
Шемонаиха ауданындағы ТОП-5 туристік орын
Шемонаиха ауданы шырайлы шығыстың солтүстігінде орын тепкен. Тарих беттеріне үңілсек, аудан 1928 жылы құрылды. Аумағы 4 мың шаршы шақырымды құрайды. Ол шығысында Глубокое, батысында Бородулиха, оңтүстігінде Ұлан аудандарымен, ал солтүстігінде көршілес Ресейдің Алтай өлкесiмен шектеседi, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінде Шемонаиха тек бай минералды-шикізаттық қорымен ғана емес, туристік орындарымен де танымал. Шемонаиха Алтай тауларының жерінде орналасқандықтан қысы суық әрі ұзақ, ал жазы қоңыржай жылы болып келеді. Сондықтан мұнда келетін туристер үшін қысқы және жазғы демалыс түрлері сұранысқа ие.
Мария жартасы
Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бұл жер - тұрғындар мен қонақтардың сүйікті демалыс орындарының бірі. Нысан 2009 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, шығысқазақстандық жазушы Анатолий Ивановтың «Мәңгі дабыл», «Тени исчезают в полдень» романдарының кейіпкері Мария Вороноваға арналып салынған.
Қаланың кіреберісіндегі ескерткіштің биіктігі алты метрді құрайды. Мария жартасы ауданның туристік бет-бейнесіне айналса, екінші жағынан жастар арасында махаббат пен адалдықтың символы саналады.
Қазіргі таңда Мария жартасы алаңын туристік объект ретінде ретке келтіру үшін эскиздік жоба әзірленуде. Мұнда келушілер орталығын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде автотұрақ, ақпараттық аймақ, тамақтану орны, кәдесый дүкені, ойын алаңы, дәретханалар мен терассалар бар.
Сондай-ақ ескерткіш алаңын абаттандырып, аумақты әртүрлі жас санаты мен функционалдық мақсаттары бар аймақтарға бөлу қолға алынбақ. Бұл демалушылардың қолайлы әрі қызықты уақыт өткізуіне әсер етеді.
Шемонаиха ауданының тарихи-өлкетану мұражайы
Шемонаиха тарихи-өлкетану мұражайы құрылғаннан бастап қазіргі уақытқа дейін ауданның қоғамдық және мәдени өмірінің негізгі орталықтарының бірі саналады. Мұнда өткеннен сыр шертетін артефактілердің ең бай қоры сақталған. Бүгінгі күнге дейін өз тарихына бей-жай қарамайтын ауданның жергілікті тұрғындары да мұражайға өз үлесін қосуда. Сондай-ақ мұнда Георгий Гребенщиков және Анатолий Иванов сынды жергілікті жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар жинақталған. Шемонаиха ауданының қойнауы тарихи жәдігерлерге бай екені бәріне мәлім. Оның басым бөлігі жүз жылдан аса сақталған. Бұл бірегей экспонаттар кез келген туристі қызықтыратыны сөзсіз.
Ревнюха тауы
Бұл жер Выдриха ауылының оңтүстігіне қарай 5 шақырым жерде, теңіз деңгейінен 656 метр биіктікте орналасқан. Тарихқа сүйенсек, мұнда Алтай аймағы үшін ерекше саналатын петроглифтер бар. Ал археолог ғалымдарының бағалауы бойынша бұл кескіндер неолит дәуіріне жатады. Алайда таудың тарихы мен ерекшеліктері туралы мағұлмат аз.
Жоғарғы Үбі ауылы
Жоғарғы Үбі ауылдық округінің орталығы Шемонаиха қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 37 шақырым жерде орналасқан. Елді мекеннің тарихы 1736 жылдан бастау алады. Жалпы ауданы 913,1 гектарды құрайды. 2021 жылғы дерек бойынша халық саны 1761-ге жетті.
Қазіргі таңда Жоғарғы Үбі инфрақұрылымы дамыған елді мекендердің қатарына енді. Аграрлық секторда озық цифрлық технологияларды қолдана отырып, өңірдің өсімдік шаруашылығында алдыңға орынға шыққан. Ауыл орманда алқапта орналасқандықтан табиғаты да ерекше көз тартады.
Үбі өзені
Қара Үбі мен Ақ Үбі өзендерінің бір-біріне қосылған жері Үбі деп аталады. Жоғарғы Ертіс алабындағы өзеннің ұзындығы 278 шақырымды, су жиналатын алабы 9850 шақырымды құрайды. Ол Көксу және Иванов жоталары сілемдері бөктерінен басталып, Ертіс өзеніне құяды. Үбінің алабы таулы-төбелі, аңғары тар шатқалды болып келеді. Бойында орналасқан биік таулы шатқалдар мен қылқан жапырақты ормандар да туристік келбетін аша түседі. Үбінің суы тұщы болып келеді. Мұнымен қоса өзен бойында шағын су электр станциясы бар.
Қымбат ОРАЛХАНҚЫЗЫ
Фотосуреттер ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер