Бүгін білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, «Казцинк» ЖШС бас директоры Жанат Жанботин, қала тұрғындары, мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаңа оқу жылында облыстағы 10 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Олардың 60-тан астамы Риддерде жаңадан салынған «Шаңырақ» мектеп-гимназиясында білім алады.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа білім ордасының өңір үшін маңызды екенін атап өтті.
– Жаңа оқу жылында өңірде үш жаңа мектеп есігін айқара ашты. Білім беру нысандары шекаралық аймақ саналатын Марқакөл ауданында, жаңадан құрылған Самар ауданында және өндірістік әлеуеті жоғары Риддер қаласында бой көтерді. 600 орындық заманауи «Шаңырақ» мектеп-гимназиясы келешекте білім мен инновацияның көшін бастап, еліміздің білімді, бәсекеге қабілетті жастарын тәрбиелейтін іргелі білім ордасына айналсын, – деді өңір басшысы.
Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытуына қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Білім ордасында 5-11 сыныптарға арналған кең оқу кабинеттері, мамандандырылған шеберханалар, заманауи кітапхана және ресурс орталығы бар. Ал бастауыш сынып оқушылары үшін жеке әрі қауіпсіз оқу аймағы ұйымдастырылған. Мектепте үлкен және кіші спорт залдары, 135 орындық акт залы, медициналық блок, логопед пен психолог кабинеттері жұмыс істейді.
Жаңа білім ордасының ашылуы Риддер үшін маңызды оқиға екенін атап өткен «Казцинк» ЖШС бас директоры Жанат Жанботин бұл нысан балаларға жаңа мүмкіндіктер беретінін жеткізді.
– Бүгін Риддер қаласы үшін ерекше күн. Себебі 600 балаға арналған жаңа мектеп ашылды. Бұл – балалардың арманы мен жаңа мүмкіндіктерінің бастауы. Мектеп салу – болашаққа жасалған маңызды қадам. Бүгін бой көтерген мектепте елдің болашағы білім алады. Әр сыныпта жаңа ой, жаңа арман, жаңа мақсат қалыптасады. Бұл жоба – «Казцинк» компаниясы, Шығыс Қазақстан облысы мен Риддер қаласы арасындағы бірлескен жұмыстың нәтижесі, – деді компания басшысы.
Заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған жаңа мектеп Риддердегі оқушылардың сапалы білім алуына, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуына мүмкіндік бермек.
Пікірлер