Қазақстандық жолаушылар пойыздардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, вокзалға бармас бұрын жолаушылар пойыздың қай жерде келе жатқанын алдын ала тексере алады. Ол үшін tablo-railways.kz сайтында «Пойыздар қозғалысының онлайн-таблосы» сервисі іске қосылған.
Қызмет арқылы картадан пойыздың нақты орнын көруге, келу және кету уақытын тексеруге, маршрут бойындағы станциялардың тізімін, аялдау ұзақтығын және соңғы станцияға жетудің болжамды уақытын анықтауға болады.
Онлайн-табло әсіресе жолаушылар ағыны жоғары кезеңдерде өзекті. Бұл жолаушыларға вокзалға шығу уақытын дәл жоспарлауға, артық күтуден аулақ болуға және сапарын ыңғайлы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
– Жолаушыларға пойыз қозғалысын алдын ала тексеріп отыру ұсынылады. Бұл әсіресе сапар басқа көлікке ауысумен жалғасатын, вокзалдан жолаушы күтіп алатын немесе әрі қарайғы бағыт алдын ала жоспарланған жағдайда маңызды, – делінген хабарламада.
Сервисті пайдалану үшін tablo-railways.kz сайтына кіріп, картадан қажетті пойызды таңдау жеткілікті. Сондай-ақ онлайн-таблоға bilet.railways.kz ресми сайты арқылы да өтуге болады.
Қызмет жолаушылар пойыздарына орнатылған GPS-трекерлердің деректері негізінде жұмыс істейді. Ақпарат автоматты түрде «Жолаушылар тасымалы» АҚ Ахуалдық орталығына жіберіліп, құрамдардың қозғалысы тәулік бойы бақыланады.
Пікірлер