A+ A A-

talgatzhan 45 Бүгін, 10:00 0

Қазақтың күнбағыс майы әлемдік нарықты қалай жаулап жатыр

Бүгін / Республика

2024 жылдың қорытындысына қарасақ, Қазақстан күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі ТОП-10 елдің қатарына еніп, 8-орынға тұрақтаған. Әйтсе де елімізде күнбағыс өсіру табысты кәсіпке жата ма, болашағы бар бағыт па? Осы жөнінде Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы талдау жасады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Май экспорттау 4,8 есе артқан

Қалай алғанда да еліміз майлы дақыл өнімдерінің әлемдік нарығында позициясын нығайтып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, кейінгі үш жылда елімізде күнбағыс майын өндіру көлемі 2,5 есеге, ал экспорты 4,8 есеге көбейген. Қапталған май импорты керісінше 11%-ға азайған екен.

2024 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда күнбағыс майының экспорты 31%-ға өсіп, 364,5 мың тоннадан 476,5 мың тоннаға жетті. Экспорттың басым бөлігі Өзбекстан мен Қытайға бағытталған, одан кейін Тәжікстан, Ауғанстан, Латвия, Иран және Қырғызстан тұр.

Тәжікстан Қазақстаннан май сатып алатын елдер қатарына биыл ғана қосылды. Қаңтар-сәуір айларының аралығында бұл елге 4,4 мың тонна күнбағыс майы жіберілген.

Қазақстан Республикасының «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, еліміз ауыл шаруашылығының майлы дақылдар саласындағы экспорттық жоспарды толық орындап үлгерген. 2023 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнімдердің үлесін 70%-ға дейін арттыру міндетін жүктеген еді. Сонымен қатар 2025 жылға дейін шикізаттық емес тауарлардың экспортын екі есеге көбейту жөнінде тапсырма берген.

– Біз бұл көрсеткішке 2024 жылы-ақ қол жеткіздік. Егер 2020 жылы елімізде тоңмай, май өнімдерінің экспорты 500 мың тоннадан сәл асса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 млн тоннадан асып кетті. Яғни, біз тоңмай, май өнімдерінің экспортын физикалық көлем жағынан да, валюталық түсім бойынша да екі есе арттырдық, – деді Ядыкар Ибрагимов.

Сарапшының айтуынша, 2023 жылы күнбағыс тұқымын сыртқа шығаруға 20% көлемінде, бірақ әр тоннаға кемінде 100 еуро болатын экспорттық баж салығы енгізілді. Осы сәттен бастап сала қарқынды дами бастаған. 2024 жылы Қазақстан күнбағыс майын жеткізуде әлемдік ондыққа енді. Қазір баж салығына қарамастан, Қытай бағытына күнбағыс тұқымын экспорттау жалғасып жатыр.

Былтыр отандық күнбағыс майын өндіру көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 18,3%-ға артқан, яғни, 534,2 мың тоннадан 632,2 мың тоннаға дейін өсті. Ал биыл қаңтар-мамыр аралығында бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,7%-ға өсіп отыр. Нақтырақ айтсақ, 274,7 мың тоннадан 331,5 мың тоннаға жетті.

Мұндай өсім елімізде күнбағыс егуге арналған алқаптардың ұлғаюымен де байланысты. 2024 жылы майлы дақылдардың егіс көлемі 2 898 мың гектарға дейін артты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өткен жылы жалпы өнім көлемі 3 337 мың тоннаны құрап, орташа өнімділік 12,2 ц/га болды. Ал алдыңғы 2023 жылы бұл көрсеткіш 2 184 мың тонна болса, өнімділік – 8,8 ц/га ғана еді. Ресми деректерде биыл майлы дақылдардың егіс алқаптары 3,4 миллион гектарға жеткені көрсетілген.

Қазақстанда өндірілген өсімдік майларының экспорты 2024 жылы 27,1%-ға өсіп, 509 млн долларға барды.

Күнбағыс қалдығын экспорттайтын ТОП-3 ел

Күнбағыс майының қалдығы да біршама пайдаға жарайды. Майды сығып алғаннан кейін ақуызға бай қалдық қалады. Оны мал мен құсқа азық ретінде жаратуға болады. Бір сөзбен айтқанда, жем де өндіре аламыз.

Қазақстан тек өз қажеттілігін ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия елдерін де күнбағыстан шыққан жеммен қамтамасыз етіп отыр. Еурокомиссияның деректеріне қарасақ, Қазақстан күнбағыс қалдығын Еуропалық одақ елдеріне экспорттау бойынша ТОП-3 елдің қатарына енген. Бұны да ауыз толтырып айтар жетістікке санаймыз.

Күнбағыс өсіру шаруаларға тиімді ме?

Әлемдік нарықтағы сұранысты ескерсек, майлы дақылдарды өсіру қазір өте тиімді сала саналады. 2024 жылы Қазақстанда 1,8 млн тонна күнбағыс жиналды, бұл әлемдегі өнімнің шамамен 4%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Ресей, Украина, Еуропалық одақ және Аргентинадан кейін 5-орында тұр.

Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, қазір фермерлердің басым бөлігі майлы дақылдарға, соның ішінде күнбағысқа бет бұрып жатыр.

– Маусым басында күнбағыс тұқымының тоннасы шамамен 160 мың теңге болса, көп өтпей 270 мың теңгеге жетті. Ішкі нарықтағы сұраныс фермерлерге бәсекеге қабілетті баға ұсынып, өнімін тиімді өткізуге және дақылды басқа ауылшаруашылық өнімдерімен салыстырғанда әлдеқайда табысты етуге мүмкіндік береді. Фермерлердің өздері күнбағысты өсімдік шаруашылығындағы ең табысты дақыл деп есептейді, – дейді «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының» төрағасы.

Экономикалық тиімділік

Қазақстандық фермерлер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы жылдары майлы дақылдарға арналған егіс көлемін 3,9 млн гектарға дейін ұлғайтып, өсімдік майын өндіруді 2030 жылға қарай 1,2 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта айналым қаражатын шикізат сатып алуға бөлу және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланыпты.

Еліміз осылайша алдағы 3-5 жылда күнбағыс майын экспорттаушы елдер арасында әлемдегі үздік үштік қатарына қосылуды мақсат етіп отыр.

Ядыкар Ибрагимов елімізге импортталатын тоңмай, май өнімдерінің көлемі туралы да айтып берді. Оның мәліметінше, жыл сайын әлем елдері шамамен 43 млн тонна тоңмай, май өнімдерін импорттайды. Бұл – Қазақстанның өткен маусымда экспорттаған көлемінен 42 есе көп.

– Мысалы, Қытай жыл сайын шамамен 18 млн тонна өсімдік майы мен қалдығын сатып алады. Орталық Азия нарығы Қазақстан мен Ауғанстанды қоспағанда жыл сайын шамамен 1,5 млн тонна өсімдік майы мен қалдығын тұтынады. Иран нарығы жылына шамамен 3,5 млн тонна өсімдік майы мен қалдығын импорттайды. Ал Еуропа елдері жыл сайын шамамен 20 млн тонна қалдық, яғни, жем сатып алады. Мұның барлығын қосқанда 43 млн тонна көлем шығады. Осының бәрі Қазақстан үшін орасан зор экспорттық әлеует барын көрсетеді, – деді ол.

Ибрагимовтың айтуынша, Қытай бағыты бойынша Қазақстанның үлесі 2%-дан да аз. Төмен көрсеткіш екені түсінікті. Дегенмен сарапшылардың болжауынша, алдағы бірнеше маусымда еліміз бұл үлесті бірнеше есеге арттыра алады.

Өсімдік майы мен қалдық экспортынан бөлек, отандық өндірушілер терең өңдеумен де айналыса бастады. Сарапшы қазір Қазақстанда май рафинациясы бойынша жобалар қолға алынып жатқанын тілге тиек етті.

– 2025 жылдың соңына дейін қуаттылығы жылына 231 тонна болатын екі рафинация жобасын іске қосу жоспарланған. Рафинация елімізге қапталған май көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай өнім экспортқа жақсы өтеді. Өндіріс көлемі артқан сайын экспорт та ұлғаяды. Мысалы, Ауғанстан, Түрікменстан, Қырғызстан сияқты елдер көбіне дайын өнім сатып алады, – деді сарапшы.

Терең өңделген өнімдер, мысалы, тоңмай, спредтер, маргарин өндіру туралы айтатын болсақ, «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығы» бұл бағытта Қазақстан үшін қосымша нарықтар ашылады деп сеніп отыр.

– Күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде 8-орынға жайғасуымыз – халықаралық деңгейде мойындалу. Бірақ біз үшін бұл шегі болмау керек. Біз күнбағыс майын экспорттайтын елдер арасында ТОП-3-ке енуді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін бізде барлық ресурс бар, өйткені қазір республика бойынша күнбағыс егуге жарамды жер көлемі 4 млн гектардан асады. Жылына 1,7-1,8 млн тонна май өндіруге мүмкіндік береді. Егер біз соның 1,5 млн тоннасын экспорттай алсақ, әлемдегі ТОП-3 көрсеткішіне жетеміз. Бірінші орында Украина, ал екінші орында Ресей екені белгілі. Енді Қазақстан үздік үштікке шығуы мүмкін, – деп қорытындылады сарапшы.

Жалпы, тоңмай, май саласы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі ең маңызды әрі болашағы бар бағыттардың бірі саналып отыр. Бұл сала жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс пен шикізаттық емес өнім экспортының артуына ықпал етіп, ел экономикасына елеулі демеу көрсетуі мүмкін.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив