Шығыс Қазақстан облысында қытайлық туристік компаниялардың өкілдерімен кездесу өтіп, туризм саласындағы екіжақты әріптестік жайы талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы туристік компаниялардың өкілдерімен кездесті. Мұндағы мақсат – трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту және туризм саласындағы екіжақты байланысты нығайту.
«2025 жылы Қытайдың Қазақстандағы туризмі жылы өтеді. Соған жан-жақты дайындық жүргізіп жатырмыз. Қытайлық туристердің қызығушылықтарын зерттеп шықтық. Қазақстандағы әсем табиғаттың 47 пайызы ШҚО-да шоғырланған. Мұнда тау да, су да, орман да бар. Сол үшін көрші елден келгісі келетіндер көп болады деген ниеттеміз», - дейді Ардақ Мәдиев.
Бір жылда Қытайдан әлемнің әр түкпіріне 150 млн турист саяхатқа шығады екен. Ал Шығыс Қазақстанның туристік нысандары бір мезетте 20 мың туристті қабылдай алады.
«Туристер үшін демалыстың сан алуан түрін ұсынбақпыз. Жеке және топтық турлар болады. Бір топтық турда 30-35 адам қамтылады. Ал облыстағы туристік объектілер модернизациялаудан өткен соң бұл санды көбейтуге болады. Қытай елімен де бірлесіп түрлі ауқымды жобаларды қолға алғымыз келеді», - дейді ШҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы.
Шығыс Қазақстан мен Алматы қаласы ортақ турпакет әзірлеп жатыр. Сол арқылы турист бірінші Алматыға келіп, сосын ШҚО-ны тамашалай алады. Осылай бір сапарда Қазақстанның екі көрікті өңіріне барады.
«Біз қысқы туризммен айналысамыз. Өзім бұрын Шығыс Қазақстанда жұмыс істегенмін. Сол үшін бұл жақ маған ыстық. Өлкенің тарихы терең, табиғаты сұлу. Қытайда халыққа жарнама жасап, туристерді осында тартып жатырмыз. Мысалы, Алтай аймағында 3 үлкен тау шаңғысы курорты бар. Соларға жыл сайын 150 мың адам барып демалады. Солардың біразын ШҚО-ға жіберуге болады, - дейді Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы туристік компаниялардың бірінің өкілі Го Шаоцзян.
Пікірлер