
Тұрғын үйдегі тәртіп: Көпқабатты үй тұрғындарына не үшін айыппұл салуы мүмкін?
Көппәтерлі үйде әркім тек өзі үшін ғана емес, аула үшін де жауап береді. Көршілер подъезде велосипедтерді орнына қоймай, қоқысты сұрыптамай жүр ме? Түнде шулап, домофон арқылы сіздің пәтеріңізге қоңырау соға ма? Мұның бәрі – айыппұл салуға себеп болуы мүмкін. ШҚО Полиция департаменті мен Өскемен қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі мамандарынан көпқабатты үйлерде не істеуге болмайтынын және ережелерді бұзушыларды қандай салдар күтіп тұрғанын біліп көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Дыбысты барынша қатты қою, көршілер арасындағы дау-жанжалдар, иттердің үздіксіз үрген дауысы, пәтерден шығатын жағымсыз иістер – бұл бәрімізге таныс дүниелер. Тұрғындардың сұрауларына жауап бере отырып, ШҚО Полиция департаментінің өкілдері көпқабатты үйлерде тұру мәдениеті мен заң талаптарын нақтылап берді.
Заңға сәйкес, келесі әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген:
тыныштықты сақтамау (ҚР ӘҚБтК 437-бап);
қоқысты бейберекет тастау (505-бап);
үйді заңсыз қайта жоспарлау;
ортақ мүлікті бүлдіру;
өрт қаупін туындату.
- Біздің үйде балконға әртүрлі заттарды сақтау бойынша жиі жанжал шығады. Балконда жиһаз, спорттық құрал-жабдықтар мен көлемді заттарды сақтау заңды ма?
(Ғалымжан)
- ШҚО Полиция департаменті балконда келесі заттарды сақтауға болатынын хабарлайды:
Жиһаз (орындықтар, шағын шкафтар);
Велосипедтер, самокаттар, спорттық жабдықтар;
Маусымдық заттар (шаналар, дөңгелектер, жасанды шыршалар және т.б.);
Ал балконда келесі заттарды сақтауға тыйым салынады:
Жанғыш немесе жарылғыш заттар (бензин, газ баллондары, бояулар, еріткіштер);
Құрылыс қоқыстары мен қалдықтары;
Шығу жолдарын жауып, қауіпсіздік талаптарын бұзатын заттар;
Ғимараттың сыртқы келбетіне зиян келтіретін заттар.
- Көршінің балконында жиналған қоқыс пен қауіпті заттар туралы полицияға шағымдануға бола ма? Басқа да көпқабатты үйдің тұрғындарымен сотқа жүгінуге бола ма?
(Әсел)
- ШҚО Полиция департаментіндегілер түсіндіргендей, көршілердің балконындағы қоқысқа қатысты шағымдарды учаскелік инспекторлар немесе ПИК/МИБ қабылдай алады. Ұжымдық өтінішті жергілікті әкімдікке немесе сотқа да жіберуге болады.
- Көппәтерлі үйде тыныштықты бұзу туралы тұрғындар шағымдана ала ма?
(Назерке)
- Иә, тұрғындар тыныштықты бұзу фактілеріне шағымдана алады. Бұл ҚР ӘҚБтК 437-бабында бекітілген. ШҚО Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, тыныштықты бұзу болып саналатын уақыт:
Жұмыс күндері – 22:00-ден 09:00-ге дейін,
Демалыс және мереке күндері – 23:00-ден 10:00-ге дейін.
Ерекше жағдайлар – бұл шұғыл немесе апаттық жөндеу жұмыстары.
- Егер көршінің иті үнемі ұлып, үріп тұрса, оған жауапкершілік қарастырылған ба?
(Айдос)
- ШҚО Полиция департаменті түсіндіргендей, ит иелері келесі үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін:
Түнгі уақытта иттің үруі немесе ұлуы тыныштықты бұзса (ҚР ӘҚБтК 437-бап);
Егер ит кедергі келтірсе немесе агрессивті болса – үй жануарларын ұстау ережелерін бұзғаны үшін (ҚР ӘҚБтК 407-2-бап).
- Түн ортасында домофон арқылы көршілердің пәтеріне қоңырау шалып, подъезде айқайлап, шу шығаратын тұрғындарды әкімшілік жауапкершілікке тартуға бола ма?
(Сәния)
- Иә, подъезде тұрғындардың тыныштығын бұзып, домофонмен мазаласа (айқайлап сөйлеу, шу шығару, есіктерді тарсылдату, музыка қосу және т.б.), мұндай азаматтар ҚР ӘҚБтК 437-бабына (тыныштықты бұзу) немесе 434-бабына (ұсақ бұзақылық) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
- Тыныштықты бұзғаны үшін нақты қандай айыппұл қарастырылған?
(Ясмина)
- ҚР ӘҚБтК 437-бабына сәйкес, тұрғындар түнгі уақытта шу шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарға шағымдана алады.
437-бап. Тыныштықты бұзу
Түнгі уақытта (жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін) тұрғын үйлерде және олардың маңындағы аумақтарда музыкалық, тұрмыстық шу шығару арқылы (шұғыл жағдайлардан басқа) адамдардың демалуына және тыныштығына кедергі келтіру төмендегідей айыппұлдарға әкеледі:
Жеке тұлғаларға – 5 АЕК;
Шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК;
Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК;
Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК;
Бір жыл ішінде қайта жасалған дәл осындай құқық бұзушылық:
Жеке тұлғаларға – 10 АЕК;
Шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40 АЕК;
Орта кәсіпкерлікке – 60 АЕК,
Ірі кәсіпкерлікке – 150 АЕК.
- Подъездерде және баспалдақ алаңдарында арбалар, велосипедтер, шаналар, самокаттар, жиһаздар және үлкен гүл құмыраларын сақтауға бола ма? Осы үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?
(Расул)
- ШҚО Полиция департаменті хабарлағандай, подъездерде және баспалдақ алаңдарында жеке заттарды сақтауға тыйым салынады. Бұл өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға байланысты (ҚР ӘҚБтК 410-бап). Егер әңгіме шағын көлемдегі заттар туралы болса және олар қауіпсіздік талаптарын бұзбаса, онда тұрғындар жалпы жиналыс өткізіп, мұндай заттарды сақтау туралы бірлескен шешім қабылдауы керек. Мысалы, егер тұрғындардың ешқайсысы гүл құмырасына немесе баланың самокатына қарсы болмаса – бұл шешімді жалпы жиналыс хаттамасына енгізу қажет.
- Егер көршілер шатырды жөндеуге ақша жинаудан бас тартса, не істеу керек? Олар «біз екінші қабатта тұрамыз, бізге су өтпейді» дейді. Дәл солай бірінші қабатта орналасқан дүкен иелері де айтады. Алайда шатыр – ортақ меншіктегі құрылым, ал ондағы тесіктер - тек бесінші қабат тұрғындарының емес, бүкіл үйдің мәселесі. Бұл туралы заңда не айтылған?
(Ләйлә)
- ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 32-бабында былай деп жазылған: «Пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері кондоминиум нысанының ортақ мүлкін ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға міндетті,
соның ішінде ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді де қамтиды». Яғни, шатырды қалпына келтіру – жалпы ортақ жауапкершілік.
- Көппәтерлі үйлерде көршілердің қандай әрекеттеріне қатысты ең жиі шағымдар түседі?
(Мәриям)
- ШҚО Полиция департаментінен мәлім еткендей, келесі жағдайлар бойынша жиі шақыртулар түседі:
Қатты музыка қою және жанжал шығару;
Иттердің үріп мазалауы;
Ортақ аумақтарды қоқыспен толтыру;
Темекі шегу мен тамақтың иістерінің таралуы;
Белгіленбеген уақытта жүргізілетін жөндеу жұмыстары.
- Пәтерді қайта жоспарлау үшін айыппұл салынуы мүмкін бе?
(Дамир)
- Ғимараттың немесе құрылыстың жекелеген бөліктерін қайта жабдықтау (қайта жоспарлау, қайта құру), егер бұл тірек және қоршаушы құрылымдарды, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге әсер етпесе, тек мемлекеттік сәулет, қала құрылысы және құрылыс нормаларына сәйкес жасалған техникалық жоба негізінде жүргізілуі тиіс. Бұл жобаны тек тиісті лицензиясы бар мамандар жасауы керек. Қарапайым тілмен айтқанда: қайта жоспарлау тек арнайы техникалық жобамен ғана жасалуы керек. Егер тірек конструкцияларына немесе инженерлік жүйелерге араласатын болса, міндетті түрде жоба және рұқсат алу қажет. Олай болмаған жағдайда айыппұл салынып, бастапқы қалпына келтіру талабы қойылуы мүмкін.
- Көршілер арасындағы дау-дамайды қалай шешуге болады және ол бойынша қайда шағымдану керек?
(Серік)
- Егер айқын заң бұзушылық орын алса, келесі мекемелерге жүгінуге болады:
Учаскелік полиция инспекторы(оның байланыс нөмірлері әдетте подъезд немесе баспалдақ алаңында көрсетіледі;
Өз ПИК-іңізге (КСК) немесе ОСИ-ге;
Сотқа (егер заң бұзушылық жүйелі түрде немесе аса ауыр сипатта болса).
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер