A+ A A-

talgatzhan 30 Кеше, 11:25 0

Пәтерді жалға бергенде дау-жанжалдан қалай сақтануға болады?

Бүгін / ШҚО / Пайдалы

Қазақстандағы «пәтер мәселесі әлі күнге дейін қоғамды толғандыратын түйткілдердің бірі болып отыр. Бірінің үй кезегі баяу жылжыса, енді бірі банктен ипотека рәсімдеп, қарыз қамытын киюге мәжбүр. Ал баспанаға қол жеткізе алмай жүргендердің көбі амалсыздан жалға алады. Бір қарағанда, мұның түк қиындығы жоқ секілді: үй иесі табыс табады, жалға алушы баспанамен қамтылады. Бірақ шын мәнінде жалға беру мен алу көбінде күтпеген қиындықтар әкеледі. Қираған жиһаз, бүлінген тұрмыстық техника немесе ұзаққа созылған сот дауы – бәрі-бәрі көпшіліктің басынан өткен жағдай. Осы ретте сайт тілшісі тұрғын үйді жалға алу мен беруде не нәрсеге мән беру керектігін анықтап көрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Пәтерімде бөтен адамдар жүр»

Қазақстанда бір миллионнан астам адам мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұр. «Отбасы банкінің» тамыз айындағы мәліметіне сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы бойынша кезекте тұрғандар саны – 25 285 адам. Бұл тек мемлекеттен үй алуға құқығы барлар. Ал баспанасы жоқ, бірақ жеңілдікке ілікпейтіндер одан да көп. Оның үстіне, ипотеканы бәрі бірдей төлей алмайды. Сондықтан көпшілігіне жалға алу – жалғыз амал.

Кейде бұл жолды таңдаушылардың санын нақты есептеу мүмкін емес. Олардың қатарында кезек күтіп отырғандар да, студенттер де, басқа қаладан келгендер де, пәтерді тәуліктеп жалдайтындар да бар.

Алайда жалға алу процесі пәтер берушіге де, алушыға да қиындық әкелуі мүмкін. Өскемен қаласының тұрғыны Әмина (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген) күйеуімен ажырасқаннан кейін екі баласын алып, туыстарына көшіп барған. Өзіне тиесілі екі бөлмелі пәтерін жалға беріп, күнкөрісін жалғастыруды ойлаған. Бірақ бір күні жалдау ақысын алуға барғанында ол пәтерінде бөтен адамдардың тұрып жатқанын көрген.

– Пәтерімде балаларымен бірге басқа отбасы отыр екен. Күз мезгілі еді. Жағдайларын түсініп, наурызға дейін тұра беруге рұқсат еттім. Алғашында ақша төлеп жүрді, кейін мүлде тоқтатты. Ақыры «Біз сізбен келісімшарт жасасқан жоқпыз, сондықтан ештеңе төлемейміз, пәтерден шықпаймыз да» деп қиғылық салды, – деді Әмина.

Жанжал екі айға созылды. Соңында әйел бұрынғы күйеуін шақырып, күшпен пәтерді босатып алды. Бірақ Әмина пәтердің адам төзгісіз жағдайда қалғанын көреді. Нәтижесінде баспананы қайта қалпына келтіру үшін біраз шығындалуға тура келген.

 

Орынбасар не дейді?

Көптеген пәтер иесі жалға алушылармен бір келісімге келмей, пәтерін күшпен, заңсыз түрде босатып алады. Мысалы, жалға алушының заттарын сыртқа шығарып тасап, құлыпты ауыстырады. Бірақ құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай әрекет заңсыз екенін ескертеді.
– Тұрғындарды, соның ішінде жалға алушыларды күшпен көшіру тек соттың және сот орындаушыларының құзырында. Ал үй иесінің өз бетінше қоныстанушыны шығарып тастауы, құлыпты ауыстыруы немесе жалға алушының заттарын тартып алуы заңға қайшы әрекет. Ол үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, – деді ШҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Алмаз Төкенов.

Мұндай жағдайда пәтер иесі өз құқын қорғау үшін сотқа жүгінуі керек.
– Үй иесі сотқа шағымданып, жалға алушыны шығару мен қарызды өндіруді талап етеді. Сот шешімі заңды күшіне енген соң орындау қағазы беріледі. Бұдан соң сот орындаушыларына жүгіну керек. Олар заң аясында көшіруді жүзеге асырады, – деді Алмаз Төкенов.

Айта кетейік, өз кезегінде пәтерді жалға алушы да сот шешіміне шағым түсіре алады.
– Азаматтық істер әдетте үш айға созылады. Әсіресе көшіру істері дау туғызбайды, өйткені пәтердің иесі – заңды қожайын. Бірақ егер келісімшарт белгілі бір мерзімге жасалса, оны мерзімінен бұрын бұзу үшін нақты себеп қажет, – деді ШҚО адвокаттар алқасының мүшесі Галина Хван.

Үй иесі үшін қосымша қиындық туғызатын жайттардың бірі – балалары бар отбасын шығару. Полицияның айтуынша, сот шешім қабылдағанда бұл жағдайды ескеруі мүмкін.
– Жалға алушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуы оларды шығарып тастауға мүлдем тыйым салмайды. Бірақ ҚР заңнамасында бекітілген бала құқықтарын қорғау принциптеріне сәйкес сот шешім шығарарда бұл факторды міндетті түрде ескеріп, балалар құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Отбасын шығару тек қорғаншылық және қамқоршылық органдарының рұқсатымен жүзеге асырылады. Олар балаларға басқа, тұруға қолайлы тұрғын үй берілгенін тексеріп барып қана шешім қабылдайды. Демек мұндай отбасын шығару процесі анағұрлым күрделі және барлық заңды рәсімді қатаң сақтауды талап етеді, – деді ШҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Алмаз Төкенов.

Дегенмен заңгерлер пікірінше, түптің түбінде шешім бәрібір үй иесінің пайдасына шығарылады.

 

Жалдау шартын жасасқан жөн

Заңгерлердің айтуынша, пәтерді жалға беру кезінде екі жақтың да мүддесін қорғаудың ең тиімді жолы – дұрыс жасалған жалдау шарты. Көптеген жалға алушы мен риелторлар бұл мәселеге бас қатырмай, интернеттен дайын үлгілерді көшіріп алады. Алайда мұндай үлгілерде пәтер иесі мен жалға алушы арасындағы қарым-қатынасты реттеуге қажет барлық тармақ бола бермейді.

– Шарт жасаудағы жиі кездесетін қателік – пәтердің қандай күйде тапсырылатынын көрсетпеу. Үй иесіне өзін қорғау үшін пәтердің жағдайын, ішіндегі жиһаз бен тұрмыстық техниканы нақтылап, толық жазып қойған дұрыс. Сондай-ақ тараптардың жауапкершілігін де толық көрсету қажет: қандай жағдайда, қандай зиян үшін. Шартты бұзу тәртібі де міндетті түрде болуы керек. Бұзу туралы ескерту алдын ала, жазбаша түрде берілуі тиіс. Бұл екі жақ үшін де әділетті, – деді Галина Хван.

Дау-жанжалдардан алдын ала сақтану үшін шартта темекі шегу, үй жануарларын ұстау, бөгде адамдардың пәтерде тұруы, үй иесінің келу жиілігі сияқты талаптарды алдын ала жазып қойған жөн. Мамандар пәтерге кіретін адамның несие тарихын да тексеруге кеңес береді. Өйткені ол бұрыннан қарыз жинауға бейім адам болуы мүмкін.

Барлық ұсақ-түйекке дейін ойластырылған шартты дұрыс құрастыруға заңгерлер көмектесе алады. Бірақ мұндай маманды жалға алушының өзі іздеуі керек. Өскеменде пәтер мәселесіне қатысты арнайы кеңес беретін орталықтарды интернеттен табу мүмкін емес.

Қосымша қорғаныс шарасы ретінде жалдау шартын нотариуста тіркетуге болады. Дегенмен жергілікті халық бұған сирек барады, өйткені нотариус қызметі ақылы.

– Риэлторлар ұсынатын дайын үлгілер көбіне жалдаған жақтың пайдасына жұмыс істейді. Оның үстіне олардың көбі – арнайы білімі жоқ адамдар. Заңның қыр-сырын түсінбейді. Ал нотариус екі тарапқа да олардың құқықтары мен шарттың салдарын түсіндіреді. Өйткені ол заң бойынша осы құжаттың құқықтық салдары үшін жауап береді. Бірақ адамдар ақша үнемдеуге тырысады. Қысқа мерзімге жалдауда бұл тиімсіз көрінеді, – деді ШҚО аумақтық нотариаттық палатасының төрағасы Жанна Бидельманова.

Ал шарттың қандай нысанда жасалатынын таңдау – тараптардың өз еркінде. Ең бастысы – басынан бастап жанжалға себеп болатын тұстарды болдырмауға тырысу.

 

Кіріс пен шығыс

Пәтерді жалға беру қосымша табыс әкелгенімен, белгілі бір қаржылық шығындарға да себеп болуы мүмкін. Мадина есімді Өскемен тұрғыны әжесінен мұраға қалған пәтерді бірнеше жыл бойы жалға беріп келеді. Оның айтуынша, ең ұқыпты әрі жауапкершілігі бар жалға алушылардың өзі мүлікке аз да болса зиян келтіреді.

– Түрлі жағдайға дайын болған жөн. Өзінікі емес болған соң, адамдар біреудің дүниесіне аса ұқыптылықпен қарай қоймайды. Ұзақ уақыт қолданған соң жиһаз тозып, жарамсыз болып қалады. Бірақ оны оңай ауыстыруға болады. Тәжірибелі жалға берушілер қымбатқа түспес үшін көбіне қолданылған заттарды сатып алады. Ал ұзақ уақыт жалдағаннан кейін еден мен қабырғаны жөндеуге тура келеді. Мысалы, таныстарымның жалға алушылары кеткен соң барлық тұсқағазды қайтадан ауыстырған. Егер жалға алушылар екі жылдан артық тұрса, шығынның бір бөлігі ақталады. Сондықтан пәтерге кімді кіргізетініңді жақсылап ойлау керек. Біз жалға алушылармен алдын ала әңгімелесіп барып, шешім қабылдаймыз. Жалға алушы пәтерді таңдайды, ал пәтер иесі – жалға алушыны. Бұдан бөлек, жазбаша келісімшарт болуы тиіс. Оның үстіне қазір салық органдарына тіркеу жүріп жатыр. Ал келісімшарт екі жақтың да мүддесін қорғайды, – деді Мадина.

Қорыта айтқанда, пәтерді жалға беру – мүдде мен сенім арасындағы тепе-теңдік. Үй иесі мүлкін сақтап, тұрақты табыс тапқысы келеді, ал жалға алушы жайлы әрі тыныш өмір сүруді қалайды. Барлық мәселені шешетін әмбебап тәсіл жоқ. Бірақ ұсақ-түйекке мұқият болу, жазбаша келісімшартқа отыру және бір-біріне құрметпен қарау талай жанжалдың алдын алары анық.

 

Аянат МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив