
ШҚО-да шомылуға рұқсат берілген жағажайлар саны нешеу?
Айта кетерлік жайт, демалушылардың қауіпсіздігі демалыс базасы қожайындарының жауапкершілігіне кіреді. Шомылу маусымы басталмай тұрып, Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінен рұқсат алып, жағалауда құтқарушылар кезекшілігі ұйымдастырылуы қажет, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тыйым салынған төрт жер
Ресми ақпаратқа сенсек, өңірде барлығы 25 суға түсуге арналған жер бар. Ал құтқарушылар «бармаңыздар» деп тыйым салған 10-20 емес, 74 орын бар. Бірақ кімде-кім оны елемей, өз әлеуетін тым жоғары бағаласа, айыппұл арқалауы мүмкін. Қазір солардың бірнешеуіне қысқаша тоқтала кетпекпіз. Себебі, Риддер тұрғындарының біршамасы басқа ауданға, басқа жақтағы су қоймаларына да барып демалуы мүмкін жазда. Алдымен Өскеменге тоқталайық.
Облыс орталығында ресми тек екі жағалау бар. Бірі – Солжағалау кешеніндегі «Көгілдір бұғаз», екіншісі «Самал» паркіндегі Ертіс өзені. Ол жерде өзеннің әр тұсына шомылуға рұқсат беретін жерді көрсететін белгілер қойылған. Кейбірі оны буйка деп атайды. Судың түбі тексерілген, жағалауында құтқарушылар жүреді. Кенді емес материалдар комбинатындағы жағалауда абаттандыру жалғасып жатса да, әзірге шомылуға тыйым салынып отыр. Естеріңізде болса, маусым туа рұқсат берілмеген жерде сүңгіген жігіт батып кеткен еді. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері ақпаратынша, кейбір жағалауда тексеріс жүргізіп, қауіпті-қауіпсіз еместігін анықтау мақсатында әзірге қоңыраулар мен өтінімдер түспеген.
Сонда Өскеменде нақты қай жерлерде шомылуға түбегейлі тыйым салынған? Ең біріншісі, ГЭС маңындағы Ертіс өзені. «Колос» саяжайы мен Сол жағалау жақ та тізімде бар. Студенттер жақсы білуі тиіс, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ артында ағынды су бар. Сол, одан бөлек, Самар тасжолы, Лесхоз кенті және Бабкина Мельница маңына барып шомыламын деген ескертуге құлақ асулары тиіс.
Бұқтырма су қоймасында ресми әрі тексерілген жағажайлар Алтай ауданына қарасты Прибрежный және Жаңа Бұқтырма кентінде, Үлкен Нарын ауданына қарасты Приморск ауылында бар. Одан бөлек, Құйған ауылындағы (Күршім ауданы) «Серп и молот» жағажайын, Ұлан ауданындағы Манат ауылы аумағындағы өзенді мысал етуге болады.
Самар ауданында ондай бес жерді атап өтуге болады. Соның бірі, Көкжыра ауылынан сегіз шақырым жердегі «Ескі жағажай», Миролюбовка маңындағы станция түбі, Құлынжон ауылының шығысындағы айлақ маңындағы жағажай, ескі пирс және Сарыбел ауылындағы бұғаз. Осы жазылғандардың соңғы үшеуінде ерекше мән беретін жайт бар. Су түбіне сүңгимін деген адамға өте қауіпті, бетон және металл құрылысының қалдығы бар. Сол үшін аталған жерлерде су бетінде қалқып тұрған белгілерге қарап барып шомылуға болады. Жалпы, Самар тұрғындары мен қонақтарында бұлардан өзге, Лайлы, Ешкібай су қоймаларына барып сергіп қайту мүмкіндігі бар.
Зайсан көлінде жағажай өзі аттас Зайсан қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан. Мамандар осы бір жерді ғана атап өтті. Енді Риддерге тоқталайық. Мұнда да тізімге енген тек бір орын бар: Гавань ауданындағы Журавлиха өзені. Есесіне, тыйым салынған орын көп. Нақты айтсақ:
• 1-ші аудандағы сарқыраманың төменгі жағында орналасқан Тихая өзені;
• Автокөлік және теміржол көпірлері ауданындағы Үлбі;
• Гавань ауданындағы Быструха және Журавлиха өзендерінің қосылған тұсы;
• Шаравка өзені.
Алтай ауданында да адамдар абайлауы тиіс бірнеше жер бар: Бұқтырма, Хамир, Березовка, Крестовка, Тұрғысын өзендері. Онымен қоса, Жаңа Бұқтырма кентіндегі Мәдениет сарайы артындағы су тоғаны, Алтай қаласы мен Парыгино ауылынан бір шақырым жердегі котлован, сондай-ақ Октябрьск кентіндегі тоған.
Шемонаиха ауданы тұрғындарының жолы болмапты бұл жағынан. Ол жақта рұқсат етілген бірде-бір жағажай жоқ. Верх Уба ауылы жақтағы Үбі, Камышинка, Волчанка, Большая Речка және Усть-Таловка кентінде шомылуға рұқсат жоқ. Айтпақшы, жуықта ғана Шемонаиха ауданында зейнеткер суға батып кеткен болатын.
Алты адам ажал құшты
Өскеменнен ұзап шыққан адам Ұлан ауданы аумағындағы өзен-көлдерге асығады. Біріншіден, жақын, екіншіден, жыл өткен сайын туристер үшін қолайлы етіп дайындауда. Сартымбет, Сібе көлдері (Төртқара, Шалқар, Қоржынкөл, Садыркөл), Қалба жотасының солтүстік беткейінен басталып, Ертіс өзеніне сол жағынан құятын Тайынты өзені, Жоғарғы Тайынты маңындағы Шыбындыкөл, Гагарино елдімекені артындағы Дұбығалы көлі және Мамай батыр ауылы маңындағы су қоймасы.
Айта кетерлік жайт, демалушылардың қауіпсіздігі демалыс базасы қожайындарының жауапкершілігіне кіреді. Шомылу маусымы басталмай тұрып, Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінен рұқсат алып, жағалауда құтқарушылар кезекшілігі ұйымдастырылуы қажет. Жалпы алғанда, сақтық шараларына қаперден шығармаса, демалыс базаларында суға түсу қорқынышты емес. Не шаралар деген сұрақ болуы мүмкін. Олар:
Мас күйде суға түсу;
Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру;
Арнайы жилет кимей қайыққа отырып серуендеу;
Қайық немесе катамараннан суға секіру.
Осы сияқты оқыс әрекеттер келеңсіздікке әкелуі мүмкін. Айтпақшы, ресми жағажайларда скутермен қыдыруға тыйым салынған. Осы жерде оқырман тарапынан «рұқсат етілмеген жерде шомылғаны үшін қандай шара қолданылуы мүмкін?» деген сауал қойылатыны заңдылық.
– Әкімдік өкілдері берген тізім бойынша жұмыс істейміз. Онда тыйым салынған және рұқсат етілген жерлер тізімі бар. Алғашқысы бойынша суға түскені үшін айыппұл саламыз, ал екіншісінде суға түсу талаптарын бұзғаны бойынша айыппұл салынады. Шомылуға болмайтын жердің бәріне барып, тексеріп жүру мүмкін емес, Егер терең әрі ағысы қатты жерде суға түскің келсе, өз өміріңді қатерге тігіп тұрғаныңды түсінуің керек. Ойлы-қырлы жерді таңдағанша, қауіпсіз орынға барған жөн ғой? – делінген Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.
Шомылу маусымы басталғалы облыс көлемінде төрт адам суға кетті. Екеуі – жасөспірім. Ал батып бара жатқандарды құтқарамын деп ұмтылған екі адам жағаға жете алмай қалды. Сонда барлығы алты адам бақиға аттанды.
Нұрбек АСҚАРОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер