психиатриялық аурухана болды. Облыстан ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен де адамдар келетін. Осы уақыт ішінде дәрігерлердің үш буыны қалыптасты. Қазір жастардың көбі қалаға оқуға кетіп, сол жақта қалып жатыр. Өз ауылына келгісі келгенімен, жағдай жоқ, – деді ол.
Анықталғандай, аурухананың іргетасы қаланған. Нысанның төлқұжатында құрылыс 2024 жылдың 20 мамырында басталып, 2025 жылдың 1 мамырында аяқталуы тиіс екені көрсетілген.
– Ермек Көшербаев әкім болған кезде, оның тапсырмасымен аурухана құрылысы басталған еді. Сол жаңалықты естіген ауыл тұрғындары қуанып, көшеміз деп жүргендер райынан қайтып, тіршілігімізді жалғастырамыз деген болатын. Іргетасын да, сол күйі құрылыс тоқтап қалды. Басында екі қабатты, кейін үш қабатты болады деді. Қазір бір қабаты да жоқ, тек іргетасы тұр. Көпшілік қалаға көшіп жатыр. Ауыл халқының саны 50 пайызға азайды десем де болады. 70 жылдық тарихы бар аурухана құрып кетудің алдында тұр. Ол болмаса, жол да, су да болмайды, – деді Гүлбаршын Алтаева.
Шұрық-тесік жолды шетелдіктер де сынапты
Қазір ауылда 365 адам тұрады. Ресми ақпарат осы. Тұрғындар сөзінше, кезінде мұнда мыңға жуық адам тұрған. Соңғы екі-үш жыл ішінде жұрт басқа жаққа қоныс аударып, туған жерінен жырақтаған. Ал ауылда қалғандардың биліктен сұрайтыны – аурухана, жол. Сөз арасында жарық жиі сөнетінін алға тартты.
– Жол 1987 жылы ғана күрделі жөндеуден өткен. Содан бері ешкім көңіл бөліп, жөндеген жоқ. 2000-жылдары тұрғындар болып өзіміз қаражат жинап, шұңқырларды жамағанбыз. Қазір бізге күніне екі рет автобус қатынайды. Сондай-ақ көршілес құс фабрикасына күніне екі-үш рет автобус жүреді. Жол мәселесі өте өзекті болып тұр. Бұл туралы ауылдық округ әкіміне де, аудан әкімдігіне де талай рет айттық. Соңғы кездесуде ауылдық округ әкімі Дархан «менің шамам келмейді» деді. Платина деген демалыс орны бар. Ол жаққа Ресейден, Германиядан келетіндер де «тұрмыстарың жақсы екен, тек жолдарың өте нашар» дейді. Тұрғындардың көбі Айыртауда жұмыс істейді. Таңертең ерте кетіп, түнде келеді. Осы салдыр-гүлдір жолдан әбден ығырымыз шықты. Кеше ғана Ұзынбұлақ көпірінің жанында автобус дөңгелегі жарылып қалды. Автобус бұрылысқа қарай құлдилап тұрды. Қатты шошыдық. Оқыс жағдай аяқ астынан болады ғой, – деді Болатхан Сұлтанұлы.
Ауыл тұрғындарының әбден шаршағанын жүздерінен-ақ байқалды. Орындалуы екіталай уәде мен қызыл сөзден мезі болған халық іштеріндегі мұңын да, шағымын да жасырмай айтты. Әркім өз пікірін жеткізуге тырысты.
– Осы ауруханада қызмет еткеніме 40 жылдан асты. Зейнетке шығуыма әлі ерте. Егер мына аурухана салынбаса, қайда баратынымызды да білмеймін. Мұндай жаста басқа жұмыс табу қиын. Іргетасы қаланып тұр. Жыл сайын «сәуірде басталады», «мамырда басталады» деген уәдеден шаршадық. Қазір өздері де аурухана салынбайды деп айтып жүр. Мердігер компания салғысы келді, бірақ бірдеңе дұрыс болмай, кейін өздері де бас тартты. Бердібек Сапарбаев әкім болғанда осы мәселені қолға алған еді. Кейін әкімдер ауысты. Ермек Көшербаев екінші рет құрылысты қайта бастатты. Ол кеткен соң құрылыс тағы тоқтап қалды. Жол нашар. Екі жыл бұрын жап-жаңа автобус берді. Ол да осы жолмен қатынап, быт-шыты шықты, – деді ауыл тұрғыны Валентина Антоновна.
«Былтыр бюджетке өтінім бергенбіз»
Ауыл тұрғындарының шағымын тыңдап, жазып алған соң құрылысы аяқталмаған аурухана құрылысы басталған жерге бардық. Расында да, іргетасы қаланғанымен, құрылыс жалғаспапты. Тұрғындармен тілдесіп тұрғанымызда Айыртау ауылдық округі әкімі Дархан Төлеуханов та келді. Әкімге бірнеше сұрақ қойдық. Айтуынша, құрылысты жалғастыру үшін аудан әкімдігі мердігер компаниялармен келіссөз жүргізіп жатыр. Егер келісім жасалса, құрылыс тамыз айында қайта басталмақ.
– Медициналық мекеме құрылысы оффтейк келісімі арқылы жүзеге асырылған. Яғни, мердігер компания нысанды өз қаражатына салып, дайын болған соң әкімдік сатып алуы тиіс еді. Алайда құрылысты бастаған мердігердің қаражаты жетпей, жұмыс тоқтап қалды. Кейін мердігер компания жобадан бас тартты. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жол мәселесіне келсек, былтыр бюджетке өтінім бергенбіз. Биыл қаражат бөлінбеді. Келесі жылы бөлінсе, жол жөндеуді қолға аламыз. Жобалық-сметалық құжаттаманың барлығы дайын, тек қаржы қажет. Тұрғындар ауызсу мәселесін де айтқан. Бұрын олар психиатриялық аурухананың су ұңғымасын пайдаланған. Қазір ол ескірген. Жөндейік десек, аурухана біздің теңгерімде емес. Сондықтан оған қаражат бөле алмаймыз, – деді ауылдық округ әкімі.
Дархан Төлеухановтың сөзінше, аурухананың құжаттары толық емес. Қазір тек жер актісі бар.
– Ауыл ішіндегі жолдарға келсек, оны тұрғындар өтініші бойынша тегістеуді қолға алдық. Былтыр құм мен қиыршық тас қоспасы төселді. Кейін жол бетіндегі тастарға байланысты тұрғындар тарапынан наразылық болды. Жыл соңында тағы біраз құм септік, бірақ ол жеткіліксіз болды. Хоккей торабына қаражат бөлінген. Алайда мердігер компания жұмысты дұрыс атқармағандықтан, келісімшартты бұздық. Қазір жаңа мердігер іздеп жатырмыз. Биыл орнатылады, – деді Дархан Төлеуханов.
Әкімдік жауабы
Аталған мәселе бойынша Ұлан ауданы әкімдігіне сұраухат жібердік. Оған сенсек, құрылысқа жауапты мердігер ұйым – «Батырхан – Сұлтан LTD» ЖШС.
– Мердігер құрылыстан бас тартқан жоқ. Құрылыс қаржыландыру мәселесіне байланысты уақытша тоқтатылған. Ресми мәліметке сәйкес, қазір құрылысты қайта жалғастыру жоспарланып отыр. Жобаны қайта іске асыруға қажетті қаржыландыру мәселесін шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде, – делінген ақпаратта.
Белгілі болғандай, өткен жылы Жаңа Қанай ауылының ішкі көшелеріне автогрейдермен тегістеу (грейдерлеу) жүргізілген. Аудан әкімдігі мәліметінше, ауылішілік жолдардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде.
– Ауылішілік жолдарға асфальт жабынын төсеу мақсатында 2027 жылға жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеу үшін қаржы бөлуге өтінім беру жоспарлануда. Қажетті қаржы бөлінсе, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, ауылішілік жолдарды асфальттау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Серғазина.
Дегенмен, биыл Жаңа Қанай ауылының ішкі жолдарын орташа жөндеуге бюджет қаражаты қарастырылмаған. Ал жалпы ұзындығы 17 шақырым болатын аудандық маңызы бар «РЖ – Айыртау – Жаңа Қанай» автомобиль жолында жоспарға сәйкес биыл маусым айында профильдеу және жол жабынындағы шұңқырларды жөндеу қолға алынады.
– Мәлім болғандай, 2027 жылы аудандық маңызы бар «Айыртау – Жаңа Қанай» автомобиль жолын орташа жөндеуге арналған сметалық құжаттамаға есептеу жүргізілмек. Ведомстволық сараптамадан өткен соң жобаны одан әрі іске асыру үшін қаражат бөлу мақсатында салалық басқармаға бюджеттік өтінім беріледі, – деді Анар Серғазина.
Әкімдік жарық жиі өшеді деген мәселені жоққа шығармады. Олардың мәліметінше, Жаңа Қанай ауылында электр энергиясының өшуі негізінен қолайсыз ауа райы жағдайларында (қатты жел, найзағай, қар, мұз басу және т.б.) тіркеледі.
– Электр желілерінің жаңарту мақсатында 2026 жылдың шілде-тамыз айларына «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ («БЭСК» АҚ) тарапынан электр желілері мен электр бағандарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінге дейін жоспар аясында бірқатар ескі электр бағаны жаңасына ауыстырылды. Жөндеу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жалғасатын болады, – делінген жауапта.
Ауылдастар көп нәрсені қатардағы түйткіл емес, жылдар бойы жиналған жанайқай ретінде сыртқа шығарды. Олар әлі де әкімдік өкілдерінің «кезең-кезеңімен орындалады» деген жауаптарына күмәнмен қарап отыр. Тым құрығанда осы айтылғандардың біреуі іске асса, көп-көрім нәтиже болар еді десті. Ауылдағы мәселелер осындай. Ендігісі әкімдік құзыретінде.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер